08.05.2026
14:44
160
Жаңалықтар

Құпиясөзді ұмытып қала бересіз бе? Пайдалы сервистер тізімі

Қазір адам күн сайын ондаған сайт пен қосымшаға тіркеледі. Әр сервиске бөлек пароль ойлап табу да, оны есте сақтау да оңай емес. Сол себепті мамандар қарапайым құпиясөз қолданбай, арнайы пароль менеджерлерін пайдалануға кеңес береді.

Bitwarden

Қарапайым әрі қолдануға ыңғайлы менеджерлердің бірі. Бағдарлама Android, iPhone, Windows және браузерлерде жұмыс істейді. Bitwarden-нің басты ерекшелігі – ашық кодпен жұмыс істеуі. Яғни қауіпсіздігін тәуелсіз мамандар үнемі тексеріп отырады.

Сервис барлық деректі шифрлап сақтайды. Негізгі функциялары тегін. Ал қосымша мүмкіндіктерді ақылы нұсқа арқылы пайдалануға болады.

1Password

Әлемдегі ең танымал пароль менеджерлерінің бірі. Бұл сервисте пароль ғана емес, банк картасының деректері, құжаттар мен жеке мәліметтерді де сақтауға болады.

Бағдарлама қауіпсіздікке ерекше көңіл бөледі. Қолданушының құпиясөзі интернет арқылы ашық түрде жіберілмейді, сондықтан оны ұстап алу қиынырақ. Барлық ақпарат арнайы шифрлау жүйесімен қорғалады.

1Password ақылы сервис саналады. Жеке қолданушыларға да, отбасылық немесе командалық жұмысқа да арналған тарифтері бар.

Dashlane

Бұл сервис әсіресе жаңадан қолданушыларға ыңғайлы. Dashlane парольдерді бірнеше құрылғы арасында синхрондап, қауіпсіздік аудитін жүргізеді.

Бағдарлама интернеттегі аккаунт бұзылған базаларды тексеріп, қолданушының мәліметтері тарап кетсе, ескерту жібере алады.

LastPass

LastPass көпфакторлы аутентификация арқылы аккаунттарды қосымша қорғайды. Яғни парольден бөлек, жүйеге кіру үшін тағы бір тексеру кезеңі қажет болады.

Сервис барлық құрылғыда жұмыс істейді және парольді жақын адамдармен қауіпсіз бөлісу функциясын ұсынады. Сонымен қатар төтенше жағдайда сенімді адамға аккаунттарға уақытша қолжетімділік беруге мүмкіндік бар.

Kaspersky Password Manager

Kaspersky компаниясының бұл сервисі парольдерді қауіпсіз сақтап, сайттарға кірген кезде мәліметтерді автоматты түрде толтырып береді. Барлық құпиясөз арнайы шифрланған жүйеде сақталады.

Сервис iOS, Android, Windows және macOS жүйелерінде жұмыс істейді. Тегін нұсқасында пароль немесе құжат секілді бірнеше жазбаны ғана сақтауға болады. Шектеуді алып тастау үшін ақылы жазылым қажет.

BearPass

BearPass көбіне компаниялар мен жұмыс топтарына арналған сервис ретінде танымал. Сервис ортақ аккаунттар мен құпиясөздерді қауіпсіз сақтап, бірнеше қызметкерге қолжетімділікті реттеуге мүмкіндік береді.

Бағдарламада әр қызметкерге жеке рұқсат беріледі. Соның арқасында кімнің қандай аккаунтқа кіре алатынын алдын ала бақылауға болады.

Мамандардың айтуынша, пароль менеджерлері тек ыңғайлы құрал ғана емес, цифрлық қауіпсіздіктің маңызды бөлігіне айналып барады. Себебі бүгінде әлеуметтік желіден бастап банк қосымшасына дейін бір аккаунттың бұзылуы үлкен мәселеге әкелуі мүмкін. Сондықтан әр сервиске бөлек, күрделі пароль қойып, оны арнайы менеджерлерде сақтау әлдеқайда қауіпсіз саналады.