«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...». Бұл сөздерді естігенде көпшілігіміздің көз алдымызға балалық шағымыз келеді. Әжеміздің жанында жатып тыңдаған «Ер Төстік», «Алдар көсе», «Тазша бала» сияқты ертегілер әлі күнге дейін жадымызда сақталған. Ал бүгінгі балалардың ұйықтар алдында ертегі тыңдағанынан гөрі планшеттен мультфильм көріп отырғанын жиі байқаймыз. Сонда ертегі балалар үшін қызықсыз болып қалды ма? Әлде оны жеткізу тәсілі өзгерді ме?
Зерттеушілер қазақ ертегілері баланың сөздік қорын байытып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыратынын айтады. Ертегілерде күнделікті өмірде сирек қолданылатын көптеген сөздер, теңеулер, тұрақты тіркестер мен синонимдер кездеседі.
Мәселен, «жүгірді» деген бір ғана әрекетті ертегіде зулады, жүйткіді, зымырады деп түрліше беруі мүмкін. Ал «батыр» сөзі айбарлы, айбатты, ержүрек сияқты балама сөздермен қатар қолданылады. Мұндай тілдік байлық баланың сөздік қорын табиғи жолмен кеңейтеді.
Ертегі тыңдаған бала көп елестетеді
Психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, ертегі тыңдаған кезде бала дайын суретті көрмейді. Ол кейіпкердің бейнесін, орманды, сарайды, Самұрық құсты немесе дәуді өз қиялында өзі жасайды.
Ертегі айтып беретін ата-ана өте аз екені рас. Ал ертегі тыңдайтын бала болмайды деген пікірмен келіспеймін. Себебі мультфильм көру арқылы алатын әсер мен ертегі тыңдау арқылы алатын баланың сезімі – екі түрлі. Ертегіні ата-ана сылдыр судай оқымай, дауыс ырғағын құбылтып, рөлге еніп айтып беруі керек. Өйткені бала сөздің өзінен гөрі интонацияға көбірек мән береді, – дейді психолог.
Ал мультфильмде бәрі дайын күйінде беріледі: кейіпкердің түрі, дауысы, қозғалысы, тіпті эмоциясына дейін экраннан көрсетіледі.
Сондықтан ертегі тыңдау кезінде баланың қиялы, есте сақтау қабілеті мен зейіні белсендірек жұмыс істейді. Әсіресе ата-анасы немесе әжесі оқиға барысында «Енді не болады деп ойлайсың?», «Сен оның орнында не істер едің?» деген сұрақтар қойса, бала оқиғаға жай тыңдаушы емес, ойланушы ретінде қатысады.
Ғылым не дейді?
Халықаралық зерттеулер кітап оқу мен ертегі тыңдаудың баланың тілдік дамуына оң әсер ететінін көрсетеді.
42 ғылыми зерттеуді біріктірген мета-талдау экран алдында ұзақ уақыт өткізетін балалардың тілдік дағдылары орта есеппен төменірек болатынын анықтаған. Дегенмен зерттеушілер маңызды бір жайтты атап өтеді: егер ата-ана мультфильмді баламен бірге көріп, мазмұнын талқыласа немесе сапалы білімдік контент таңдаса, оның да пайдасы болуы мүмкін.
Ал бірнеше зерттеу ертегіні ересек адамның дауыстап оқып беруі баланың сөздік қорын, мәтінді түсіну қабілетін және әлеуметтік-эмоциялық дамуын күшейтетінін көрсеткен. Яғни мәселе мультфильмнің өзінде емес. Баланың ересекпен сөйлесуі мен бірге өткізген сапалы уақытында.
Онда неге ертегі тыңдайтын бала азайды?
Бұған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, экран ертегінің орнын басты. Бұрын ұйықтар алдында әжесі ертегі айтып берсе, қазір көп отбасы планшеттен мультфильм қосуды жеңіл көреді.
