Кеше, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақтың дастарханы – халқымыздың мәдениеті мен қонақжайлығының айнасы. Бесбармақ, қазы, бауырсақ, қымыз немесе қою қара шай – бұл жай ғана тағам емес, тұтас ұлттық болмыстың бір бөлігі. Сондықтан шетелге көшкен немесе ұзақ уақыт сырт елде тұратын қазақстандықтардың туған жерден ең алдымен сағынатыны да – осы дәм.
Соңғы жылдары әлемнің әр түкпірінде қазақ кәсіпкерлері ұлттық тағам ұсынатын дәмханалар мен мейрамханалар ашып, қазақ асханасын халықаралық деңгейде таныстырып жүр. Бірі елден жырақтағы қандастардың сағынышын басуды мақсат етсе, енді бірі шетелдіктерге қазақ мәдениетін тағам арқылы таныстыруды көздейді. El.kz әлемнің түрлі қалаларында жұмыс істейтін осындай ерекше орындарға шолу жасады.
Амстердам: қазақы шай мен кофе мәдениетін ұштастырған Qazaq Coffee
Нидерланд астанасындағы Qazaq Coffee – қазақтар ашқан ең танымал орындардың бірі. Оның негізін қалаушы – алматылық Талғат Әубәкіров. Ол 2022 жылы Амстердамға қоныс аударып, бір жылдан кейін қазақы нақыштағы спешелти кофеханасын іске қосты.
Qazaq Coffee-де келушілер қазақша қою шайды ғана емес, кардамон, даршын, қалампыр мен зімбір қосылған ерекше шайларды да іше алады. Сонымен қатар қоюландырылған сүт салынған «жаңғақ» печеньесі, вафель түтікшелері мен арнайы әзірленген QC House Blend кофесі ұсынылады. Бұл жер бүгінде Амстердамдағы қазақ мәдениетін насихаттайтын шағын орталыққа айналған.
Оқи отырыңыз:
Польша: сағыныштан туған Jurta
Лодзь қаласындағы Jurta мейрамханасы – туған елдің дәмін сағынудан туған жоба. Оны 2018 жылы алматылық Андрей Водопьянов ашқан.
Мейрамхананың ішкі көрінісі қазақы нақышта безендірілген. Көптеген интерьер элементтері қолдан жасалып, кейбір материалдар Қазақстаннан арнайы жеткізілген. Асүйді Андрейдің әкесі басқарады. Ол кезінде қазақ офицерлеріне ұлттық тағам әзірлеген тәжірибелі аспаз болған.
Jurta мәзірінен қазы қосылған бесбармақ, сорпа, манты, бауырсақ және ұлттық тәттілерді табуға болады.
Лондон: Наурыз рухын жеткізген NOWRUZ
Ұлыбританиядағы NOWRUZ мейрамханасы 2024 жылы Лондонның Туикенем ауданында ашылды. Жобаны әйел кәсіпкерлер іске қосқан.
Мейрамхана Орталық Азия шайханаларының атмосферасын заманауи форматта ұсынады. Мұнда қазақ, өзбек, тәжік және ауған асханасының тағамдары әзірленеді. Қонақтарға манты, лағман, палау, кәуап, самса және чебурек ұсынылса, десерт мәзірі апта сайын жаңартылып отырады.
Чикаго: ұлттық тағамды жаңа форматта ұсынған Tary
Tary – Қазақстаннан бастау алған этно-кафелер желісі. Бүгінде оның бөлімшелері Чикаго, Мәскеу және Ташкент қалаларында жұмыс істейді. Жобаның ерекшелігі – көне қазақ тағамдарын заманауи үлгіде ұсынуы. Мәзірді этнограф Айгерім Мұсағажинова халықтық рецепттер негізінде әзірлеген.
Мұнда майсөк, ақ сорпа, балғын қуырдақ, ми палау, ірімшік кәмпиттері, тары қосылған капучино мен саумал ұсынылады. Осылайша Tary ұлттық тағамды жаңа қырынан таныстырып келеді.
