Саябаққа жиі баратын балалардың психикалық денсаулығы жақсарады

Саябаққа жиі баратын балалардың психикалық денсаулығы жақсарады

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Балаларды кішкентай кезінен бастап саябаққа тұрақты түрде серуендету олардың психикалық саулығына және әлеуметтік дағдыларының қалыптасуына оң әсер етуі мүмкін. Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің зерттеушілері жүргізген жаңа зерттеу осындай қорытындыға келді.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, туғаннан 11 жасқа дейін аптасына кемінде бір рет саябаққа барған балалардың психикалық денсаулық көрсеткіші сирек серуендеген құрдастарына қарағанда орта есеппен 16,5 пайызға жоғары болған. Бұл нәтиже отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тұрмыстық қиындықтары ескерілгеннен кейін де сақталған.

Зерттеудің жетекші авторы, Эксетер университетінің зерттеушісі Марк Фергюсонның айтуынша, саябақ балаларға дене белсенділігімен айналысуға, шығармашылық ойындар ойнауға және өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік береді.

Ғалымның пікірінше, мұндай орта баланың физикалық және психикалық саулығын қолдап қана қоймай, өзіне деген сенімділігі мен дербестігін дамытуға да ықпал етеді.

Саябаққа жиі барған балалардың әлеуметтік дағдылары жоғары

Epidemiology and Community Health ғылыми журналында жарияланған зерттеуге 4 219 бала қатысқан. Ғалымдар олардың әлеуметтік-эмоциялық даму деңгейін зерттеген. Бұл ұғым баланың өз сезімдерін басқару, айналасындағы адамдармен қарым-қатынас орнату, мінез-құлқын реттеу және күнделікті қиындықтарды еңсеру қабілеттерін қамтиды.

Зерттеу барысында балалардың саябаққа жиі барған кезеңдерде әлеуметтік-эмоциялық даму көрсеткіштері де жоғары болғаны анықталды. Жалпы алғанда, саябаққа тұрақты баратын балалардың жағдайы сирек серуендейтін құрдастарына қарағанда жақсырақ болған.

Сонымен қатар саябаққа бару эмоционалдық белгілер мен құрдастарымен қарым-қатынастағы қиындықтар сияқты ішкі мәселелердің, сондай-ақ мінез-құлықтағы ауытқулар мен гипербелсенділік, зейіннің тұрақсыздығы секілді сыртқы мәселелердің азаюымен байланысты болған.

Саябақтар әлеуметтік теңсіздікті азайтуға көмектесе алады

Зерттеушілер балалардың саябаққа бару жиілігі мен даму көрсеткіштерін отбасыларының әлеуметтік жағдайына қарай да салыстырған. Нәтижесінде, жағдайы жақсы аудандарда тұратын балалар саябаққа ерте жастан жиі барған. Ал тұрмысы төмен отбасылардың балалары саябаққа көбіне есейген кезде жиірек бара бастаған.

Ғалымдардың пікірінше, саябақтар мен ойын алаңдары балалардың дамуындағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға көмектесе алады. Алайда бұл үшін жасыл аймақтар барлық отбасыға қолжетімді, қауіпсіз әрі сапалы болуы қажет.

Марк Фергюсон саябақтардың артықшылығы – олардың тегін әрі көпшілікке ашық болуында екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қоғамдық кеңістіктер әлеуметтік жағдайына қарамастан барлық балаға бірдей мүмкіндік бере алады.

Зерттеушілер балалардың психикалық саулығы мен әлеуметтік дағдыларын дамыту үшін саябақтарды жай ғана ойын-сауық орны емес, салауатты өсіп-жетілуге ықпал ететін маңызды қоғамдық орта ретінде қарастыру қажет екенін айтады.

Оқи отырыңыз

{