14.04.2026
12:02
485

Шахмат әлемінің ханзадасы: Бибісара Асаубаеваның қасында жүрген Жавохир Синдаров кім?

Бұл күндері Кипрдің Пафос қаласында шахматтан Үміткерлер турнирі өтіп жатыр.

Әлемнің үздік гроссмейстерлері жиналған додада Қазақстан намысын Бибісара Асаубаева қорғап жүр. 12 турдан кейін отандық шахматшы 6,5 ұпай жинап, үшінші орында келеді. Ал турнирдің аяқталуына екі ғана тур қалды.

Бірақ Асаубаева бұл жолы тек нәтижесімен емес, жеке өміріне қатысты әңгімелермен де көпшіліктің назарына ілікті. Осыдан бірер күн бұрын ол әлеуметтік желіде Пафостағы демалыс сәттерінен фото жариялады. Сол суреттердің бірінде қазақстандық шахматшы қыздың жеделсатыда өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровпен бірге тұрғанын байқауға болады. Осыдан соң желі қолданушылары екі шахматшының қарым-қатынасына қатысты түрлі болжам айта бастады.

Бибисара Асаубаева/t.me/bibissarachess

Әзірге шахматшылардың ешқайсысы жеке өміріне қатысты сауалға нақты жауап бермесе де, жарыстардан соң екеуінің бір-біріне көрсетіп жүрген қолдауына қарап көпшіліктің күдігі расталғандай көрінеді.

Тіпті бұл сұрақ Синдаровтың өзіне де қойылған. Өзбекстандық бұл әңгімелерге аса мән бермейтінін, қазір басты назарын турнирге аударғанын айтып еді.

Мен әлеуметтік желілердегі әңгімелерге назар аудармаймын. Бибісара Асаубаева екеумізге қатысты айтылып жатқан сөздер маған қызық емес, – деп жауап қатты.

Ол сондай-ақ турнирдегі ойынына қатысты да пікір білдірді. 12-турдан кейінгі жағдайды бағалай отырып:

Кеше өте маңызды ойын болды, қатты шаршадым. Сондықтан бүгінгі тең ойын – жаман нәтиже емес. Қазіргі жағдайда ұзақ партияға барудың қажеті жоқ деп шештім. Соңғы турларда барынша сенімді ойнау керек. Егер қарсылас мүмкіндік берсе, оны міндетті түрде пайдаланамын, – деп түсіндірді.

Жавохир Синдаров кім?

Қазіргі таңда Синдаров 9 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастап тұр. Сөйте тұра оның ойыны мен нәтижесі ғана емес, тұлғасы да көпшіліктің қызығушылығын арттыра бастады. Осы орайда «Жавохир Синдаров кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Жавохир Синдаров – соңғы жылдары шахмат әлемінде жарқ етіп шыққан жас таланттардың бірі. Ол гроссмейстер атағын небәрі 12 жасында иеленіп, тарихтағы ең жас шахматшылардың қатарына енді. Жас кезінен-ақ түрлі халықаралық турнирлерде тәжірибелі қарсыластарын жеңіп, мамандардың назарын өзіне аударған.

Өзбекстанда шахматқа ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Жас дарындарды қолдау жүйесі жақсы жолға қойылған. Синдаров та сол буынның жарқын өкілі. Ол Шахмат олимпиадасында Өзбекстан құрамасы сапында чемпион атанып, айтулы жетістікке қол жеткізді. Кейін рейтингін 2700 межесінен асырып, әлемнің үздік шахматшылары қатарына қосылды.

Ал 2025 жылы Әлем кубогында топ жарды. Бұл оның мансабындағы ең ірі табыстардың бірі. Дәл осы жеңіс оған Үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік берді. Ал биылғы додада ол алғашқы турлардан-ақ қарқынын байқатты. Мәселен, фавориттердің бірі саналатын Фабиано Каруананы жеңіп, бірден көш басына шықты.

Синдаровтың ойын мәнері де өзгеше. Ол батыл қадам жасап, бастаманы өз қолына алудан қорықпайды және күрделі позицияларда да тәуекелге бара алады. Сөйте тұра қажет кезде сақ ойнап, нәтижені сақтап қалуды да біледі. Өзінің айтуынша, қазіргі кезеңде басты мақсат – тұрақтылық:

Соңғы турларда барынша сенімді ойнау керек, – дейді ол.

Әрине, жас жігіттің мансабында да сыни кезеңдер болған. Бұған дейін онлайн платформаларда оның аккаунттарына қатысты күмән туындап, уақытша шектеулер қойылғаны белгілі. Бірақ бұл жағдай үлкен дауға ұласқан жоқ.

ФИДЕ

Жақында оның дебюттік дайындық базасы интернетке тарап кетіп, тағы көпшіліктің назарына ілікті. Соған қарамастан Синдаров бұл жағдайға да сабырмен қарап:

Маған бәрібір. Мен ол базаға бұрыннан кірмегенмін, ол дайындықты Кубокқа арнап жасаған едім, – деп қысқа қайырды.

Қазір Пафостағы турнир шешуші кезеңге жақындап қалды. Ерлер арасында Синдаров көш бастап тұрса, әйелдер бәсекесінде Бибісара Асаубаева әзірге үшінші оранда тұр.

Ал турнирдің өзі 28 наурызда басталып, 16 сәуірге дейін жалғасады. Жарыс жеңімпазы әлемнің қазіргі чемпионы үндістандық Гукеш Доммараджумен ойнауға мүмкіндік алады.