Қостанай облысында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.
Өңірде жүзеге асқан ауқымды бастама 55 мың қатысушыны қамтып, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттаған ірі қоғамдық қозғалысқа айналды. Бұл көрсеткіш облыс халқының шамамен 7 пайызын құрады.
Қостанай – ағартушылық пен білімнің тамыры тереңге кеткен қасиетті өлке. Бұл – қазақ даласында алғаш мектеп ашып, білім шамын жаққан Ыбырай Алтынсарин мен ұлт руханиятының іргесін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының ізі қалған өңір. Осындай тарихи сабақтастық аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасы Қостанай облысында жүйелі түрде жүзеге асып келеді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов кітап оқудың қоғам дамуы үшін маңызын атап өтті:
Кітап оқитын адам — әрқашан білімімен озық, ойы ұшқыр және кез келген ортада бәсекеге қабілетті болады. Біздің басты мақсатымыз — жастарды тек білімді ғана емес, сонымен бірге терең ойлайтын, рухани бай тұлға ретінде тәрбиелеу. Дәл осы жоба — болашақ зияткер ұлтты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл ойды ғылым мен халықаралық зерттеулер де растайды. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, күніне кемінде 10 минут кітап оқитын адамдардың цифрлық сауаттылығы мен сыни ойлау қабілеті өте жоғары деңгейде болады, – деді өңір басшысы.
Іс-шараға арнайы қатысқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жобаның рухани мәніне тоқталып, өңірдегі оқырман мәдениетінің дамуына жоғары баға берді.
Шара барысында ерекше марапат табысталғанын айта кеткен жөн, «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық офистің менеджері Абылай Маудан түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлықбек Есдәулеттің қолынан халықаралық «Қорқыт Ата» арнайы төсбелгісін алды.
Жоба Қостанай облысының 16 ауданы мен 4 қаласын қамтып, 300-ден астам білім беру ұйымын біріктірді.
Жалпы 1200-ден астам интеллектуалдық іс-шара (квиздер, дебаттар, кітап талқылаулар) өткізілді. Нәтижесінде кітапханаларға келушілер саны мен жаңа оқырмандар қатары айтарлықтай артты. Бұл көрсеткіштер өңірде кітап оқу мәдениетінің тұрақты қоғамдық құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Жобаның нәтижелілігін қамтамасыз еткен басты факторлардың бірі – педагогикалық қауымдастықтың белсенді қатысуы.
Жобаға 11 мыңнан астам педагог қатысып, мұғалімдер кітапханалармен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, оқушыларды жүйелі түрде кітап оқуға баулыды және оқу процесін тұрақты сүйемелдеді. Нәтижесінде балалардың жобаға қатысу деңгейі айтарлықтай артты. Бұл тәжірибе «мектеп – педагог – кітапхана» өзара іс-қимылының тиімді моделін қалыптастырды.
Аталған жобаға 400-ден астам мемлекеттік қызметші қатысып, әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері кеңінен қамтылды. Қатысушылар мемлекеттік қызметтегі жоғары жұмыс қарқынына қарамастан кітап оқуға тұрақты қызығушылық танытып, жобаның ой-өрісті кеңейтуге және шешім қабылдау сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Нәтижесінде кітап оқу мәдениетінің мемлекеттік қызмет жүйесінде де орныға бастағаны байқалды. Бұл бағытта Полиция департаменті мамандары да, Салық департаментінің қызметкерлері де, білім бөлімінің басшылары мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы және дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы да ерекше белсенділік танытып, мемлекеттік қызметшілердің де кітапқа құштарлығын дәлелдеді.
Облыстық финалға 26 отбасы «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша қатысып, шамамен 100 адам бір-біріне қолдау білдіріп, жұмыла бақ сынасты. Бұл санатта ұрпақтар сабақтастығы айқын көрінді – ең егде қатысушы 85 жастағы ардақты әже болса, ең кішкентай қатысушы ата-анасына қолдау білдіріп келген небәрі 1,5 жасар бүлдіршін болды.
Қатысушылар жобаның шарты бойынша бекітілген 15 кітапты оқып шығып, өздерінің жылдық оқу нормасын 5 есеге арттырды. Жобаға дейін бір адам жылына орта есеппен 2-3 кітап оқыса, жобаға қатысушылар үшін күнделікті 30-50 бет оқу бұлжымас әдетке айналғаны сөзсіз.
Салтанатты кеште үздік қатысушылар дипломдармен және 1 миллион, 600 мың, 400 мың теңге көлеміндегі сертификаттармен марапатталды. Жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрады.
Осынау ауқымды бастаманың жүзеге асуы «AMANAT» партиясы мен Қостанай облысының ең ірі агроөнеркәсіптік холдингі — «Олжа Агро» ЖШС-нің белсенді қолдауының арқасында мүмкін болды. Мұндай серіктестік өңірдегі адами капиталды дамыту жолындағы мемлекет пен бизнестің ортақ жауапкершілігін айқын көрсетеді.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы жай ғана байқау емес, бүкіл халықты білім мен руханият төңірегінде біріктірген шын мәніндегі ұлттық мерекеге айналды. Білімге құштар ұлт – қашанда жеңілмейтін ұлт!
Қостанай облысының тәжірибесі Кітап оқитын ұлт қалыптастыру идеясының нақты жүзеге асатынын дәлелдеп отыр.