Мәдениет

«Қымбат әйел болу – өнер»: қыздар оқуы тиіс кітаптың басты ойлары

16.06.2026 16:27
EL.KZ
Фото: Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Саяхатқа шығып, әлемді аралаймын деген бала арманының жетегінде жүріп,  бүгінде қырық жеті елді аралаған жиһанкез жазушы Динара Болат – қыз-келіншектерге арналған тұлғалық даму тақырыбында қалам тербеп жүрген журналист, «Өмірге шексіз ғашық», «...Соңына дейін әйел» кітаптарының авторы, психолог.

Автор «...Соңына дейін әйел» кітабы жайлы: «Әр қазақ қызына, келіншегіне, анасына қатысты бірнеше жыл сақтап келген ащы-жылы, ең бастысы жанашыр ойларым, өзімізді сақтау, бақытты болу туралы кеңестерім бәрі осы кітаптың ішінде» дейді.

«Әйел адам қыз кезінен бір нәрсемен кәдімгідей ауыруы керек. Жақсы мағынада. Қызығушылығымен, өнерімен, арманымен. Өз бағытын анықтамаған, өзін арнайтын сала таппаған жан ертең адаммен ауыратын дертке шалдығады. Жақсы емес. Бар көңіл күйі жанындағы адамға тәуелді болып, мұндай байланыс өзінің де, өзгенің де ығырын шығарып, шаршатып, екеудің бақытына кедергі болады», - дейді  Динара «...Соңына дейін әйел» кітабының басында.

Орынды айтылған сөздер. Жас қыз тұлға ретінде өмірден өзін таппай жатып, тұрмыс құрып, күйеуінің жетегінде кетсе, уақыт өте сол адамға эмоционалды түрде тәуелді болып шыға келеді. Жеке арманы, дара мақсаты болмаған соң, айналып келіп бала-шаға, отбасы деумен тұрмыста жұтылып кетері де анық. Бұл жайында:  «...Санаңдағы түсініктерді билеу! Өзгеріске жолдың басында ең әуелі осы керек екен. Бұрын ата-ана, мектеп, қоғам қалыптастырған түсініктер сенің өміріңе келіп әмірін жүргізбес үшін оның өзін әлсірету, құнсыздандыру, сындыру, жою қажет. Кім не десе де, мен әйел, келін, анадан бұрын Адаммын» деп әдемі жеткізген. «Әр әйелдің күнделікті тұрмыста мың қырық міндеттері мен қызметінен бөлек, ошақтың қасында жүріп тұлға екендігі ұмытылмау керек», - деп жанашырлықпен жеткізеді.

«Керемет келіншек»

«...Халықтың арасында «КЕРЕМЕТ КЕЛІНШЕК» деген түсінік бар. Әдетте күтімі бар, жарқ-жұрқ еткен, жүзі бақыттан бал-бұл жанған, өзіне сенімді, өте білімді, жақсы киінетін, шетелдерге жиі шығатын келіншектерге «керемет» сөзін қимаймыз. Олар біз үшін «еріккен», «құтырған», «өзінше болғандар». Жалпақ тілмен айтсақ, халықтың түсінігіндегі «керемет келіншек» мына жағдайларда қолданылады: Өзі керемет келіншек. Анау алқаш күйеуін адам етіп отыр. Ол керемет келіншек, көк долы енесіне де шыдап өтті ғой. Өзі керемет келіншек, ақша таппайтын күйеуін қатарынан қалдырмай сүйреп, ақыры байытты. Ол керемет келіншек, анау жарым күйеуі ұрса да, тепсе де, қартайғанда ақыры жеңді ғой. Несімен керемет сонда бұл келіншек? Бақытсыз ғой ол. Шыдады, көнді, жеңді. Бүкіл ғұмыры күреске кетті. Нәтижесінде: іші құса болған, жүйкесі тозған. Жүрегі шаншып-шаншып, парша-паршасы шыққан. Әбден мыж-мыж болғанда, айналасындағы ақымақтарды жеңгені не керек? Алысып жүргенде өз дәурені бітті де қалды. Несімен керемет ол келіншек? Жұрт үшін керемет шығар. Бірақ ішкі сезімдері керемет емес».

Ауыр айтылса да, қоғамда бар мысал. Астары жұрт үшін өмір сүріп, елдің сөзі үшін шаршап тынған жандар жайлы. Осы арқылы бағаланбаған жерден алыс жүруді, шама-шарқың жеткенше адам ретінде бақытты болуды үндейді. Бүгінгі қоғамда ел не дейділеп өз өмірін түрлі «жақтау» ішіне тығып тастағандар аз емес. Сондай жағдайдың арты қандай болатынын ел үшін «керемет келіншек» атанған мысалымен келісті келтірген.

