Бүгiн, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керекШашты күн сайын жууға болмайды деген пікірді жиі естиміз. Бірі бұл әдет шашты құрғатып, әлсіретеді десе, енді бірі бас терісі майланса, күнде жууға болатынын айтады. Ендеше, шашты қаншалықты жиі жуған дұрыс және оны жуу кезінде қандай қателіктерден сақтану керек? Дерматологтардың айтуынша, бұл сұрақтың бір ғана жауабы жоқ. Шашты жуу жиілігі оның түріне, құрылымына және бас терісінің қаншалықты майланатынына байланысты.
Бұйра шашты сирек жуған дұрыс
Cleveland Clinic дерматологы Шилпи Кхетарпалдың айтуынша, шашты күн сайын жуу міндетті емес. Әсіресе құрғақ, қалың немесе бұйра шашты жиі жуу оның құрғап, сынуына әкелуі мүмкін.
Себебі бас терісіндегі май бездері бөлетін табиғи май шашты ылғалдандырып, оның құрылымын сақтауға көмектеседі. Ал шашты жуған сайын осы майдың бір бөлігі шайылып кетеді.
Дегенмен бұл «шашты күнде жууға болмайды» деген сөз емес.
Мысалы, шашы жұқа әрі бас терісі майлы адамдарға оны күн сайын немесе күнара жуу қажет болуы мүмкін. Егер шаш тез майланып, адамға жайсыздық тудырса, күнделікті жууға болады.
Ал қалың, қатты және бұйра шашты сирек жуған дұрыс.
Шаш түріне қарай жуу керек
Дерматологтар шаштың түрін ескеруді ұсынады.
Бұйра шаштың ерекшелігі бар. Бас терісінде пайда болған табиғи май бұйра шаштың ұштарына түзу шаштағыдай оңай таралмайды. Сондықтан бұйра шаш көбіне құрғақ болады және оны жиі жуу қажет емес.
Шашты химиялық жолмен бояйтын немесе өңдейтін адамдар да жуу жиілігіне назар аударғаны жөн. Себебі мұндай шаш әлсіз әрі сынғыш болуы мүмкін.
Сусабынды шаштың түбіне жағыңыз
Шаш күтімінде жиі кездесетін қателіктің бірі – сусабынды шаштың бүкіл ұзындығына жағу.
Мамандар сусабынды негізінен бас терісіне жағуды ұсынады. Оның міндеті – бас терісіндегі артық майды, өлі жасушаларды және жиналған күтім құралдарының қалдықтарын тазарту.
Ал шаштың ұштарына сусабынды көп жағу оларды құрғатып жіберуі мүмкін.
Сондықтан қарапайым ереже бар: сусабын – бас терісіне, кондиционер – шаштың ұзындығы мен ұштарына.
Кондиционерді де дұрыс қолдану керек
Кондиционер шашты жұмсартып, тарауды жеңілдетеді.
Егер шаш жұқа немесе түзу болса, кондиционерді негізінен ұштарына жағу ұсынылады. Ал құрғақ әрі бұйра шашқа оны бүкіл ұзындығына жағуға болады.
Бірақ кондиционерді бас терісіне көп жағу шаштың тез майлануына себеп болуы мүмкін.
Шашты жуғаннан кейін бірден тарамаңыз
Шаштың су болған кездегі күйі де маңызды. Ылғал шаш әлсіз әрі нәзік келеді. Сондықтан оны қатты тарау немесе щеткамен тарту шаштың сынуына әкелуі мүмкін.
Мамандар су шашты сирек тісті тарақпен ақырын тарауды ұсынады. Шашты алдымен ұшынан бастап, кейін біртіндеп жоғары қарай тараған дұрыс.
Ал шашты сүлгімен қатты ысқылап кептіру де зиян. Оның орнына сүлгімен немесе жұмсақ мақта матамен шаштың ылғалын ақырын сіңірген жөн.
Фен шашқа қаншалықты зиян?
Шаштың кез келген түріне шамадан тыс жылу кері әсер етеді. Сондықтан фенді, шаш түзеткішті және бұйралағышты жиі қолдану шаштың құрғап, сынуына әкелуі мүмкін.
Фен қолданғанда төмен немесе орташа температураны таңдаған дұрыс. Ал жылумен сәндеу құралдарын пайдалансаңыз, шашты жоғары температурадан қорғайтын арнайы құрал қолдануға болады.
Спорттан кейінгі күтім
Жаттығудан кейін қатты терлесеңіз де, шашты міндетті түрде күн сайын жуу қажет емес.
Мұнда да шаштың түрі мен бас терісінің майлануын ескеру керек. Дерматологтардың айтуынша, күн сайын жаттығу жасайтын адамның өзі шашын міндетті түрде күн сайын жууы шарт емес.
Шаш күтіміне қатысты «бәріне ортақ» ереже жоқ. Бір адамға күн сайын жуу қажет болса, екіншісіне аптасына бір рет жуу жеткілікті болуы мүмкін.
Сондықтан шашыңыздың қаншалықты тез майланатынына, құрғауына және бас терісінің жағдайына назар аударыңыз.
Бүгiн, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керекБүгiн, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?Кеше, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырдыКеше, 09:01
Швейцарияға барсаңыз, осы қателіктерді жасамаңыз: тәжірибелі гидтен 15 кеңес