Құрылтайға ұсынылған кандидаттар: партиялар бойынша шолу

Құрылтайға ұсынылған кандидаттар: партиялар бойынша шолу

Асқар Таудай
Фото: Ашық дереккөзден

23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына жеті саяси партия қатысады. Партиялар кандидаттарын ұсынып, бірқатарының тізімі Орталық сайлау комиссиясында тіркеліп үлгерді.

Кандидаттар арасында бұрынғы депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, педагогтер, дәрігерлер, спортшылар мен қоғам өкілдері бар. Қай партия қанша кандидат ұсынды және олардың қатарында кімдер бар?

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлімдеуінше, Құрылтай сайлауына «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол» демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы қатысады.

«Ақ жол»: тізімде бұрынғы депутаттар мен жаңа кандидаттар бар

«Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтай сайлауына 63 кандидат ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдегі кандидаттардың Конституция мен «Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерді.

Тізімдегі 22 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар. Бұл жалпы кандидаттардың 34,9 пайызын құрайды.

Партия тізімінде кәсіпкерлер, педагогтер, бұрынғы полиция қызметкерлері мен заңгерлер бар. Сондай-ақ Мәжілісте ұзақ жыл жұмыс істеген экс-депутаттар да кандидаттар қатарынан көрінді. Олардың арасында Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев және Берік Дүйсенбинов бар.

Бұдан бөлек, Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов, Ержан Бейсенбаев, Юрий Ли, Андрей Линник, Ерлік Өмірғали мен Олжас Нуралдинов та әр жылдары Мәжіліс депутаты болған.

«Ауыл»: кандидаттардың басым бөлігі – сала мамандары

«Ауыл» партиясы Құрылтай сайлауына 69 кандидат ұсынды. Тізімде бұрынғы депутаттар Қарақат Әбден, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықов пен Николай Арсютин бар. Сондай-ақ партияның жаңа төрағасы Қайрат Айтуғанов та кандидат ретінде тіркелді.

Үміткерлердің басым бөлігі – партия басшылығы мен өңірлік филиал жетекшілері. Сонымен қатар аграрлық сала, бизнес, білім және ғылым өкілдері бар.

Партия тізіміне Астана медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова, Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры Арман Исмаилов, Қазақстанның Еңбек Ері Эльмира Траисова және Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі орынбасары Дәурен Бабамұратов енді.

Кандидаттардың 71 пайызы – ер адам, 29 пайызы – әйел. Алты мүгедектігі бар азамат та партиялық тізімде. Үміткерлердің жартысынан көбі 35 пен 55 жас аралығында.

«Әділет» ең көп кандидат ұсынды

«Әділет» партиясы Құрылтай сайлауына ең көп кандидат ұсынған саяси ұйым болды. Партияның тізімінде 186 адам бар.

Олардың қатарында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерлан Карин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрағасы Наталья Годунова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бар.

Партия тізіміне бұрынғы мәжілісмендер де енді. Олардың қатарында Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Мұрат Әбенов, Екатерина Смышляева, Сергей Понамарев, Максим Рожин, Снежана Имашева мен Марат Башимов бар.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сотта прокурор болған Айжан Аймағанова да «Әділет» партиясынан кандидат ретінде ұсынылды.

Партия өз кандидаттары үшін ең жоғары сайлау жарнасын төледі. 186 кандидат үшін жалпы сомасы 237 млн 150 мың теңге жарна аударылған. Әр кандидатқа 1 млн 750 мың теңгеден келеді.

«Байтақ» партиясы жарнаға жеңілдік алды

Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақ» 47 кандидат ұсынды. Бұған дейін партия 51 адамды кандидат ретінде көрсеткенімен, соңғы съезден кейін төрт адам сайлауға қатысудан бас тартқан.

Партия 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында 2,30 пайыз дауыс иеленгендіктен, сайлау жарнасына 30 пайыздық жеңілдік алды. Нәтижесінде 47 кандидат үшін 41 млн 947 мың теңге төленді.

Партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, тізімге кәсіби заңгерлер, кәсіпкерлер, экологтар, инженерлер, педагогтер мен дәрігерлер енген. Оның сөзінше, партия кандидаттарды іріктеу кезінде кәсіби мамандарға басымдық берген.

Қазақстан Халық партиясының тізімінде танымал тұлғалар бар

Қазақстан Халық партиясы сайлауға 72 кандидатты ұсынды. Партия тізімінде бұрынғы депутаттар Ирина Смирнова, Асылбек Нұралин және Кенжеғұл Сейітжан бар. Танымал тұлғалар қатарында әнші Тамара Асар мен әлеуметтік желіде танылған мұғалім Игорь Гноевойды атауға болады.

Бұдан бөлек, экс-сенатор Ләззат Сүлейменова, денсаулық сақтау вице-министрінің бұрынғы орынбасары Ләззат Ақтаева және муай-тайдан екі дүркін әлем чемпионы Данияр Аргумбаев та ҚХП атынан сайлауға түспек.

Партияның жаңадан сайланған төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов пен оның орынбасарлары да кандидаттар қатарында.

ЖСДП ең аз кандидат ұсынды

Құрылтай сайлауына ең аз кандидат ұсынған партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. ЖСДП тізімінде 33 адам бар.

Кандидаттардың басым бөлігі партияның орталық аппараты мен өңірлердегі белсенділерінен құралған. Бұрынғы депутаттар қатарында Асхат Рахымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және Наурыз Сайлаубай бар.

Айта кетейік, ЖСДП-ның төрт өкілі 2023 жылғы сайлаудан кейін алғаш рет Мәжіліске өткен. Партия бұған дейінгі ең жоғары нәтижесін 2007 жылғы сайлауда көрсетіп, 4,54 пайыз дауыс алған.

«Respublica»: кәсіпкерлерден спортшыларға дейін

«Respublica» партиясы Құрылтай сайлауына 76 кандидат ұсынды. Партия тізімінде кәсіпкерлер, журналистер, спортшылар, IT-мамандар мен мәдениет саласының өкілдері бар.

Кандидаттар қатарында блогер Бейбіт Әлібеков пен «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов те бар. Бұрынғы депутаттардан Айдарбек Ходжаназаров, Олжас Құспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова және Нұргүл Тау партия атынан сайлауға қатыспақ.

Осылайша, партиялар ұсынған кандидаттар арасында тәжірибелі саясаткерлермен қатар, түрлі сала мамандары мен қоғам өкілдері де бар. Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.

Оқи отырыңыз

{