Қымбат әйел болу – өнер

Әуелден әйел болып жаратылған соң, соңына дейін де әйел болу – үлкен өнер. Әр екінші әйел гендерлік теңдік деген заманда, жаның қатайып кетпей, әйелдік болмыс пен тұрақтылықты, әйелдік қуат пен нәзіктікті сақтау – ерлік. Күнделікті күйбеңнен өзіңді шаршатып алмай, уақытында тоқтай білу, жай әйел емес, қымбат әйел болу – кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Ол жайлы автор кітабында былай дейді:

«Каппадокияға турыммен келген кез. Ұлттық ән, би, сиқырды тамашалаудан тұратын Каппадокияның түнгі шоуына келдік. Шоу қыздардың биінен басталды. Ортада шығыс биінің костюмін киген әйел адам билей бастады. Бишінің қимылдарына сүйсіндік. Алайда биші әйелдің түрі шаршаңқы көрінді. Энергиясы емес, түрі. Өте айқын көрінетін жапсырылған кірпіктер, бояуға күйіп тынған шашының түсі, сояудай тырнақтары, күнге күйген денесі – бәрі шаршап қалған арзан әйелді көрсетті. Адам көз алдындағы көріністен ой түйіп, сабақ алады емес пе? Ой келді. Арзан емес, қымбат әйел болудың маңызын осы ретте түсіндім. Сен үйде жүрген бес баланың анасы боласың ба, базардағы саудагерсің бе, мейлі қатардағы мемлекеттік қызметкер болсаң да, қымбат әйел болу қажет екен. Отырып ойландым. Барлығы әйелдің өзіне деген қатынасында болып тұр. Күтіну, әдеп пен әдемі қылық тәрбиелеу, талғаммен киіну, қай жерде, қандай жағдайда жүрсең де өзіңді асылдай ұсына білу. Әйелдік қуатыңды әңгіме-дүкенге емес, дұрыс бағытқа жұмсай алу. Міне, нағыз қымбат әйел, меніңше, осы».

Өлі ана синдромы

Келесі тарауда жазушы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа әдемі тоқталған. Аналардың күйбең тірліктен шаршап, кейде бәрін автоматты түрде жасайтын кезін «өлі ана синдромы» деп атайды.

«Психоаналитиктер арасында «өлі ана синдромы» – жиі қолданылатын ұғым. Шаршаған, депрессиядағы, жаны суық аналарға қатысты айтылады. Баланың өмірінде бар. Киімін жуады, тамағын береді, болашағын ойлайды, уайымдайды, қорғайды. Бірақ баланы аз құшақтайды. Бір сәт тоқтап бала көзіне жылы қарамайды. Баламен эмоционалды байланыс жоқ. Бәрін автоматты түрде жасайды. Анасы тірі. Бірақ анасының сезімдері өлі» дейді жазушы. Бұл тарауда автор бала кезінде анасымен өзінің қарым-қатынасы жайлы, сондай-ақ қазіргі өзінің ана рөліндегі ұл-қызымен қарым-қатынасын мысалға ала отырып, тарқатып жазған.

«Балаларыма көбірек тактильді, эмоционалды жылулық сыйлауға тырысамын. Өте көп құшақтасамыз. Қызыма «Көздерің әдемі», «Дәл осылай қайта қарашы, қарағаның қандай әдемі» деп ерекше әдемі тұстарын есте сақтап, сенімді болып өссін деп жиі айтамын. Ұлыммен де махаббатымыз ерекше. Бөлмеге кіріп келгенде, «Менің кереметім!» деп қарсы аламын. Сұлтан Сүлейменнің анасы Айша Хафса сұлтан ұлын «Арыстаным!» деп қарсы алушы еді ғой. Тура солай әр ұл анасының парасаты мен мейірімін сезініп, айбынды боп өсуі керек деген ойдамын» дейді.  Осы тұста заманауи әр ана қызына үйрертуі тиіс деген бірнеше қағидамен бөлісе кеткен екен.

«Бірінші, адам тануды үйрету. Көп жағдайда қыз баланы көп қысамыз. Ұят дейміз, үйде ұстаймыз. Нәтижесінде көп адаммен араласпаған, өз шешімдерінен сабақ алмаған, адам тани алмайтын, алдына келгеннің ниетін ажырата алмайтын, көзіне көрінген, сөз айтқан жігіттің соңынан еріп, тұрмыс құрып кете беретін қыз өсіріп шығарамыз. Өмірге дайындау тек үй шаруасына икемдеу емес. Өмірге дайындау – қыз баласына еркіндікті беріп, алыстан бақылап, қауіп алдына түзете салып, айтып, түсіндіріп, қайта еркіне жіберу. Екіншіден, өмір шындығымен таныстыру. Өсіріп отырған қыз баласымен жиі, күн сайын сөйлесу. Сезімдерін талқылау, пікірлерін тыңдау. Жігіт туралы көп сөйлесе жазғырмау. Өмірінде ер адам, отбасыдан бөлек, білім, ғылым, өнер секілді талай ғажаптың барын айтып бағыттау да маңызды.

Мақсаттарын анықтап, оған берік болуды ұғындыру. Қыз балаға да үлкен арман-мақсат қою маңызды. Кез келген перзент өз ата-анасынан жақсы өмір сүруі тиіс. Ұл әкеден, қыз анасынан озуы керек. Әйтпесе бір орында тұрмайтын заманның түрлі буынында еш өсу болмаған деген сөз. Және де өз құнын көрсету. Ана әр баласына өз құндылығын көрсетуі тиіс. Өмірде түрлі жағдай болады. Жолында түрлі адамдар кездеседі. Сол кезде баланың салы суға кетіп, өзінің құндылығын ұмытып кетпес үшін нақты түсіндіруіміз керек» делінген.

Әйел адам деген – күй

«Әйел – муызка. Ол – театр. Ол – көбелек. Ол – өмірдің өзі. Әйел адам деген – күй. Ол ешқашан ауыр, сұр болмауы керек» деген жолдар әйелді жеңіл болуға. жарқырауға шақырғандай. Жеңілтектікпен шатастырмайық. Бар болғаны ауыр мұң, өкпе арқаламай, өмірден жеңіл өту. Жазушы өзі үшін өмір не тым күрделі, не тым ғажап екендігін алға тартады. «Біреуін таңдап, сол таңдауыңа сеніп көресің. Жақсыға сеніп көрудің өзі стратегия. Сеніп жүріп сол өмірді сүріп кетесің. Қабағы ашылмайтын ақылды емес, барлығына жеңіл қарайтын дана болған жөн екен» деп кез келген жағдайды жеңіл қабылдай білуді, өмірді сүюді, жарқырап жүруді әйелдің ішкі сезімдерімен ұштастыра отырып насихаттайды. Оны әуелі әдемі музыкаға баласа, құбылмалы ішкі көңіл-күйін театрға теңейді, табиғатынан сұлу, жеп-жеңіл көбелекпен салыстырады. Осылайша жеңілтектік пен өмірді жеңіл қабылдау екі түрлі ұғым екенін айқын түсіндіріп өтеді

Ақша – бұл әйелден ажырамас энергия

Кітаптың соңына қарай автор әйелді ақшамен байланыстарады. Табысты әйелдің қуаты бөлек екенін жазады. Ол рас. Әйел психологиясы солай жаратылған. Табысы бар әйелдің жүрісі қашанда нық, жанары тік.

«...Ең бастысы, ол қашан да әдемі. Себебі күтімі бар. Хас сұлу болмаса да, күтімі бар әйел қашанда көрікті. Қашанда айналасын өзіне тартып тұрады» деп, автор бұл тарауда әйелдің сыртқы келбеті мен өзіне деген күтіміне аса мән беріп өткен. Иә, ақша бұл әйелден ажырамас энергия. Ақшаның болуы әр әйелге сенімділік сыйлайтыны ақиқат.

Қорытындылай келе, жиһанкез жазушы кітабында әлемде әр әйел ерекше екендігін айтады. «...Ұқсастар бар, бірдейлер жоқ. Тіпті әлемде 8 миллиард адам болса да, әрқайсысының саусақ іздері әртүрлі. Сондықтан, ең бастысы осы өмірде бол. Жәй ғана болып қойма, Құдай берген қалпыңмен әдемі бол! Ертең өмір қысқа болды ма, ұзақ болды ма – бәрібір, бәрінен де мазмұны маңызды болмақ» деген автордың ойымен келіспеуге болмас. Бес күндік жалғанда қанша өмір сүрдің емес, қалай өмір сүргенің құнды. Әйелдерге әр дүниеде жеңіл, жарқыраған сұлу қалыпта қала білуді насихаттаған Динара Болаттың «...Соңына дейін әйел» атты кітабы – кез келген нәзік жанды ару үшін өмір қалтарыстарында бағдаршам болар көмекші құрал дер едім.

Авторы: Айдана Мансұрова 

Оқи отырыңыз