«Шындықты жайып саламын»: Роналду ұлттық құрамадан кетті ме?

«Шындықты жайып саламын»: Роналду ұлттық құрамадан кетті ме?

Айзат Айдарқызы
Фото: © Jose Manuel Alvarez Rey / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Криштиану Роналду Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынынан рұқсатсыз кетіп қалды. Әлеуметтік желіде алда «бар шындықты жайып салатынын» жазып, ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді. 

Жағдай неге ушықты?

Иә, бұл ақпарат әлем футболын дүр сілкіндірді. Көпшілік биылғы Әлем чемпионатында Роналдудың Португалиядағы жағдайы «мәз емес» екенін көрді. Дейтұрғанмен 7 нөмірлі сұрмерген әлем біріншілігінде жиі алаңға шыққан-ды. Ал 27 қыркүйек күні Норвегиямен ойында негізгі құрамға ілікпеді. Матч кезінде оның қыздырынып жатқанын кадрда көрсеткенімен, бас бапкер алаңға шығарған жоқ. Осылайша, Криштиану Роналду 2008 жылдан бері алғаш рет ресми кездесуде қосалқы құрамда қалды. Норвегиямен өткен матчтан соң бірден киім ауыстыратын бөлмеге кіріп кеткені тағы бар. 

Кейіннен Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш Роналдуды Норвегиямен кездесудің соңғы 30 минутында алаңға шығаруды жоспарлағанын айтты. Дегенмен Гонсалу Рамуштың ойынына көңілі толған соң, ойыншыны алмастырудың жөні жоғын түсінген. Артынша Роналдумен жеке кездесіп, жағдайды талқылаған көрінеді. Бапкер 30 қыркүйек күні өткен баспасөз мәслихатында  Данияға қарсы ойында Криштианудың алаңға шықпайтынын мәлімдеді. Осы шешімді шабуылшымен бірге қабылдағанын, бас бапкердің шешіміне ешбір ойыншы ықпал ете алмайтынын атап өтті. 

Артынша Роналду Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнсамен сөйлесіп, ұлттық құраманың жаттығу жиынынан кетуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Португалия халқына құрамадан кетуінің себебін түсіндіруге уәде беретінін, «бар шындықты жайып салатынын» жазды. Осыдан кейін футболшының халықаралық мансабын аяқтауы мүмкін деген ақпарат тарады. 

Роналду 6 айға ұлттық құрамадан шеттетіле ме?

Португалия футбол федерациясы Роналдудың Копенгагендегі оқу-жаттығу жиынынан кеткенін растады. Құрама алдағы ойындарға дайындықты қалған 24 футболшымен жалғастырады.

A Bola басылымының жазуынша, Португалия футбол федерациясының тәртіптік регламентінде ұлттық құраманың жаттығуына, матчы немесе басқа да іс-шарасына себепсіз келмеген футболшыға санкция қарастырылған. Мұндай жағдайда ойыншыға 500-ден 1000 еуроға дейін айыппұл салынып, бір айдан алты айға дейін дисквалификация берілуі мүмкін. 

Сонымен қатар регламенттің 160-бабында футболшының ұлттық құрама орналасқан жерінен рұқсатсыз кетуі немесе командадан өз еркімен кетіп қалуы жағдайында уақытша шеттету мүмкіндігі қарастырылған. Алайда Роналдуға нақты қандай да бір санкция қолданылғаны әзірге белгісіз. Бұл федерацияның тәртіптік органдарының шешіміне байланысты болмақ.

Қызыл жейдедегі 23 жыл

Криштиану Роналдудың Португалия құрамасындағы жолы 2003 жылы басталды. Қызығы сол, даңқты ойыншы ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын Қазақстанға қарсы өткізген. 2003 жылғы 20 тамызда өткен матч  1:0 есебімен португалдардың пайдасына шешілді.

Арада бір жыл өткенде Роналду ұлттық құрама сапындағы алғашқы ірі турниріне қатысты. 2004 жылғы Еуропа чемпионаты Португалияда өтті. 19 жастағы футболшы турнирдің алғашқы матчында Грекияға қарсы алаңға шығып, баспен гол соқты. Бұл оның ұлттық құрамадағы алғашқы голы еді. Аталған чемпионатта Португалия финалға дейін жетті. Алайда шешуші кездесуде алаң иелері Грекиядан 0:1 есебімен жеңілді. 

Әлем чемпионатындағы дебют

2006 жылы Роналду Германияда өткен әлем чемпионатына қатысты. Португалия құрамасы жартылай финалға дейін жетіп, 40 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатының үздік төрттігіне кірді. Роналду турнирдегі алғашқы голын Иранға қарсы топтық кезеңдегі матчта пенальтиден соқты. Сөйтіп, ұлттық құрамадан ойып тұрып орын алды. 

Ары қарай  2010 жылы Оңтүстік Африкада, 2014 жылы Бразилияда, 2018 жылы Ресейде, 2022 жылы Катарда, 2026 жылы АҚШ, Мексика және Канада өткен мундиальда да гол соқты. Әсіресе, оның  2018 жылғы әлем чемпионатында жасаған перформансы көптің есінде қалды. Ол Испанияға қарсы өткен кездесуде хет-трик жасап, қос құрама тең тарқасты.