Екіншіден, ата-ананың уақыты азайды. Қазіргі өмір ырғағында кешкі уақыт көбіне жұмыс, үй шаруасы және тұрмыстық мәселелерге кетеді. Сондықтан ертегі оқуға немесе айтып беруге күн сайын уақыт табыла бермейді.
Үшіншіден, ауызша ертегі айту дәстүрі әлсіреді. Бұрын бірнеше буын бір шаңырақ астында тұрғандықтан, ертегіні көбіне ата-әжелер айтатын. Қазір қала өмірі мен шағын отбасылардың көбеюі бұл дәстүрдің сиреуіне әсер етті.
Балалар жазушысы Азамат Әбілқайырдың айтуынша, бұл мәселе туралы біржақты пікір айтуға болмайды.
Бұл мәселе нақты әлеуметтік зерттеуді қажет етеді. Сондықтан «қазір ертегі тыңдайтын бала да, оны оқып беретін ата-ана да жоқ» деп біржақты айту дұрыс емес. Меніңше, ондай отбасылар әлі де бар. Өз айналамда баласына кітап оқып беріп, бірге ертегі тыңдайтын ата-аналарды көріп жүрмін. Әрине, гаджеттердің әсерінен мұндай дәстүрдің сирегені рас. Бірақ ол мүлде жоғалды деуге болмайды. Ең бастысы – балаға кітап оқуды отбасы мәдениетінің бір бөлігіне айналдыру, – дейді балалар жазушысы.
Бәлкім, бүгінгі балаға ертегі кейіпкерлері алыс шығар?
Бұл – соңғы жылдары жиі талқыланып жүрген сұрақтардың бірі. Қазіргі бала смартфонды, роботты, ғарышты, жасанды интеллектіні біледі. Ал қазақ ертегілеріндегі хан, уәзір, тұлпар, Самұрық, Желаяқ, Таусоғар сияқты кейіпкерлер оның күнделікті өмірінен алыс көрінуі мүмкін. Бұл ертегінің ескіргенін білдіре ме?
Классика – ешбір дәуірде, ешбір заманда өзгермейтін туынды. Сондықтан оны қайта жазудың қажеті жоқ. Керісінше, жаңа заманға сай жаңа ертегілер жазылуы керек. Сонымен қатар классикалық ертегілердің негізінде балалардың қабылдау ерекшелігіне бейімделген, бүгінгі заманға лайық туындылар дүниеге келуі қажет. Ал классикалық ертегілердің өзегі – тарих, батырлық пен ерлік. Бала ұқсағысы келетін қаһарман бейнесі әрдайым өзекті болып қала береді, – дейді психолог Серікгүл Сәли.
Оның айтуынша, қазіргі мультфильмдердегі роботтар мен суперқаһармандар тарихи кейіпкерлер емес, олар – жаңа заманның қаһармандары. Сондықтан Ер Төстік сияқты ұлттық кейіпкерлерді немесе жаңа қазақ қаһармандарын қысқаметражды фильмдер мен анимациялар арқылы кеңінен насихаттау қажет. Оның пікірінше, бала батырларға еліктеп өсетіндіктен, мұндай туындыларды ұлттық тарихпен байланыстыра білу маңызды.
Мысалы, қытай ертегісіндегі Мулан жаңа заманға лайықтап қайта жазылған жоқ. Керісінше, ол Қытай тарихын насихаттайтын туынды ретінде жаңғыртылды. Қазіргі балалар үшін Мулан – жай ғана ханшайым емес, өз тағдырын өзі таңдайтын, қиындықты ақылымен де, ерлігімен де жеңетін қаһарман. Ол туралы Disney анимациялық фильм түсірді, көркем фильм де, әндер де шықты. Сондықтан балалар өз дәуіріне жақын, ортасына сай батырларды жақсы көреді. Әр кезеңнің өз қаһарманы болады. Біз ертегі кейіпкерлерін дәл Мулан секілді заманауи форматта жандандыра алмай жатырмыз, – дейді психолог.
