«Шалькеден» «Ордабасы» клубына дейін: Карел Герартс деген кім?

«Шалькеден» «Ордабасы» клубына дейін: Карел Герартс деген кім?

Мадина Асылбекова
Фото: FC Schalke 04

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының тізгінін бельгиялық маман Карел Герартс алды. Бұл туралы клубтың тең иесі әрі амбассадоры Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Карел Герартс – «Ордабасының» жаңа бас бапкері. Ол бұған дейін «Юнион», «Шальке» және «Реймс» клубтарын жаттықтырған, – деп жазды Бейбіт Әлібеков.

44 жастағы маман бұған дейін Бельгияның «Юнион Сент-Жиллуа», Германияның «Шальке» және Францияның «Реймс» командаларын басқарған. Оның жаттықтырушылық жолындағы ең жарқын кезеңі «Юниондағы» жұмысына тұспа-тұс келді. Герартс жетекшілік еткен команда Еуропа лигасының ширек финалына дейін жетіп, Бельгия кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ оның жетекшілігімен клуб Чемпиондар лигасында өнер көрсетті. 

Карел Герартс кім?

Карел Герартс 1982 жылғы 5 қаңтарда Бельгияның Фландрия аймағындағы Генк қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболшы ретінде жартылай қорғаушы позициясында ойнаған. Бойы – 186 сантиметр.

Ол футболдағы алғашқы қадамын «Брюггеден» бастаған. 2000-2004 жылдары осы клубта өнер көрсетіп, Бельгия чемпионы және ел кубогының иегері атанды. Кейін «Локерен» мен «Стандард» сапында ойнады. Әсіресе Льеж клубындағы кезеңі сәтті болды: үш маусымда 93 матч өткізіп, 16 гол соқты.

2007 жылы «Брюггеге» қайта оралып, негізгі құрам ойыншысына айналды. Төрт жыл ішінде 119 матчқа қатысып, 15 голдың авторы атанды. Кейін «Ауд-Хеверле Лёвен» мен «Шарлеруа» клубтарында ойнап, 2016 жылы футболшы мансабын аяқтады.

Жалпы кәсіби мансабында 348 матч өткізіп, 46 гол соққан. Ал Бельгия ұлттық құрамасы сапында 2005-2009 жылдары 20 ойынға қатысып, төрт рет мергендік танытты.

«Юниондағы» жарқын кезеңі

Ойыншы ретінде мансабын аяқтағаннан кейін Герартс футболдан қол үзген жоқ. 2017 жылы «Остенде» клубында спорттық үйлестіруші болып жұмыс істеді. Кейін төрт жыл бойы «Юнион Сент-Жиллуа» командасында Томас Кристиансен мен Фелис Маццудың көмекшісі қызметін атқарды.

Бұл кезең клуб тарихындағы маңызды белестердің бірі болды. 2021 жылы «Юнион» 48 жылдық үзілістен кейін Бельгияның жоғары дивизионына қайта оралып, алғашқы маусымында-ақ екінші орынға ие болды.

2022 жылдың жазында Фелис Маццу «Андерлехтке» ауысқан соң, команданы Герартс басқарды. Оның бас бапкер ретінде ең табысты маусымы да осы кезеңге сәйкес келді.

2022/23 жылғы Еуропа лигасында «Юнион» топтық кезеңнен бірінші орынмен шығып, Берлиннің «Унион», «Брага» және «Мальмё» командаларын артта қалдырды. Ширек финалда Германияның «Байер» клубына жол берді. Ал Бельгия кубогында жартылай финалға дейін жетті.

Ұлттық біріншілікте де чемпиондыққа таласты. Тұрақты маусымды 75 ұпаймен екінші орында аяқтағанымен, плей-офф қорытындысы бойынша үшінші сатыға түсіп қалды. Соған қарамастан, Герартс Бельгияның үздік бапкеріне берілетін Раймон Гуталс атындағы сыйлыққа ие болды.

