Сербияда қазақстандық көз жұмды: туыстары оқиғаның мән-жайын жан-жақты тергеуді сұрайды

Сербияда қазақстандық көз жұмды: туыстары оқиғаның мән-жайын жан-жақты тергеуді сұрайды

Асқар Таудай
Фото: Ашық дереккөзден

Сербия астанасы Белград қаласында Қазақстан азаматының қаза табуына байланысты оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Марқұмның туыстары оның өліміне қатысты күмәнді жайттар бар екенін айтып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, қазақстандық бойжеткен көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап қаза болған. Марқұмның жақындары оқиғаның қылмыстық сипатта болуы мүмкін екенін айтып, құзырлы органдардан барлық мән-жайды мұқият тексеруді сұрауда. 

Туыстарының айтуынша, бойжеткен Сербияға жұмыс істеу мақсатында барған. Біраз уақыт байланысқа шықпаған соң, әкесі Белградқа барып, қызының қаза тапқанын білген.

Марқұмның әкесі әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде қызының өліміне қатысы болуы мүмкін деп күдіктенетін адамдар бар екенін айтты. Оның сөзінше, бұл іске қатысы болуы ықтимал азаматтар мен Украинадан келген бірнеше әйелдің әрекеттеріне қатысты күмән туындаған. Әкесі тергеу барысында осы жайттардың толық тексерілуін сұрады.

Қазіргі уақытта отбасы марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жинап жатыр. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сербияда Қазақстан азаматының қаза тапқанын растады.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға қажетті консулдық-құқықтық қолдау көрсетуде. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында», – деп жазылған ведомствоның хабарламасында.

Бүгінде Сербияның құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп, оқиғаның нақты себептерін анықтау және марқұмның туыстары ұсынған болжамдарды тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Оқи отырыңыз

{