Балалар жазушысы Азамат Әбілқайыр да осы пікірмен келісті. Оның айтуынша, мәселе кейіпкерлерде емес, оларды қалай таныстырып жүргенімізде.
Мысалы, қазір кинотеатрларда көрсетіліп жатқан Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмі де соның дәлелі. Бұл шығарма түпнұсқаны өзгерткен жоқ, қайта оны жаңа кино тілінде қайта түсіндіріп, бүгінгі көрерменге жақындатты. Яғни классиканы заманға бейімдеудің ең дұрыс жолы – мазмұнын өзгерту емес, ұсыну тәсілін жаңарту. Мұндай классикалар – белгілі бір дәуірдің дүниетанымы мен рухын сақтап тұрған мәдени мұра ғой, – дейді жазушы.
Қазақ ертегілеріне насихат жетіспейді
Азамат Әбілқайырдың пікірінше, мәселе кейіпкерлердің өзінде емес, оларды ұсыну тәсілінде. Сондықтан бүгінгі балаға қызық болатын сапалы анимация, көркем кино, комикс, аудиокітап, интерактивті кітаптар, театр қойылымдары, подкасттар мен мобильді ойындар сияқты заманауи форматтарды дамыту қажет.
Жазушының сөзінше, Ер Төстік пен Қобыланды да кезінде өз дәуірінің суперқаһармандары болған. Олар батырлықтың, әділдіктің, ақыл мен қайсарлықтың символы саналады. Алайда бүгінгі балалар бұл кейіпкерлерді күнделікті көрмейді, ал Marvel қаһармандары экраннан, компьютерлік ойындардан, ойыншықтардан және әлеуметтік желіден үздіксіз насихатталып келеді. Сондықтан ұлттық кейіпкерлерді де қазіргі заманғы форматтар арқылы балаларға жақындата білу маңызды.
Егер ұлттық кейіпкерлеріміз осындай форматтарда тұрақты ұсынылса, балалар оларды да дәл сондай қызығушылықпен қабылдар еді. Баланың қызығушылығы табиғи нәрсе. Қай кейіпкер оның өмірінде жиі кездессе, соған жақын болады. Демек, мәселе Ертөстіктің мазмұнында емес, оны бүгінгі ұрпаққа қызықты етіп жеткізе алмауымызда десем өтірік емес, – дейді балалар жазушысы.
Психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, қазір интернетте қазақ тіліндегі балаларға арналған контент аз. Мысалы, орыс тіліндегі контент телегей теңіздей болса, қазақша контент бір шелек судай ғана.
Маркетинг тұрғысынан табыс әкелмейтіндіктен, ертегілеріміз де елеусіз қалып жатқан шығар. Мұны қазақша анимация жасайтын ұжымдардың өзі де растайды. Ал егер қазақ тіліндегі балалар контенті миллиондаған қаралым жинап, табыс әкелетін деңгейге жетсе, мұндай жобалар да әлдеқайда көбейер еді, – дейді психолог.
Ертегі – өткеннің сарқыншағы емес
Ертегі баланы тек жақсылық пен жамандықты ажыратуға емес, өз ойын жеткізуге, сөздік қорын байытуға, қиялын дамытуға және ұлттық дүниетанымды тануға үйретеді.
Бүгінде балаға күніне бір сағат ертегі айтып отыру міндет емес. Бірақ ұйықтар алдында 10-15 минут кітап оқып беру немесе бір қазақ ертегісін бірге талқылау экран алмастыра алмайтын ерекше қарым-қатынас қалыптастырады.
Бәлкім, ертегінің құндылығы да осында шығар. Өйткені бала ең алдымен оқиғаны емес, сол ертегіні кімнің даусымен тыңдағанын өмір бойы есінде сақтайды.