Шетелде жүрген қазақстандықтар назарына: консулдық есепке тұрудың жаңа ережелері бекітілді

Шетелде жүрген қазақстандықтар назарына: консулдық есепке тұрудың жаңа ережелері бекітілді

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда шетелде тұрақты немесе уақытша тұратын азаматтарды есепке қою және есептен шығару тәртібі жаңартылды. Сыртқы істер министрінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі бұйрығымен тиісті қағидалар жаңа редакцияда бекітілді.

Жаңартылған құжат Қазақстаннан тыс жерде тұрақты және уақытша тұратын азаматтарды есепке қою мен есептен шығару тәртібін, сондай-ақ осы бағыттағы мемлекеттік қызметтерді көрсету талаптарын айқындайды.

Шетелдегі қазақстандықтарды есепке алуды тиісті консулдық округ аумағындағы Қазақстанның шетелдік мекемелері жүргізеді. Бұл талап шетелдік азаматтар асырап алған Қазақстан азаматы болып саналатын балаларды есепке алу жағдайларына қолданылмайды.

Есепке алу не үшін қажет?

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтарын есепке алудың негізгі мақсаты – олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Сонымен қатар азаматтардың өзі жүрген елдің заңнамасы, Қазақстан мен сол мемлекет қатысатын халықаралық шарттар және халықаралық нормалар аясында берілген құқықтарын пайдалануына жәрдем көрсету көзделген.

Тұрақты тұратын азаматтар қандай құжат тапсырады?

Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын азамат есепке тұру үшін шетелдегі мекемеге жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжатты ұсынады.

Бұдан бөлек, Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуге құжаттарды рәсімдеу туралы шешім немесе тұрақты тұру үшін шетелге шығуға рұқсат рәсімделгені туралы хабарлама қажет. Сондай-ақ шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматының есепке алу карточкасы толтырылады.

Уақытша тұратындарға қандай талап қойылады?

Шетелде уақытша жүрген азаматтарға құжаттар тізімі жеңілдеу. Олар жеке басын куәландыратын құжатты немесе оның цифрлық нұсқасын ұсынып, уақытша тұратын Қазақстан азаматтарына арналған есепке алу карточкасын толтыруы керек.

Уақытша тұратын азаматтар қатарына Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің қызметкерлері, шетелде уақытша еңбек етіп жүрген азаматтар, халықаралық ұйымдардағы Қазақстанға бөлінген квота бойынша қызмет атқаратындар, бейбітшілік пен қауіпсіздықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға жіберілген әскери қызметшілер кіреді.

Сондай-ақ шетелде білім алып жүрген студенттер, емделуге барғандар, туристік немесе жеке сапармен жүргендер, ұйымдар мен жеке тұлғалардың шақыруымен барған азаматтар және қызметтік іссапардағы қазақстандықтар да осы санатқа жатады.

Құжатта қате болса не болады?

Егер өтініште немесе ұсынылған құжаттарда қате не сәйкессіздік анықталса, сондай-ақ құжаттар толық ұсынылмаса, өтініш цифрлық күту парағы арқылы қабылданады. Бұл жағдайда өтініш берушіге тиісті қолхат беріледі.

Шетелдегі мекеме келіп түскен құжаттарды бір жұмыс күні ішінде қарайды. Одан кейінгі жұмыс күні қажетті мәліметтер «Бүркіт» бірыңғай цифрлық жүйесіне енгізіледі. Өтініш берушінің паспортына тиісті мөр қойылған арнайы қосымша парақ бекітіледі.

Осылайша, жаңа қағидалар шетелде ұзақ мерзімге қоныстанған азаматтарға ғана емес, оқу, жұмыс, емделу, туризм, жеке сапар немесе қызметтік іссапармен уақытша жүрген қазақстандықтарға да қатысты.

Оқи отырыңыз

{