ҚМДБ қазақстандықтарды өсек таратпауға және көршілерін аңдымауға шақырды

ҚМДБ қазақстандықтарды өсек таратпауға және көршілерін аңдымауға шақырды

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) тұрғындарды өсек-аяң таратпауға, өзгенің жеке өміріне қол сұқпауға және көршілік қарым-қатынасты нығайтуға шақырды. 

ҚМДБ өкілдері ислам дінінде көршімен жақсы қарым-қатынаста болуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Діни ұстаным бойынша әр адам көршісінің туыстық байланысына немесе діни сеніміне қарамастан, оның құқығын құрметтеуі тиіс.

Басқарма мұқтаж жандарға көмектесудің маңыздылығына да тоқталды. Уағызда Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі тоқ болып, көршісі аш отырған адамның иманы толық болмайтыны туралы хадисі еске салынды.

Сондай-ақ көршілерге сөзбен де, іспен де зиян келтірмеу, олардың мүлкін, ар-намысын және жеке кеңістігін құрметтеу қажеттігі айтылды.

ҚМДБ өкілдері қоғамдағы түрлі түсініспеушіліктер мен жанжалдардың туындауына көбіне тексерілмеген ақпарат себеп болатынын жеткізді.

Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер кеңінен тараған қазіргі заманда ақпараттың шынайылығына көз жеткізу маңызды екені ескертілді.

«Естіген ақпаратты ойланбастан тарату, өзгелер туралы асығыс қорытынды жасау және жалған мәліметтерді жариялау қоғам тыныштығына нұқсан келтіреді», – делінген уағызда.

Осыған байланысты діни басқарма тұрғындарды кез келген хабарды өзгелерге жеткізбес бұрын оның рас-өтірігін тексеруге шақырды.ҚМДБ адамдарды бір-бірін мазақ етуден, сыртынан ғайбат айтудан, өсек таратудан және өзгенің жеке өмірін аңдудан аулақ болуға үндеді.

Сонымен қатар араздасқан адамдарды татуластыру, көршілердің жағдайын сұрау және қиын сәтте қолдау көрсету маңызды екені айтылды.

Діни басқарма өкілдерінің пікірінше, қоғамдағы тұрақтылық пен татулық тек ауқымды шешімдерге ғана емес, әр адамның күнделікті іс-әрекеті мен өзара сыйластығына да байланысты.

ҚМДБ қазақстандықтарды көрші ақысын сақтауға, бір-біріне жанашырлық танытуға және қоғамда сыйластық пен татулықты нығайтуға шақырды.

Оқи отырыңыз

{