18.04.2026
11:00
165
Жаңалықтар

Слингбэк қайта трендте: стильді образ қалай жасауға болады?

Сән әлемінде үшкір тұмсықты туфлилер трендтен қалар емес. Соның ішінде слингбэктер биыл да көш бастап тұр. Артқы жағы ашық, жұқа белдігі бар бұл аяқ киім әрі ыңғайлы, әрі сәнді. Оны көктемнің алғашқы жылы күндерінен бастап, жазда да, тіпті ерте күзде де еркін киюге болады.

Слингбэк аяқ киімі қалай трендке айналды?

Слингбэк – жай ғана аяқ киім емес, өзіндік тарихы бар ерекше модель. Ол алғаш рет 1940-жылдары пин-ап стилінің ықпалымен пайда болған. Сол кезеңдегі батыл образдағы қыздар қысқа белдемше мен дене бітімін айқындайтын блузалар киіп, образын ашық өкшелі туфлимен толықтырған. Ол кезде мұндай аяқ киім батылдықтың белгісі саналған. Кейінірек, араға он жыл салып, Коко Шанель бұл үлгіні жаңа деңгейге көтерді. Оның екі түсті слингбэктері сән тарихында классикаға айналып, бүгінге дейін өзекті болып келеді.

Фотода Коко Шанель 

Слингбэкті қалай таңдаймыз?

Қазіргі таңда трендтегі слингбэктерді таңдауда бірнеше маңызды нәрсеге назар аудару керек. Ең алдымен, тұмсығы – үшкір немесе сәл домалақ болғаны дұрыс. Ал толық дөңгелек немесе сопақша үлгілер образды жеңілдетіп жібереді, әрі ұзын киімнің астында көзге түспей қалады. Каблукқа келсек, өкшесі тым қалың болса, образды дөрекі етіп көрсетуі мүмкін. Оның орнына нәзік kitten heel немесе классикалық биік өкше әлдеқайда үйлесімді көрінеді. Тағы бір маңызды деталь – белдігі. Ол міндетті түрде жіңішке болуы керек. Кең белдік аяқ киімді ауырлатып, бүкіл образдың нәзіктігін жоғалтады.

botik35.ru

Слингбэкті немен үйлестіреміз?

Слингбэктердің тағы бір артықшылығы – оларды түрлі киіммен оңай үйлестіруге болады. Әсіресе ұзын көйлекпен, белдемшемен немесе кең балақты шалбармен жақсы жарасады. Ал қысқа ұзындықтағы киім таңдасаңыз, өкшесі тым аласа болмауына мән беріңіз. Әйтпесе аяқ пропорциясы бұзылып көрінуі мүмкін. Тар, денеге жабысып тұратын шалбармен үйлестіру қиындау. Мұндайда образды теңестіру үшін үстіне кең пішінді жейде немесе oversize пиджак киген дұрыс.

thesymbol.ru

Слингбэк пен шұлық: қалай дұрыс киеміз?

Слингбэкті шұлықпен киюге бола ма? Әрине, болады. Бірақ мұнда да бірнеше ереже бар. Мысалы, ақшыл сары түстен бас тартқан жөн, оны образға сәтті үйлестіру қиын. Оның орнына қара немесе түрлі түсті жұқа шұлықтар әлдеқайда ұтымды көрінеді. Ең жақсы тәсіл – шұлықты аяқ киімнің түсіне жақын таңдау. Сонда аяқ ұзын әрі сымбатты көрінеді. Немесе шұлық пен киімнің төменгі бөлігін бір түске келтіруге болады. Ал егер барлық элементтер әртүрлі түсте болса, киім үйлеспей қалады. Тағы бір есте сақтайтын маңызды жайт – шұлық өте жұқа болуы керек, шамамен 20 Den-нен аспағаны дұрыс. Ал өзгеше стиль жасағыңыз келсе, ұзын шұлық киюге болады.