29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындыларыКриштиану Роналду 41 жасында да рекордтар жаңартуын тоқтатар емес. Португалиялық жұлдыз Сауд Арабиясы чемпионатында үш гол соғып, мансабындағы голдар санын 985-ке жеткізді.
Сауд Арабиясы чемпионатының 12-турында «Әл-Наср» өз алаңында «Әл-Холудты» 5:3 есебімен жеңді. Тартысты кездесудің басты қаһарманы Криштиану Роналду болды. Ол екінші таймда үш рет мергендік танытып, командасына маңызды жеңіс сыйлады.
Кездесу Роналду үшін оңай басталған жоқ. Бірінші таймда португалиялық шабуылшы екі мәрте қарсылас қақпасын дәл көздегенімен, екі гол да офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Ойынның 16-минутында Жульен Домингес «Әл-Холудты» алға шығарды. Алайда Анжело мен Садио Мане нәтижелі соққыларымен есепті өзгертті. Бірінші таймның қосымша уақытында Лоик Эссомба таразы басын қайта теңестірді – 2:2.
Екінші таймда Роналду өзінің шеберлігін толық көрсетті.
66-минутта Жоау Феликс айып алаңына еніп, Криштиануға дәл пас берді. Тәжірибелі шабуылшы бос қақпаны дәл көздеп, командасын алға шығарды.
Арада алты минут өткенде Феликс тағы да нәтижелі пас берді. Бұл жолы Роналду әуедегі допқа бірінші жетіп, баспен гол соқты.
Ал 81-минутта Садио Мане қарсылас қақпашысымен бетпе-бет шыққанымен, өзі соққы жасамай, допты Роналдуға асырды. Португалиялық футболшы мүмкіндікті мүлт жібермей, хет-трикті түйіндеді.
Кездесудің соңғы минуттарында Домингес пенальтиден гол соғып, қорытынды есепті 5:3 етті.
Бұл Роналдудың кәсіби мансабындағы 67-хет-тригі болды. Оның 57-сін клубтық деңгейде, ал қалған 10-ын Португалия ұлттық құрамасы сапында жасаған.
Бұған дейін Криштиану соңғы рет 2024 жылдың мамырында «Әл-Уахдаға» қарсы кездесуде үш гол соққан еді. Сол ойында «Әл-Наср» 6:0 есебімен жеңіске жеткен.
Бұл жолғы жетістік ерекше мәнге ие. Себебі 41 жастағы шабуылшы әлі де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, әлем футболындағы тарихи межеге жақындап келеді.
Кездесуде Роналдумен қатар Жоау Феликс те ерекше көзге түсті.
26 жастағы португалиялық футболшы бір ойында төрт нәтижелі пас берді. Оның екеуі Роналдуға, қалғандары Анжело мен Садио Манеге бағытталды.
Осылайша, Феликс Сауд Арабиясы чемпионатындағы он кездесуде үш гол соғып, жеті нәтижелі пас жинады.
Матчтан кейін Роналду әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышын бөлісті.
«Керемет жеңіс және командалық ойын! Хет-трик жасап, командама көмектескеніме қуаныштымын!» – деп жазды Криштиану.
Роналдудың жақын досы, британдық тележүргізуші Пирс Морган да бұл жетістікке таңданысын жасырмады.
«Криштиану «Әл-Наср» сапында хет-трик жасады. Бұл оның мансабындағы 983, 984 және 985-голдары! Оның үстіне тағы екі голы есептелмеді. Енді 1000 гол соққан алғашқы футболшы атануына небәрі 15 доп қалды. Мұның бәрі 41 жасында болып жатыр. Сенгісіз!» – деп жазды Морган.
Португалиялық жұлдыздың тарихи межеге қашан жететінін болжаушылар да аз емес.
The Road to 1000 Goals порталының болжамына сәйкес, Роналду 1000-голын 11 наурызда «Әл-Иттихадқа» қарсы кездесуде соғуы мүмкін. Бұған дейін бұл көрсеткішке 30 наурыздан ерте жетпейді деген болжам жасалған болатын.
Ал Planet Football бірнеше сценарийді қарастырған. Ең қолайлы жағдайда Криштиану 2027 жылдың басында-ақ 1000 голға жетуі мүмкін. Ол үшін әр матчта кемінде бір гол соғып, Португалия құрамасына қайта оралуы қажет.
Басқа болжам бойынша, шабуылшы тарихи межеге көктемнің соңында жетеді.
«Әл-Холудқа» қарсы жеңіс «Әл-Наср» үшін Сауд Арабиясы чемпионатындағы қатарынан төртінші табыс болды.
Команда 28 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға жайғасты. Көш басындағы «Әл-Кадисиядан» тек қосымша көрсеткіштер бойынша қалып келеді. Оның үстіне «Әл-Насрдың» бір ойыны кем.
Криштиану Роналду үшін алдағы кездесулердің маңызы зор. Ол командасымен бірге чемпиондық атаққа таласып қана қоймай, футбол тарихындағы ең айтулы жеке жетістіктердің біріне қол жеткізуді көздеп отыр.
41 жасында хет-трик жасап, 1000 голдық межеге жақындаған Роналду өзінің футболдағы дәуірі әлі аяқталмағанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс23 Қазан, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек