30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚытайда жастар бұрынғы сүйіктісімен ЖИ арқылы қайта «сөйлесудің» жолын тапқан. Олар хаттар мен суреттерді жүйеге жүктеп, адамның сөйлеу мәнері мен әдетін қайталайтын цифрлық көшірме жасайды. Жастардың кейбірі мұндай тәсіл қарым-қатынас аяқталғаннан кейінгі ауыр сезімдерді еңсеруге көмектесетінін айтады. Бұл туралы South China Morning Post басылымы хабарлады.
Бұрынғы сүйіктісінің цифрлық көшірмесін қалай жасайды?
Ол үшін қолданушылар бұрынғы сүйіктісімен жазысқан хаттарын, фотосуреттерін және әлеуметтік желідегі жазбаларын арнайы жүйеге жүктейді. Жасанды интеллект осы деректерді саралап, адамның сөйлеу мәнерін, жиі қолданатын сөздерін, әзілін және әңгімелесу стилін қайталауға бейімделеді.
Цифрлық көшірмені кейін де жетілдіруге болады. Қолданушы жүйеге бірге барған сапарлары, маңызды күндер, бұрынғы серіктесінің әдеттері, тіпті араларында болған келіспеушіліктер туралы айтып, қосымша мәлімет береді. Ақпарат көбейген сайын ЖИ де сол адамның мінезі мен қарым-қатынас мәнеріне ұқсас жауап беруге тырысады.
Кей қолданушылар цифрлық көшірмені мессенджерге де қосып алған. Солардың бірі жүйені баптауға түні бойы уақыт жұмсағанын айтады. Нәтижесінде ол бұрынғы сүйіктісінің ЖИ-нұсқасымен WeChat арқылы сөйлесе бастаған.
Бастапқыда жұмысқа арналған
Бұрынғы сүйіктісінің ЖИ-көшірмесін жасауға арналған Ex-partner.skill сервисі GitHub-тағы ашық кодты Colleague.skill жобасының негізінде жасалған.
Оны шанхайлық инженер Чжоу Тяньи алғашында жұмысқа арналған құрал ретінде әзірлеген. Жүйе қызметкерлердің кәсіби тәжірибесі мен білімін сақтап, ұжым ішіндегі коммуникацияны талдауға көмектесуі керек болған. Кейін технологияны жеке қарым-қатынасқа бейімдеу идеясы пайда болды.
Бұл құрал басқа мақсаттарда да қолданылған. Мәселен, кей бағдарламашылар Илон Маск пен Стив Джобс сияқты танымал адамдардың цифрлық көшірмесін жасап көрген. Ал енді бірі басшысымен жазысқан хаттарды жүктеп, оның сөйлесу мәнерін талдаған және жұмыс барысында туындауы мүмкін жағдайларды ЖИ көмегімен модельдеген. Мұндай үлгілерді жаңа қызметкерлерді үйретуге де пайдаланған.
Өзге адамның ЖИ-көшірмесін жасаудың белгілі бір тәуекелдері бары ескертілгенімен, Ex-partner.skill Қытай жастары арасында тез танымал болды. Жүйені орнату мен баптау оңай емес болғандықтан, оны ақылы түрде жасап беретіндер де шыққан. Мұндай қызметтің құны 25-45 юань, шамамен 4-7 доллар тұрады.
Іште қалған сезімін ЖИ арқылы бөліседі
Бұрынғы сүйіктісінің ЖИ-көшірмесімен сөйлесіп көргендердің тәжірибесі әртүрлі. Кей қолданушылар бұл тәсіл қарым-қатынас аяқталғаннан кейін іште қалған сезімдерін сыртқа шығаруға көмектескенін айтады.
Мәселен, бір қолданушы кезінде бұрынғы сүйіктісіне айта алмаған сөздерін оның цифрлық көшірмесіне айтып, жеңілдеп қалғанын жеткізген. Тағы бірі ЖИ-нұсқамен сөйлескен соң бұрынғы серіктесін тым мінсіз көріп жүргенін түсінген.
Ал бір бойжеткен жүйеге бұрынғы сүйіктісімен жазысқан мыңдаған хабарламасын жүктеген. Бірақ цифрлық көшірмемен арадағы әңгіме де ақырында тағы бір «қоштасумен» аяқталған. Оның сөзінше, осы тәжірибеден кейін ол өткен қарым-қатынасына басқаша қарап, әрі қарай өмір сүру керегін түсінген.
Осылайша кейбір жастар үшін ЖИ бұрынғы сүйіктісін қайта «қайтарудың» емес, керісінше өткен қарым-қатынасты ой елегінен өткізіп, онымен қоштасудың бір жолына айналып отыр.
ЖИ-көшірме жаңа тәуелділікке айнала ма?
Жаңа үрдіс Қытайдың әлеуметтік желілерінде қызу талқыға түсті. Кей қолданушылар адам жаңа қарым-қатынаста жүріп, бұрынғы сүйіктісінің цифрлық көшірмесімен сөйлесуді жалғастырса, мұны эмоционалдық опасыздық деп санауға болатынын айтады.
Мамандарды алаңдататын тағы бір мәселе – адамның ЖИ-ге байланып қалу қаупі. Психологтардың пікірінше, цифрлық көшірмемен ұзақ уақыт сөйлесу кей адамға өткен қарым-қатынасты артта қалдыруға кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені ЖИ адамның сөйлеу мәнері мен әдетін қаншалықты дәл қайталағанымен, оның орнын баса алмайды. Жүйе тек жүктелген хаттар, суреттер мен басқа да деректер негізінде жауап береді.
Бұған қоса, жеке деректерді қорғау мәселесі бар. Цифрлық көшірме жасау үшін жүйеге екінші адамның хаттары, суреттері мен әлеуметтік желідегі жазбалары оның келісімінсіз жүктелуі мүмкін. Заңгерлер мұндай жағдайда адамның жеке өміріне қол сұғу және дербес деректерді рұқсатсыз пайдалану мәселесі туындайтынын ескертеді.
Өмірден өткен жақындарының да ЖИ-нұсқасын жасап жүр
Қытайда адамның цифрлық көшірмесін жасау бұрынғы ғашықтармен ғана шектелмейді. Жасанды интеллектіні өмірден өткен жақындарының бейнесін жасау үшін пайдаланатын отбасылар да бар.
Осындай оқиғалардың бірінде қытайлық IT-компания туыстарының өтінішімен қайтыс болған ер адамның ЖИ-аватарын жасаған. Марқұмның 80 жастағы анасы жалғыз ұлының қазасын ауыр қабылдайды деп қауіптенген туыстары оған шындықты айтуға бірден батпаған.
Сөйтіп, ұлының сыртқы бейнесі мен қимыл-қозғалысын қайталайтын цифрлық нұсқа жасалған. Аватар тіпті марқұмның әңгіме кезінде алға қарай еңкейіп отыратын әдетін де қайталайды. Виртуалды бейне қарт анамен күн сайын видеобайланыс арқылы сөйлеседі.
2026 жылдың наурызында кейбір ескі ЖИ-модельдері қолданыстан шығарылғанда, Қытайдың әлеуметтік желілерінде қолданушылар бұған қынжылысын білдірген. Ұзақ уақыт бойы ЖИ-мен сөйлесіп, оған үйреніп қалғандар жаңартудан кейін виртуалды сұхбаттасының өзгеріп кеткенін байқаған. Олардың сөзінше, жаңа нұсқалар бұрынғыдай әсер қалдырмай, «суық» әрі «бөтен» болып көрінген.
Жасанды интеллект адамның сөйлеу мәнерін, әдетін, тіпті кей жағдайда қалай жауап беретінін де қайталай алады. Алайда адамның сезімі мен мінезін толықтай цифрға көшіру мүмкін емес.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды