Қытай Айға адам ұшыру бағдарламасын қарқынды түрде дамытып жатыр.
Елде жаңа буындағы ғарыш кемесін жасау жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы Қытай аэроғарыш ғылымы және техникасы корпорациясының Бесінші ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Шао Лиминь мәлімдеді.
Маманның айтуынша, жақын болашақта Қытай азаматтары Ай бетіне қадам басуы әбден мүмкін. Соңғы екі жылда Бейжің пилотталатын Ай бағдарламасын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
Жаңа буындағы ғарыш кемесінің ғарышқа ұшып, тайконавтар үшін Жерден тыс кеңістікке сапар жасауға мүмкіндік беретін жаңа платформа қалыптастыратынын көреміз деп үміттенемін, – деді Шао Лиминь.
Бұл мәлімдеме Қытайда 24 сәуірде атап өтілетін Ұлттық ғарыш күні қарсаңында жасалды.
Айға қону 2030 жылға жоспарланған
Қытай билігі тайконавтарды Айға 2030 жылы қондыруды жоспарлап отыр. Бұл ғарыш кемесі осы миссияның негізгі элементіне айналмақ.
Айта кетейік, Қытай Ұлттық ғарыш күнін 2016 жылдан бері атап өтеді. Бұл күн 1970 жылы елдің алғашқы «Дунфанхун-1» жасанды серігінің ұшырылуына орай белгіленген.
Ендігі мақсат – Марс пен астероидтар
Қытай тек Аймен шектеліп отырған жоқ. Ел 2031 жылы «Тяньвэнь-3» миссиясы арқылы Марстан топырақ үлгілерін Жерге жеткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар 2026 жылы бірқатар маңызды миссия жүзеге аспақ. Олардың қатарында «Тяньвэнь-2» аппаратының 2016 HO3 астероидына жақындап, оны жан-жақты зерттеуі бар.
Бұл туралы Қытай ұлттық ғарыш басқармасының (CNSA) өкілдері мәлімдеді.
Ғарыштағы белсенділік артып келеді
Жаңа бағдарламалар Қытайдың ғарыш саласындағы қарқынын айқын көрсетеді. Мәселен, 2025 жылы ел 92 зымыран ұшырып, бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 35 пайыз артқан.
Сол жылы «Тяньвэнь-2» аппараты астероидқа бағыт алып, Қытайдың осы бағыттағы алғашқы зерттеу миссиясына айналды.
Ал Марсты зерттеу «Тяньвэнь-1» миссиясы аясында жалғасуда. Қазіргі таңда шамамен 3,5 терабайт ғылыми дерек ашық қолданысқа берілген.
Пилотталатын миссиялар мен жаңа технологиялар
Пилотталатын бағдарлама аясында Қытай төрт ұшыру мен екі экипаж қондыру операциясын жүзеге асырды. Сонымен қатар алғашқы авариялық миссия да өткізілген.
Алдағы жоспарлар қатарында:
«Шэньчжоу-23» миссиясы арқылы экипажды «Тяньгун» орбиталық станциясына жеткізу
Қытай ғарыш инфрақұрылымын да белсенді дамытып келеді.
BeiDou навигациялық жүйесінің қолдану аясы кеңеюде
Сондай-ақ «Чанчжэн-2D» зымыраны қатарынан 100 сәтті ұшыру жасап, рекорд орнатты. Ал жаңа Zhuque-3 және «Чанчжэн-12А» зымырандары алғашқы сынақтардан өтті.