Қытайлық математик шешімі табылмаған есептерді шығарғандарға сыйақы бермек

Қытайлық математик шешімі табылмаған есептерді шығарғандарға сыйақы бермек

Мадина Асылбекова
Фото: scmp.com

Қытайлық математик, Нанкин университетінің профессоры Сунь Чживэй шешімі әлі табылмаған 1000-нан астам математикалық болжамды бір жинаққа топтастырды.

Ғалым оның шешімін тапқандарға өз жалақысынан ақшалай сыйақы беруге де дайын. Ол зерттеулерінде жасанды интеллектіні де пайдаланып, оны «білімді әрі зерек аспирантқа» теңейді.

South China Morning Post басылымының жазуынша, биыл жарық көрген 400 беттен асатын жинаққа математиканың әлі де зерттеуді қажет ететін көптеген мәселесі енген. Сунь Чживэй ғылыми қауымдастықты осы болжамдардың шешімін іздеуге шақырып отыр. Ал кейбір есептерді дәлелдеп шыққандарға жеке қаражатынан сыйақы ұсынған.

Жасанды интеллектіні «зерек аспирант» деп санайды

Сунь Чживэйдің пікірінше, жасанды интеллект зерттеушілерге көмектесіп, күнделікті қайталанатын есептеулерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында математиктер уақытын жаңа әдістер мен теорияларды әзірлеуге жұмсай алады.

Ғалым күрделі математикалық есептерді шешу үшін жасанды интеллектіні де қолданады. Ол ЖИ-дің жұмысын өзі басқарып, интернетке қосылуын шектейді. Себебі жүйе есептің әлі шешілмегенін біліп қойса, оны шешуге тырыспай қоюы мүмкін.

Мен жасанды интеллектіні өте білімді, еңбекқор әрі зерек аспирант ретінде қабылдаймын, – дейді математик.

Оның есептеу құралдарына деген қызығушылығы 2005 жылы басталған. Ал 2009 жылы Mathematica бағдарламасын меңгеріп, оның көмегімен мыңдаған жеке жағдайды тексеруге мүмкіндік алған.

Сунь Чживэй ғылымның дамуы тек дайын сұрақтарға жауап табумен шектелмейтінін айтады. Оның пікірінше, жаңа сұрақтар қоя білу және зерттеуге деген қызығушылық та маңызды рөл атқарады.

Ғалым жасанды интеллектінің дамуына байланысты математиктерге алаңдаудың қажеті жоқ деп есептейді.

Жасанды интеллект кез келген математикалық есепті шеше алмайды. Сондықтан математиктерге дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ, – дейді ол.

Ғалымдар ЖИ-дің ғылымға ықпалын талқылап жатыр

Жасанды интеллектінің ғылымға әсері математиктер арасында қызу талқыланып жатыр. Қыркүйек айында Филдс медалін алған 25 математик ЖИ-дің дамуы ғылыми зерттеулерге кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Ғалымдардың ашық хатында ЖИ әзірлеуші компаниялар өз модельдерін көбіне бұрыннан белгілі есептерді қаншалықты жақсы шығаратынына қарап бағалайтыны айтылған. Алайда ғылым үшін дайын есептердің жауабын табу ғана емес, жаңа әдістер ұсынып, тың идеялар ашу да маңызды.

Математиктер ЖИ көмегімен алынған нәтижелерді асығыс жариялау олардың дұрыстығын мұқият тексеруге, авторлардың үлесін анықтауға және өзге зерттеулерден алынған тұжырымдарды ажыратуға кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдайды.

Сонымен қатар ғалымдар жасанды интеллектінің зерттеу жұмысын жылдамдатып, жаңа мүмкіндіктер ашатынын да жоққа шығармайды. Олардың пікірінше, бұл технологияның ғылымға тигізетін әсері оны адамдардың қалай қолданатынына байланысты.

OpenAI мәлімдемесі дау туғызды

Бұл пікірталасқа OpenAI компаниясының өз моделінің мыңжылдықтың жеті математикалық мәселесінің бірі — Навье-Стокс теңдеулеріне қатысты мәселені шешкені туралы мәлімдемесі де себеп болды. Бұл мәселе теңдеулер шешімдері мен олардың тегістігіне қатысты.

Осы мәлімдемеден кейін Нью-Йорк университетінің профессоры Тристан Бакмастер OpenAI математик Левент Алпёге екеуінің ортақ зерттеу жұмыстарының нәтижелерін пайдаланған болуы мүмкін деп мәлімдеме жасады.

Бакмастердің айтуынша, OpenAI зерттеу нәтижелерін жариялаудың бірнеше нұсқасын ұсынып, екі рет Алпёгені авторлар тізімінен алып тастауды сұраған. Дегенмен профессор OpenAI ұсынған дәлелдемені көрмегенін және компания олардың зерттеу жобаларын Codex жүйесі арқылы пайдаланған деп нақты айып тақпайтынын атап өтті.

Мен өзіме не айтылғанын, оның қашан болғанын және маған қандай ұсыныс жасалғанын баяндап отырмын, – деді Бакмастер.

Оқи отырыңыз

{