30.04.2026
16:00
172
Жаңалықтар

Шыны-қаланың шынайы сұлулығы: Астанада қайда серуендеуге болады?

Астанада қала көшелерін емін-еркін аралап, қыдыратын маусым басталды. Ендеше елордада көпшілік біле бермейтін локацияларды ұсынамыз.

Ормандағы велосипед паркі

Алда мерекеге орай демалыс күндері басталады. Қоржалжың тас жолында орналасқан орманда велосипед теуіп, отбасыңызбен қызықты уақыт өткізіңіз. Кіру тегін. Велосипедіңіз болса ала келіңіз, болмаса сол жерден жалға аласыз. Жалдау бағасы 2 мың теңгеден басталады. Жаяу серуендеп, әдемі фотосессия жасауға таптырмас локация. Шай-тамақ апарып, пикник жасауға да болады.

«Теміржолшылар қаласы»

Теміртас Ысқақов Fading Tse жобасының аясында бірнеше жаяу экскурсия өткізеді. Қаланың бізге бәймәлім тұсын көрсетіп, көне аудандарды аралайды. Астананың тарихи-мәдени мұраларын көрсетіп, қаланы жаңаша тануға көмектеседі. Әсіресе, «Теміржолшылар қаласы» экскурсиясында қаладағы алғашқы жоғарғы оқу орнын, Теміржолшылар сарайын, теміржолшылар ауылындағы үйлерді, көне вокзал ауданы мен соның жанындағы алаңды жаяу аралайсыз. Антиквар сататын дүңгіршекке кіріп, Сарыбұлақ өзенінің маңында серуендейсіз. Құры қайтпай, Теміртастың Астана туралы зерттеуін тыңдап, көне қаланың сырына үңілесіз.

«Шыны ішіндегі емес, шынайы Астана»

 Екі ғасырлық тарихы бар қала көшелерін аралағыңыз келсе, тағы да Теміртас Ысқақовтың экскурсиясына жазылыңыз. Отарлау, сталинизм, тың игеру дәуірі мен Астананың алғашқы жылдарынан сыр шертетін ескерткіштерді жақыннан тамашалайсыз. Археолог-зерттеуші Теміртас Ысқақов елорда көшелерін жақсы білгені сондай, сіздерге қаладағы ең тар көшені де көрсетеді. Өзінше вайбы бар экскурсиядан Астананың әйнекпен жасыруға келмейтін тарихын танисыз.

Өнер музейі

фото:Gov.kz

Тарихтан әрі кетпей, Өнер музейі туралы айтайық. Бұл жерде 1600-ден астам ұлттық музыкалық аспап бар. ның ішінде сирек кездесетін және ұмыт бола бастаған көне аспаптар – желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық және тағы басқалар ерекше орын алады. Бұл аспаптардың барлығы мұражай қызметкерлерінің қолымен жасалған. Мұнда ұлттық киімдер мен бас киімдердің бірегей коллекциясы да бар. Бара қалсаңыз, естен кетпес әсер аласыз.

Қала ортасындағы зообақ

Қаланың қым-қуыт тіршілігінен шаршап, отбасыңызға ерекше әсер сыйлағыңыз келсе, Esil Camp-қа барып қайтыңыз. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Ересектерге – 3500, балаларға 2500 теңге төлейсіз. Мұнда қой, ешкі, қоян, түйеқұс, үйрек бар. Балаларға да, сізге де қызық болады. Жануарларды тамақтандырып, лагерь жетекшілері ұйымдастыратын шеберлік сағатына қатысыңыз. Отқа маршмеллоу қуырып, күннің батқанын тамашалаңыз.

Ататүрік саябағында серуендеп, түрік шайын ішіңіз

фото: Gov.kz

Егер Орталық саябақта, Есіл жағалауында серуендеуден жалықсаңыз, Ататүрік саябағына келіңіз. Жақында жөндеуден өткен көпір үстімен жүріп, фотосессия  жасауға болады. Жастардың көңілінен шыққан Gökçen кофеханасынан дәм татып, түрік шайы мен тәттісінің дәмін көріңіз. Құстарды тамақтандырып, өзен бойымен жаяу жүріңіз. Астананың күнбатысы қай локациядан қарасаңыз да, әдемі ғой, солай емес пе?

Президент паркі

Саябақта ығы-жығы халық көп деп жүрсеңіз, Президент саябағына барыңыз. Әдетте мұнда адам аз. Күннің батқанын тамашалауға таптырмайтын орын. Жаяу серуендеуге де, велосипед тебуге де ыңғайлы. Ботаникалық бақтағы «кептеліс» жоқ.

Ботаникалық бақ

фото: Елорда Ақпарат

Иә, Ботаникалық бақта жаяу серуендеп, спортпен шұғылданып, велосипед теуіп, пикник жасауға болады. Бірақ бақ аумағында оранжерея барын біразы білмейді. Жылыжайда лимон, фикус, пальма өседі. Әлемнің түпкір-түпкірінен әкелген 200-ден астам кактустың түрі бар. Гүлдің де, өсімдіктің де түр-түрін табасыз. Балаларға, зейнеткерлерге, жеңілдігі бар адамдарға кіру бағасы – 600 теңге, ересектерге – 1200 теңге. Бірден ескертейін, іші ыстық, тіпті қапырық деуге болады. Сондықтан алдын ала дайындалып барыңыз.  

Егер қала сыртынан әдемі локация іздесеңіз, Балқарағай, Ақкөл, Бурабай жаққа қарай тартыңыз. Табиғатпен үндесіп, құстардың дауысын естіп, сергіп қайтасыз.