Кеше, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?Астанада 9 және 11 қазанда «Ана жолы» спектакль-перформансының премьерасы өтеді. Музыкалық жас көрермен театрында сахналанатын қойылымда ана мен қыздың қарым-қатынасы, әйелдердің өмірлік таңдауы, қоғамның қыздарға қоятын талаптары және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі көтеріледі. Спектакльдің авторы әрі режиссері Іңкәр Каримова El.kz тілшісіне қойылым идеясының қалай туғанын, шынайы оқиғалардың сахнаға қалай бейімделгенін және көрерменге қандай ой жеткізгісі келетінін айтып берді.
«Неге шежіреде әйелдердің есімі жазылмайды?»
«Ана жолы» спектаклінің идеясы режиссердің өз шежіресін зерттеуінен басталған. Іңкәр Каримова бір жыл бұрын ата-тегіне қатысты деректерді қарастырып, әйелдердің тарихтағы орны туралы ойлана бастаған. Режиссер Найман руының Мұрын тармағынан тарайтынын айтады. Мұрынның әйел адам болғанын білген ол өзінің әйелден тараған ұрпақ екенін мақтан тұтқан. Алайда шежірені зерттеген сайын көкейінде жаңа сұрақтар пайда болған.
Неге шежіреде әйелдердің аты жазылмайды? Неге қазіргі қоғамда әйелдерді кемсіту, оларды бір саты төмен қою сияқты жағдайлар кездеседі? Осы сұрақтар мені толғандырды, – дейді режиссер.
Осыдан кейін Іңкәр Каримова «Қазақстанда әйел болу қандай?» деген сұраққа жауап іздеуге кіріскен. Ол жиырмаға жуық сұрақтан тұратын сауалнама дайындап, интернетте жариялаған. Әйелдер оған аты-жөнін көрсетпей жауап беріп, өз өміріндегі оқиғаларын бөліскен. Олардан жиналған жауапты саралап, әртүрлі тағдыр мен өмірлік жағдайды қамтитын әңгімелерді іріктеген. Кейін көркем өңдеп, біртұтас драматургиялық желіге біріктірген.
Спектакль деректі оқиғаларға негізделгенімен, сахнадағы актрисалар өздерінің туған аналары туралы әңгімелемейді. Олар пьесадағы актриса-кейіпкерлерді сомдап, сол кейіпкерлердің анасының тағдырын баяндайды.
Іңкәр Каримованың айтуынша, сауалнамаға қатысқан әйелдерге олардың әңгімелері спектакльде пайдаланылуы мүмкін екені алдын ала ескертілген.
«Анамның өмірін қайталағым келмейді. Бірақ оны сол үшін сөкпеймін»
Қойылымның негізгі тақырыбы – ана мен қыздың қарым-қатынасы. Алайда режиссер спектакльді тек аналар туралы шығарма ретінде қарастырмайды. Оның айтуынша, сахнада бүгінгі жас қыздардың ойы, қорқынышы, қоғамнан көретін қысымы және болашаққа қатысты таңдауы да көрсетіледі.
Мен аналардың атынан спектакль қойғым келген жоқ. Керісінше, өзіммен жасты, 25-27 жастағы және одан кіші қыздардың ойында не болып жатқанын көрсеткім келді. Қыздар аналарының қалай өмір сүргенін көріп өсті. Енді олар сол өмірден не түйгенін, өздері қалай өмір сүргісі келетінін айтады, – дейді Іңкәр Каримова.
Спектакльде «Біз аналарымыздың орнында болсақ, қандай өмір сүрер едік?» деген сұрақ қойылады.
Кейіпкерлердің бұл сауалға жауабы әртүрлі. Бірі анасының тағдырын қайталағысы келмейтінін айтса, екіншісі оның орнында басқаша шешім қабылдар едім деп ойлайды. Ал тағы бірі анасының жас кезіндегі өзін құшақтағысы келеді.
Режиссердің өзі де бұл сұраққа біржақты жауап бере алмайтынын айтады.