 Ең маңызды трофей

Роналдудың ұлттық құрамадағы ең үлкен жетістігі – 2016 жылғы Еуропа чемпионаты. Португалия топтық кезеңдегі үш матчтың барлығында тең ойнап, келесі кезеңге әрең өтеді. Алайда плей-оффта команда Хорватияны, Польшаны және Уэльсті жеңіп, финалға шығады. 

Финалда Португалия Франциямен кездеседі. Роналду матчтың басында жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болады. Соған қарамастан, ол командаластарына қолдау көрсетіп, жол нұсқайды. Негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталып, қосымша уақытта Эдер Португалияға жеңісті жұлып әпереді. Осылайша, Португалия тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанады. Бұл Роналдудың ұлттық құрамадағы ең басты жетістіктерінің біріне айналады. 

Роналдудың екінші аты – рекорд

Роналду Еуропа чемпионаттарында да бірнеше тарихи рекорд орнатты. Ол Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне алты рет қатысқан алғашқы футболшы болды: 2004, 2008, 2012, 2016, 2020 және 2024 жылдары. Сонымен қатар оның Еуропа чемпионаттарындағы 14 голы –  турнир тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Роналду бұл голдарын бес түрлі Еуропа чемпионатында соқты. 

2024 жылғы Германияда өткен Еуропа чемпионаты оның алтыншы құрлықтық додасы болды. Португалия ширек финалда Францияға пенальти сериясынан жол берді. Роналду турнирде гол соға алмағанымен, Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңінде өткізген матчтар саны бойынша рекордын тағы жаңартты. 

Роналду Португалиямен бірге УЕФА Ұлттар лигасын да екі рет жеңіп алды. 2019 жылы финалға шығып, Португалия Нидерландыны 1:0 есебімен жеңді. Кейін 2025 жылы финалда Испанияны тізе бүкітіріп, еліне трофей сыйлады. Осылайша,  Роналду Португалия құрамасымен Еуропа чемпионатын бір рет және Ұлттар лигасын екі рет жеңіп, ұлттық команда тарихындағы ең табысты кезеңдердің біріне үлес қосты. 

Алты әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы

2026 жылғы әлем чемпионаты Роналду үшін ұлттық құрамадағы кезекті тарихи белеске айналды. Ол 2006, 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы әлем чемпионаттарында гол соққан еді. 2026 жылы бұл көрсеткішін тағы қайталап, алты түрлі әлем чемпионатында гол соққан тарихтағы алғашқы футболшы атанды. 

Өзбекстанға қарсы топтық кезеңдегі матчта Роналду дубль жасады. Осы ойында ол әлем чемпионаттарындағы гол санын 10-ға жеткізді. Осы көрсеткіш арқылы Португалияның әлем чемпионаттарындағы ең нәтижелі сұрмергені атанып, Эйсебионың тоғыз голдық нәтижесінен асты. 

Португалия 2026 жылғы әлем чемпионатында плей-оффқа шыққанымен, 1/8 финалда Испаниядан 0:1 есебімен жеңілді. Осы матчтан кейін Роналду өзінің әлем чемпионатындағы соңғы ойынын өткізгенін мәлімдеді. Осылайша, ол әлем чемпионаттарында барлығы 27 матч өткізіп, 11 гол соқты. 

Ұлттық құрамадағы рекордтары

Роналдудың Португалия құрамасындағы көрсеткіштері жеке рекордтармен ғана шектелмейді. 2023 жылы ол Исландияға қарсы матчта ұлттық құрама сапындағы 200-ойынын өткізіп, бұл межеге жеткен алғашқы ер футболшы атанды. Сол кездесуде 89-минутта жеңіс голын да соқты. 

Ресми дерек бойынша Роналду Португалия құрамасында 234 матч өткізіп, 146 гол соққан. Екі көрсеткіш те әлемдік рекорд болып саналады. 

Ол сондай-ақ халықаралық футболда 100 голдық межеден асқан алғашқы еуропалық футболшы болды. 2021 жылы Иран құрамасының шабуылшысы Әли Даеиға тиесілі 109 голдық рекордтан асып, ерлер арасындағы халықаралық матчтардағы ең үздік сұрмерген атанды. Қазір Роналдудың көрсеткіші – 146 гол.

Португалиялық шабуылшы ұлттық құрамадағы алғашқы голын 2004 жылы Грекияға соқса, 146-голына 2026 жылы жетті. Яғни оның Португалия құрамасындағы голдарының арасын 22 жылдан астам уақыт бөліп тұр.

Роналду ұлттық құрама сапында оннан астам хет-трик жасаған алғашқы ер футболшы да болды. Сонымен қатар ол Еуропа чемпионаты мен әлем чемпионатының финалдық кезеңдерін бірге есептегенде 57 матч өткізіп, 25 гол соққан. 

Криштиану Роналдудың Португалия құрамасындағы мансабы осылайша жеке рекордтардан әлдеқайда ауқымды. Ол ұлттық құрамамен бірге Еуропа чемпионы атанды, Ұлттар лигасын екі рет жеңді және Португалия тарихындағы ең ірі халықаралық жетістіктердің бір бөлігіне айналды.

2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін Роналду жетінші әлем чемпионатынына қатыспайтынын мәлімдеді. Бірақ ол Португалия құрамасындағы мансабын нақты қашан аяқтайтынын мәлімдеген жоқ. Демек, оның ғаламат рекордтары жалғасын табады. 

 

Оқи отырыңыз

{