Шай ішу инсульт қаупін азайтуы мүмкін: ғалымдар маңызды жайтты анықтады

Шай ішу инсульт қаупін азайтуы мүмкін: ғалымдар маңызды жайтты анықтады

Ажар Лаубаева
Фото: magnific.com

Шайды тұрақты ішу жүрек пен қан тамырлары ауруларының қаупін төмендетуі мүмкін. Алайда сусынның температурасы мен қоюлығы да маңызды. Ғалымдар тым ыстық шайдың, керісінше, денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал екенін анықтады. Бұл туралы Journal of Internal Medicine ғылыми журналында жарияланған зерттеуде айтылды.

Шайдың денсаулыққа қандай пайдасы бар?

Ғалымдар Қытайдың 500 мыңға жуық тұрғынының денсаулығын орта есеппен тоғыз жыл бойы бақылаған. Зерттеу барысында олардың шай ішу әдеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу көрсеткіштері салыстырылған.

Нәтижесінде аптасына кемінде үш рет шай ішетін адамдардың қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупі 11,2 пайызға төмен болғаны анықталды.

Әсіресе миға қан жеткізетін тамыр бітелгенде пайда болатын ишемиялық инсультке қатысты айтарлықтай айырмашылық байқалған. Шайды тұрақты ішетіндер арасында бұл аурудың қаупі 36,6 пайызға, ал ми қан айналымына байланысты басқа аурулардың қаупі 19,1 пайызға төмен болған.

Мамандар мұны шайдың құрамындағы пайдалы заттармен байланыстырады. Атап айтқанда, полифенолдар мен флавоноидтар ағзадағы қабыну процестерін азайтуға, қан тамырларын қорғауға және қан айналымын жақсартуға көмектесуі мүмкін.

Қандай шай пайдалырақ?

Зерттеу нәтижесі шайдың түрі мен оны дайындау тәсілінің де маңызды екенін көрсетті.

Ғалымдар қара шайдың жүрек-қан тамырлары денсаулығына қатысты ең жоғары оң көрсеткішке ие болғанын анықтаған. Одан кейінгі орында көк шай тұр.

Мұндай айырмашылық қара шайды өңдеу кезінде түзілетін теафлавиндермен байланысты болуы мүмкін. Бұл қосылыстар қабынуды азайтуға және қандағы майлардың қалыпты деңгейін сақтауға ықпал етеді.

Зерттеуге қатысушылардың көбі күніне екі-үш кесе шай ішкен. Ал қан тамырлары ауруларының ең төмен қаупі күніне алты-сегіз кесе шай ішетін адамдар арасында тіркелген. Дегенмен бұл нәтижелер барлығына бірдей осынша мөлшерде шай ішу қажет дегенді білдірмейді.

Қатты ыстық шайдың қандай зияны бар?

Ғалымдар шайдың температурасына да ерекше назар аударған. Зерттеу нәтижесінде орташа қоюлықтағы, ауызды күйдірмейтін шайдың денсаулыққа пайдалырақ болуы мүмкін екені байқалған. Ал тым ыстық шай ішетін адамдарда қан тамырлары ауруларының қаупі 16 пайызға жоғары болған.

Бұған дейінгі ғылыми зерттеулер де өте ыстық сусындарды жиі тұтыну өңеш қатерлі ісігінің қаупімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Сондықтан шайды қайнаған күйінде ішпей, сәл суытып барып тұтынған жөн.

Шай жүрек ауруларынан толық қорғай ала ма?

Зерттеушілер шай ішудің пайдасы әртүрлі жастағы адамдар арасында байқалғанын айтады. Әсіресе артық салмағы бар адамдарда шайдың оң әсері көбірек байқалған.

Алайда ғалымдар шайды жүрек пен қан тамырлары ауруларының алдын алатын негізгі құрал ретінде қарастыруға болмайтынын ескертеді.

Зерттеуге қатыспаған Ұлыбританияның жүрек қорының аға диетологі Делл Стэнфордтың айтуынша, алынған нәтижелер шайдың жүректі тікелей қорғайтынын дәлелдемейді.

Өйткені адамдардың тамақтану дағдысы, күнделікті қозғалысы және өмір салты сияқты басқа факторлар да нәтижеге әсер етуі мүмкін.

Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін тек шай ішу жеткіліксіз. Дұрыс тамақтану, тұрақты қозғалыс, темекіден бас тарту және қан қысымын бақылау да маңызды.

Зерттеу нәтижесі шайды тұрақты әрі тым ыстық емес күйінде ішу денсаулыққа пайдалы болуы мүмкін екенін көрсетті. Алайда бұл шай жүрек пен қан тамырлары ауруларынан толық қорғайды деген сөз емес.

Оқи отырыңыз

{