Мен қазірдің өзінде анамнан өзгеше өмір сүріп жатырмын. Өмірімнің осылай қалыптасқаны үшін анама алғыс білдіргім келеді. Анамның тағдырын өзіме қаламасам да, оны сол үшін сөкпеймін. Оның өмірін кемсітпеймін, қадірсіз деп санамаймын. Керісінше, өз өмірінен маған және әпкеме орын тауып, бізге соншама уақыт пен көңіл бөлгеніне ризамын, – дейді ол.
Іңкәр Каримованың анасы оған бала кезінен білім алып, арманына ұмтылуға кеңес берген. Дегенмен анасы мен қызының өмірге көзқарасы әрдайым сәйкес келе бермейді. Режиссер мұны ұрпақтар арасындағы түсініспеушіліктің бір көрінісі деп қабылдайды. Оның ойынша, балалар көбіне аналарының қандай жағдайда өскенін, қандай мүмкіндіктері болғанын және нені армандағанын біле бермейді.
Біз аналарымызды көбіне мінсіз адам ретінде көреміз. Олар қателеспеуі керек, бәріне үлгеруі керек сияқты. Қоғам да, баласы да, ер адам да анадан тым көп нәрсе күтеді. Жұмыс істеуі, тамақ пісіруі, үй жинауы, бала қарауы, сабағын қадағалауы керек. Бірақ осының бәрін атқарып жүрген ананың ішінде де кішкентай қыз бар. Біз сол қызды көргіміз келеді, – дейді режиссер.
Осылайша спектакльде ана тек отбасының қамын ойлайтын адам ретінде емес, өз арманы, қалауы, өкініші мен таңдауы бар жеке тұлға ретінде көрсетіледі.
«Қыз беске оқуы керек. Ал кейін оның білімі қайда қалады?»
Іңкәр Каримова қойылымда қоғамның қыздарға қоятын талаптарына ерекше назар аударған. Режиссердің пікірінше, қыз бала кішкентайынан тәртіпті, білімді, әдемі әрі үлгілі болуға міндетт секілді. Мектепте үздік оқуы керек, өзгелерге өнеге көрсетуі керек деген толып жатқан талаптар бар. Алайда жоғары білім алғаннан кейін оның мүмкіндіктері көбіне отбасы мен тұрмыстың шеңберінде бағалана бастайды.
Қыз ең ақылды, ең әдемі болуы керек. Мектепте де қыздарға талап қатты қойылады. Қыздар барлық жерде бірінші болып, беске оқуы керек. Бірақ университетті бітіргеннен кейін сол талаптар неге жоққа кетеді? Неге оның оқып, жинаған бүкіл білімі тек бала көтеруге, үй мен отбасын ұстауға ғана пайдаланылуы керек? Мен осыны түсінбеймін, – дейді Іңкәр Каримова.
Ол қыз баланың өмірлік таңдауын қоғамның алдын ала белгілеп қоюын сынға алады. Режиссердің айтуынша, «өз үйіңде қонақсың, ертең басқа үйге барып, үлгілі келін болуың керек» деген түсінік қыздардың болашағына қатысты шешіміне ықпал етеді.
Біздің қоғамда қыз алдымен бәрінен озық болуы керек, ал кейін оны сөндіретін де – сол қоғам, сол отбасы. Қыз өз әлеуетін жүзеге асыра алмай қалады. Менің жаныма бататыны – осы, – дейді ол.
Іңкәр Каримова мұндай талаптардың қыздардың өзіне деген сеніміне де әсер ететінін айтады. Оның сөзінше, сырт келбетіне, киіміне, ойына немесе айтқан сөзіне байланысты сын естіген қыздар өзін өзгелерден кем сезінуі мүмкін.
Менің ішкі тілегім – қыздарды, әйелдерді, аналарды жайына қалдырса екен. Оларға қойылатын талаптар мен өзгелердің үміті бойларында түрлі сенімсіздік тудырады. Қарасаң, әп-әдемі, ақылды қыз. Бірақ өзін лайықсыз сезінеді, – дейді режиссер.
Оның айтуынша, қойылымдағы маңызды ойлардың бірі – әр қыздың өз жолын таңдауға құқығы бар екені.