Тбилиси: қазақтың дәмі мен дәстүрі тоғысқан Almaty
Грузия астанасындағы Almaty – Тбилисидегі алғашқы қазақ мейрамханасы.
Ішкі безендірілуінде ұлттық киімдер, домбыра, дәстүрлі ыдыстар қолданылып, қазақы атмосфера жасалған. Мәзірден көже, қазы қосылған бесбармақ, қуырдақ, манты, самса мен сорпаны кездестіруге болады. Мұнда келген қонақтарға бауырсақпен бірге алматылық үлгіде демделген шай ұсынылады.
Вьетнам: Данангтағы қазақ кәсіпкерлері
Вьетнамның туристік орталықтарының бірі – Дананг қаласында ашылған TOI Danang мейрамханасын Ақтөбеден барған кәсіпкерлер іске қосқан.
Мейрамхана үй тағамдарына басымдық береді. Мұнда сорпа, манты, қолдан жайылған кеспеден дайындалған лағман, ашық отта пісірілетін палау, кәуаптар, айран және үй компоты ұсынылады.
Италиядағы алғашқы қазақ мейрамханасы
Италиядағы Bistrò Alma'Ta – осы елдегі алғашқы қазақ асханасы. Оның негізін қазақстандық сомелье Эльмира Бердиярова қалаған.
Мекеме винобар мен ұлттық мейрамхана концепциясын біріктіреді. Мұнда манты, палау, чучвара, чебурек, бауырсақ сияқты тағамдар ұсынылады. Сонымен қатар Наурыз мерекесіне арналған гастрономиялық кештер мен ұлттық ас фестивальдері тұрақты ұйымдастырылады.
Люксембург пен Бельгиядағы қазақ дәмі
Люксембургтегі Brasserie Favorite грузин және қазақ асханасын қатар ұсынады. Қонақтар мұнда бесбармақ, манпар, манты мен самсадан дәм тата алады.
Ал Бельгиядағы Bazaar мейрамханасы Орталық Азия тағамдарымен танымал. Мәзірінде сырне, қуырдақ, бесбармақ, бауырсақ және ұлттық салаттар бар. Интерьері де қазақ және шығыс мәдениетінің элементтерімен безендірілген.
Қытайдағы қазақ мәдениетінің жаңа кеңістігі
Бейжіңде Қазақстанның алғашқы мәдени орталығы жанынан Sandyq мейрамхана-музейі ашылды. Бұл – ұлттық тағамды мәдени дипломатиямен ұштастырған ерекше жоба.
Мұнда келушілер қазақ асханасынан дәм татып қана қоймай, ұлттық музыкамен, дәстүрлі киімдермен және тарихи мұрамен таныса алады. Жоба авторлары алдағы уақытта Шанхай мен Сингапурда да осындай орталықтар ашуды жоспарлап отыр.
Ал Гонконгта жақын арада Yurt атты Орталық Азия асханасының заманауи мейрамханасы ашылады. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан шыққан кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан жоба толықтай халал форматында жұмыс істейді. Мейрамхананың басты тағамы – қазақтың бесбармағы.
Ұлттық тағам – елдің мәдени елшісі
Бүгінде қазақ кәсіпкерлері ұлттық тағамды табыс көзі ғана емес, Қазақстанды әлемге танытудың тиімді құралына айналдырып отыр. Амстердамдағы шағын кофеханадан бастап Лондон, Чикаго, Бейжің мен Гонконгтағы ірі жобаларға дейін қазақ асханасы барған сайын халықаралық аудиторияның қызығушылығын арттырып келеді. Мұндай орындар шетелдегі қандастарға туған елдің дәмін сыйласа, шетелдік қонақтарға қазақ халқының мәдениеті мен қонақжайлығын жақыннан таныстыруға мүмкіндік беріп отыр.
Кеше, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды