Sadraddin концертіндегі «бәрін көретін көз»: масондардың белгісі ме?

Sadraddin концертіндегі «бәрін көретін көз»: масондардың белгісі ме?

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Әлеуметтік желіде Sadraddin-нің Алматыдағы концертінен түсірілген видео мен сурет талқыланып жатыр. Кадрда сахнадағы алып экраннан түрлі түсті үлкен көз бейнесі көрсетілген. Халық бұл символды массондық белгімен байланыстырып жатыр. Масондар кім? «Бәрін көретін көз» шынымен олардың белгісі ме? Тарихта қандай танымал адамдар масон болған?

Масондық немесе франкмасондық – бірнеше ғасыр бойы өмір сүріп келе жатқан халықаралық бауырластық ұйымдар жүйесі. Оның қазіргі түрінің қалыптасуында 1717 жылы Лондонда Англияның алғашқы Үлкен ложасының құрылуы маңызды кезең саналады. 1723 жылы масондардың негізгі қағидаларын сипаттайтын Конституциялар жарық көрген.

Ұлыбританияның Біріккен Үлкен Ложасы масондықтың түп-тамырын ортағасырлық тас қалаушылардың дәстүрлерімен байланыстырады. Қазіргі масондықта құрылыс құралдары адамның өзін-өзі жетілдіруінің символына айналған. Ұйым өз құндылықтарының қатарында адалдық, достық, құрмет және қоғамға қызмет етуді атайды.

Масондықты белгілі бір дінмен теңестіруге болмайды. Мысалы, Англияның Біріккен Үлкен Ложасы мүшеліктің талаптарының бірі ретінде Жоғарғы Жаратушыға сенуді көрсетеді, бірақ нақты бір дінді ұстануды міндеттемейді. Ұйым өзін діни сенімдердің бірін алмастыратын дін ретінде қарастырмайды.

Масондықтың басты белгілері қандай?

Масондықтың ең танымал эмблемасы – циркуль мен бұрыштық сызғыш. Лондондағы Масондық музейінің түсіндіруінше, бұл екі құрал ұйымның тас қалаушылар дәстүрімен тарихи байланысын білдіреді. Бұрыштық сызғыш әділдік пен дұрыс әрекетті, ал циркуль адамның өз әрекетіне шек қоя білуін бейнелейді.

Масондық символикада жиі кездесетін басқа элементтер де бар. Олардың арасында бағандар, балға, деңгейөлшегіш, тіктеуіш, алжапқыш, ай, Күн және «бәрін көретін көз» бейнесі кездеседі. Британ музейінің коллекциясында сақталған масондық белгілердің бірінде дәл осы символдардың бірнешеуі – циркуль, бұрыштық сызғыш, ай, қасиетті кітап және «бәрін көретін көз» қатар көрсетілген.

«Бәрін көретін көз» нені білдіреді?

Әлеуметтік желідегі талқылаудың негізгі себебі – сахнадағы көз бейнесі.

Фото: әлеуметтік желіден скрин

Масондық дәстүрде All-Seeing Eye, яғни «бәрін көретін көз» немесе «Құдайдың көзі» деп аталатын символ бар. Масондық музейдің материалдарында көздің XVIII ғасырдағы масондық заттарда қолданылғаны көрсетіледі.

Алайда бұл белгі масондарға ғана тиесілі емес. Көздің діни және көркем символ ретінде тарихы масондықтан әлдеқайда бұрын басталған. Кейін ол еуропалық христиан өнерінде Құдайдың адамзатқа бақылауын білдіретін белгі ретінде де қолданылған.

АҚШ-тағы Scottish Rite ұйымының түсіндіруінше, үшбұрыш ішіндегі көздің өзі масондықта кездесетін символ болғанымен, «көз + пирамида» комбинациясын масондардың ресми эмблемасы деп қабылдау дұрыс емес. Ұйым бұл символдың масондықтан тыс тарихы бар екенін де атап көрсетеді.

Әлихан Бөкейханның масон болғаны рас па?

Қазақстан тарихындағы масондық тақырыбы сөз болғанда ең алдымен Әлихан Бөкейхан есімі аталады.

Қазақстан тарихы порталының Әлихан Бөкейхан туралы материалында оның 1906 жылы Санкт-Петербургтегі «Полярная звезда» масондық ложасына қабылданғаны, ал кейін Самарадағы масондық топтың шебері болғаны көрсетілген. Алаштанушы ғалымдар да бұл мәселені зерттеген.

Мысалы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы Әлихан Бөкейханның масон ложасына кіргенін айтып, бұл тақырыпта түрлі пікірлер бар екенін атап өткен. Оның пайымынша, Бөкейхан сол кездегі халықаралық саяси байланыстарды қазақ халқының мүддесі үшін пайдалануға ұмтылған.

Жасыратыны жоқ, ол масон ложасына кірген. Сұлтан Хан Аққұлұлының зерттеу еңбегі де жарық көрді. Біз не дейміз, түрлі пікірлер мен қайшылықты ойлар бар. Менің ойымша ол сол кездегі саны алты миллионға жеткен қазақ халқын жойылып кету мен жұтылып кетуден сақтау үшін масон ложасының әлемдік саясаттағы беделін пайдаланып, қазаққа теңдік әперуді көздеген. Әлиханның әрбір әрекеті мен мақаласы осы сөзіме дәлел, – дейді тарих порталына берген сұхбатында Дихан Қамзабекұлы.

Ал филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлымасондық ұйымдардың ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі саяси сипатымен байланысты түсіндіреді. Яғни Әлихан Бөкейханның масондық ложаға мүше болғаны туралы деректер бар. Бірақ оның бұл ұйымға не себепті кіргені туралы зерттеушілердің түсіндірулері әртүрлі.

Масон болған танымал адамдар

Масондық тарихында мүшелігі құжатталған әлемге танымал тұлғалар да бар. Джордж Вашингтон – АҚШ-тың алғашқы президенті. Джордж Вашингтонның Mount Vernon қорының тарихи материалдарында оның 1752 жылы Вирджиниядағы ложаға қабылданғаны, кейін масондықтың үшінші дәрежесіне көтерілгені жазылған.

Вольфганг Амадей Моцарт – австриялық композитор. Масондық тарихи деректерде оның 1784 жылы Венадағы «Zur Wohltätigkeit» ложасына қабылданғаны көрсетіледі.

Уинстон Черчилль де масон болғаны құжатталған тұлғалардың қатарында. Ұлыбританияның Біріккен Үлкен Ложасының мәліметінше, ол 1901 жылы Studholme Lodge №1591 ложасына қабылданып, 1902 жылы Master Mason дәрежесіне көтерілген.

Бұдан бөлек, АҚШ-тағы Мэриленд Үлкен Ложасы өз тарихи материалдарында Бенджамин Франклин, Марк Твен, Оскар Уайлд, Луи Армстронг, Генри Форд және басқа да танымал тұлғаларды масондар қатарында атайды. Мұндай тізімдерде әр тұлға бойынша жеке тарихи деректі тексерген жөн.

Ендеше, концерттегі көз нені білдіреді?

Sadraddin концертіндегі бейнеде көздің болуы – көздің масондық символикада да қолданылатынымен ұқсас. Бірақ бір ғана визуалға қарап, әншінің немесе концерт авторларының масондық ұйыммен байланысы бар деп айтуға болмайды.

Ал шоудың жалпы концепциясы ғарыш, планета, космонавт және футуристік графикаға құрылған.

Оқи отырыңыз

{