Алып қашудың құрбаны болған ана мен феминист қыздың тағдыры
«Ана жолында» бір-біріне ұқсамайтын әйелдердің оқиғалары баяндалады. Солардың бірі – тұрмысқа өз еркімен емес, алып қашудың құрбаны боп шыққан әйелдің тағдыры. Бұл кейіпкер өзі бастан өткерген өмірді қызының қайталағанын қаламайды. Сондықтан оған білім алуды, тұрмысқа шығуға асықпауды, алдымен өзін ойлауды үйретеді. Ал қызы есейгенде феминистік көзқарасты ұстанады.
Тағы бір оқиғада анасы тастап кеткен қыздың өмірі көрсетіледі. Әкесінің тәрбиесінде өскен ол басқа қыздармен тіл табысуда қиналады. Достық қарым-қатынас орнату да оған оңайға соқпайды. Режиссер осы оқиғалар арқылы аналардың өмірлік таңдауы мен бастан өткерген жағдайлары балаларының дүниетанымына қалай әсер ететінін көрсеткісі келген.
Спектакльде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де қозғалады.
Егер залда отырған бір қыз осы оқиғадан өзін танып, жалғыз емес екенін түсінсе, өзінің басынан өткен жағдайдың сахнада да айтылып жатқанын көрсе және бұл оған аз да болса көмектессе, мен қатты қуанар едім, – дейді Іңкәр Каримова.
Режиссердің айтуынша, қойылымдағы оқиғалардың мақсаты – белгілі бір кейіпкерді айыптау немесе ақтау емес. Ол көрерменнің өзі ой түйгенін қалайды.
Жеті актриса, жеті монолог
«Ана жолы» дәстүрлі драмалық қойылымнан сахналық формасымен де ерекшеленеді. Мұнда деректі мәтін, музыка, би және пластикалық қимыл қатар қолданылады.
Сахнаға жеті актриса шығады. Әрқайсысының жеке монологі бар. Олардың әңгімелері музыкамен сүйемелденіп, кей тұста сөздің орнын қимыл басады.
Іңкәр Каримова бұл тәсілді кездейсоқ таңдамаған. Ол бұрын бимен айналысқандықтан, адамның сезімін дене қозғалысы арқылы жеткізу мүмкіндігіне ерекше қызығады.
Кейде дене қимылы, қозғалыс пен музыка сөзден де көп нәрсе айта алады. Сондықтан көрерменге кейбір сезімдерді сөзсіз жеткізгім келді, – дейді режиссер.
Қойылымда музыка негізінен монологтерді толықтырып, олардың эмоционалдық әсерін күшейтуге қызмет етеді. Әр кейіпкердің әңгімесіне сәйкес музыкалық лейтмотивтер қолданылады. Спектакльдің тағы бір ерекшелігі – көрерменмен тікелей байланыс орнату. Актрисалар залда отырған адамдарға сұрақ қояды. Көрермен жауап беруге немесе қол көтеруге ерікті. Ешкімнен міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Режиссер бұл тәсіл арқылы сахна мен зал арасындағы шартты шекараны жойып, көтерілген мәселелерге көрерменнің де қатысы бар екенін сездіргісі келеді.
Біз бәріміз – қоғамбыз. Ешкім бұл мәселелердің маған қатысы жоқ деп шетте қала алмайды. Қазір болып жатқан жағдайларға да өзіміздің қатысымыз бар, оны өзгерту де өз қолымызда, – дейді Іңкәр Каримова.
«Аналарымыз да алғаш рет өмір сүріп жатыр»
Спектакльге дайындық барысында актрисалар пьесаны бірге оқып, талқылаған. Әрқайсысы өз өмірінен немесе таныстарының басынан өткен оқиғалармен бөліскен.
Бұл әңгімелер шығармашылық топтың қойылымға деген көзқарасын тереңдете түскен.
Қыздармен бірге «Аналарымыз да алғаш рет өмір сүріп жатыр ғой» деген ойға келдік. Аналарымызға деген махаббатымызды көрсету керек екенін түсіндік, – дейді режиссер.
Дегенмен қойылымды сахнаға шығару оңай болмаған. Іңкәр Каримованың айтуынша, дайындық кезінде қорқыныш пен сенімсіздік те кездескен. Тіпті спектакльге қатысудан бас тартқан актрисалар болған.