«Юнион» тізгініндегі 57 матчта оның командасы 35 рет жеңіске жетіп, 11 рет тең ойнады және 11 кездесуде жеңіліс тапты. Алайда клуб басшылығымен келісімшартты ұзарту жөніндегі келіссөздер нәтижесіз аяқталды.

«Шальке» мен «Реймстегі» жұмысы

2023 жылдың қазанында бельгиялық маман Германияның «Шальке» клубын басқарды. Ол кезде команда Бундеслиганың екінші дивизионында өнер көрсетіп, төменгі лигаға түсіп қалмау үшін күресіп жатқан еді. Герартс клубты маусым соңында оныншы орынға шығарды.

Алайда келесі маусымның басы сәтсіз болды. Алғашқы бес турда небәрі төрт ұпай жинаған «Шальке» өз алаңында «Дармштадттан» 3:5 есебімен жеңілді. Бір қызығы, матч барысында гельзенкирхендік команда 3:0 есебімен алда тұрған. Осы жеңілістен кейін Герартс қызметінен босатылып, онымен бірге спорттық директор Марк Вильмотс та клубтан кетті. Бельгиялық маман «Шалькеде» 33 матч өткізді.

2025 жылғы 18 маусымда Герартс Францияның «Реймс» клубымен екі жылдық келісімшартқа отырды. Ол кезде команда Лига 1-ден төмендеп, екінші дивизионға түскен болатын. Маманның жетекшілігімен «Реймс» маусымды алтыншы орынмен аяқтап, жоғары дивизионға қайта оралу үшін өтетін плей-оффқа қатыса алмады. Дегенмен Франция кубогының ширек финалына дейін жетті.

2026 жылғы 14 мамырда тараптар келісімшартты өзара келісім бойынша тоқтатты. Клуб басшылығы команданың нәтижесіне және ойын барысын басқаруға, соның ішінде ойыншыларды алмастыру шешімдеріне көңілі толмағаны айтылады.

Жалпы Герартс бапкер ретінде 130 матч өткізіп, 65 жеңіске жеткен. 33 кездесу тең аяқталып, 32 ойында командасы жеңілген.

«Ордабасы» клубына қандай пайдасы болуы мүмкін?

Герартстың басты ерекшеліктерінің бірі – қолда бар ойыншылардың әлеуетін барынша пайдаланып, жас футболшылардың дамуына жағдай жасай білуі. Сондай-ақ ол заманауи футболдағы тактикалық тәсілдер мен ойыншыларды іріктеу кезінде жаңа технологияларды қолдануға мән береді.

«Юнион» сапындағы жұмысы кезінде бельгиялық маман командасына шабуылға жылдам ауысатын, қарқыны жоғары футбол ойнатты. Қаржылық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары қарсыластармен де бәсекеге түсе алатынын көрсетті. Еуропа лигасының ширек финалына дейін жетуі – соның бір дәлелі.

Бұл тәжірибе «Ордабасы» үшін алдағы маусымда маңызды болуы мүмкін. Шымкенттік клуб 2026 жылы Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын да жеңіп алды. Осылайша, тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасады. Енді команда келесі жазда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынамақ.

Ал Герартстың соңғы екі клубтағы жұмысы мінсіз болды деуге келмейді: «Шалькеден» қызметінен босатылса, «Реймспен» маусым қорытындысы бойынша жоғары дивизионға көтеріле алмаған соң қоштасты.

Айта кетейік, «Ордабасы» бұған дейін бас бапкер Андрей Мартинмен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдаған. Клубтың ресми мәліметінше, тараптар еңбек шартын өзара келісім бойынша тоқтатқан. Мартин Шымкент командасын 2024 жылдың желтоқсанынан бері жаттықтырды. Оның жетекшілігімен «Ордабасы» Қазақстан кубогының финалына жетіп, 2026 жылы ел чемпионы атанып, ұлттық кубокты да иеленді.

Оқи отырыңыз

{