Шығармашылық топ дайындық кезінде феминизм, қоғамның әйелге көзқарасы және қыздардың еркіндігі туралы көп талқылаған. Режиссер осы әңгімелердің барысында барлық сұраққа бірден жауап беру мүмкін емес екенін түсінгендерін айтады. Соған қарамастан шығармашылық топ жұмысты жалғастырған. Іңкәр Каримова бұл тақырыптарды сахнаға шығаруға мүмкіндік берген театр директоры Асхат Максимұлы Маемировке, актрисалар мен қойылым тобына алғыс білдіреді.
«Спектакльден кейін анаңыздан өмірі туралы сұраңыз»
Режиссер көрерменнің қойылымнан дайын жауап алып шыққанын қаламайды. Оның мақсаты – ана мен қыздың қарым-қатынасына, әйелдердің өмірлік таңдауына және қоғамдағы қалыптасқан түсініктерге басқа қырынан қарауға мүмкіндік беру.
Іңкәр Каримованың айтуынша, спектакльден кейін көрермен анасының қандай өмір сүргені, нені армандағаны және қандай қиындықтарды бастан өткергені туралы ойланса, қойылымның негізгі мақсатының бірі орындалады.
Көрермен спектакльден шыққан соң анасына «Мама, өмірің қандай болды? Сол кезде немен айналыстың?» деген қарапайым сұрақтар қойса екен деймін, – дейді ол.
Режиссер мұндай түсіністік тек аналарға ғана емес, әйелдерге, қыздарға және ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа да қажет деп есептейді.
Егер осы спектакльден кейін бір адам болса да әйелдерге, феминизмге, патриархатқа немесе қоғамның құрылымына деген көзқарасын өзгертсе, миссиямның бір бөлігі орындалды деп санаймын, – дейді Іңкәр Каримова.
Ол ана болуды әйелдің өміріндегі өзінен-өзі түсінікті міндет ретінде қабылдауға болмайтынын да атап өтті. Себебі ана атанған әйелдің денсаулығы, кәсіби өмірі, күнделікті тұрмысы мен жеке еркіндігі өзгеруі мүмкін. Режиссер осы өзгерістердің артында тұрған еңбектің ескерілгенін қалайды. Ал қойылымның соңғы сөзі оның негізгі идеясын түйіндейді:
«Ана болу – бұл жай ғана кезең емес, әр әйелдің өзіне ғана тән қайталанбас дара жолы».
«Ана жолы» спектаклінің премьерасы қашан өтеді?
«Ана жолы» пластикалық-музыкалық спектакль-перформансының премьерасы 2026 жылғы 9 және 11 қазанда Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театрында өтеді.
Қойылымның авторы, қоюшы режиссері әрі суретшісі – Іңкәр Каримова. Қоюшы хореограф – Камила Бузанова. Қоюшы хормейстер – Әлихан Ыдырысов. Музыкалық көркемдеуші – Осман Абайділдә, Дастан Мергали. Жарық суретшісі – Асылбек Оспанов, Ильясхан Алимов. Режиссердің ассистенті – Айза Абельбасова, редактор – Нұрлыгүл Ғалымжанқызы. Декоратор – Мақсат Сүйінғали.
Спектакльге басты жеті актриса, сонымен қатар қосалқы құрамдағы бес актриса қатысады. Атап айтсақ, Нұрай Рысбекова, Дана Верещак, Лаура Аязбаева, Дана Қабылова, Аружан Темірханова, Майра Марғұланқызы, Айдана Болат, Жансұлу Төлеген, Айя Дарибаева, Аружан Бағзат, Айдана Жетешова, Альфия Хайзуллиева. Қойылым 14 жастан асқан көрермендерге арналған.
Өтетін орны: Астана қаласы, Ж. Омаров көшесі, 47Б, Музыкалық жас көрермен театры.
Кеше, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін берді1 Қазан, 12:41
Азиаданың финалына шыққан Ажар Асхат туралы не білеміз?1 Қазан, 11:32
«Шындықты жайып саламын»: Роналду ұлттық құрамадан кетті ме?