Қазақтың амандасу әдебі қандай болуы керек?

Қазақтың амандасу әдебі қандай болуы керек?

Аян Қайырбаев
Фото: pixabay.com

Құрылтай депутаттарын сайлау күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қоғамдағы амандасу мәдениетіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысының бұл сөзі әлеуметтік желіде және қоғамдық ортада талқыланып, зиялы қауым өкілдері де өз көзқарасын білдірді.

«Күнделікті құшақтасу – қазақтың дәстүрі емес»

Қаламгерлердің айтуынша, амандасу – жай ғана сәлемдесу рәсімі емес. Ол халықтың мәдениеті мен тәрбиесін, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті көрсететін дәстүр. Сондықтан әрбір сәлемдесудің өз орны мен жөн-жосығы болғаны маңызды.

Қаламгер-журналист Мереке Құлкеновтің пікірінше, Президенттің сөзі қазақ қоғамында бұрыннан айтылып жүрген мәселені қайта көтерді.

Фото: Әдебиет порталы

Оның айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында амандасудың адамның жасына, жынысына және әлеуметтік орнына қарай қалыптасқан өзіндік тәртібі болған.

Қазақ бір-бірімен қол беріп амандасқан. Жасы кіші адамдар үлкен кісілерге «Ассалаумағалейкүм» деп, иіліп, қолын кеудесіне қойып сәлем берген. Қыз балалар үлкендерге ізет білдіріп, келіндер алыстан сәлем салған. Міне, бұл – біздің дәстүріміз, – дейді қаламгер.

Мереке Құлкенов қазіргі кезде адамдардың жас ерекшелігіне қарамастан құшақтасып, бет түйістіріп амандасуы жиілегенін атап өтті. Оның сөзінше, қазақ дәстүрінде құшақтасып көрісудің де өзіндік мәні болған.

Қазақ бұрын да құшақтасқан. Бірақ алыста жүрген, айлап немесе жылдап елін көрмеген адам туған жеріне, үйіне оралғанда ең жақын адамдарымен құшақтасып амандасқан. Бұл – күнделікті амандасу емес, сағыныштан туған қауышу, – деді ол.

Қаламгердің пікірінше, дәстүрлі амандасу мәдениетін қайта жаңғырту – ұлттық құндылықтарды сақтаудың бір жолы.

Фото: Әдебиет порталы

«Ата-баба дәстүріне қарай бет бұруымыз керек»

Ақын Ғалым Қалибекұлы да амандасу кезінде құрмет пен ізетті бірінші орынға қою қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазақтың дәстүрлі сәлемдесуінде адамның алдына келген кісіні сыйлау, үлкенге құрмет көрсету ұстанымы болған.

Бізге ата-бабамыздан келе жатқан амандасудың дұрыс жолдары бар. Мысалы қолымызды кеудемізге қойып, иіліп ізет білдіру. Әйел адамға да бас иіп сәлем беру – үлкен құрмет пен ізеттің белгісі, – деді ақын.

Ғалым Қалибекұлы қазіргі заман өзгеріп жатқанымен, ұлттық дәстүрдің негізгі мәнін жоғалтпау керек деп санайды.

Өзгермейтін нәрсе жоқ, бірақ біз байырғы ата-бабамыздың дәстүріне қарай бет бұруымыз керек. Сол дәстүрге құрметпен қарап, салтымызды сақтай білу қажет, – деді ол.

Әдебиеттанушы Қансейіт Әбдезұлы да Мемлекет басшысының амандасу дәстүріне қатысты пікірін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, сәлемдесу, амандық-саулық сұрасу – ата-бабадан келе жатқан маңызды мәдени құндылықтардың бірі.

Фото: Әдебиет порталы

«Амандасудың да өзіндік әдебі бар»

Ақын, драматург Нұрлан Оразалин амандасуды адамдар арасындағы құрмет пен ықыластың көрінісі деп бағалайды. Оның айтуынша, қазақ қоғамында амандасуға және жақын адамдардың көрісіп, қауышуына ежелден ерекше мән берілген.

Адамзат баласының бір-бірімен амандасуы – адамға тән, адамға жарасатын қарым-қатынастың, бір-біріне деген құрметтің белгісі. Сондықтан амандасу – адамның адамға деген құрметінің, ықыласының көрінісі, – деді Нұрлан Оразалин.

Ақын қазақтың дәстүрлі мәдениетінде амандасу мен көрісудің ара-жігі болғанын атап өтті. Мәселен, Көрісу күні адамдар бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып, ізгі тілектерін білдіреді.

Нұрлан Оразалин кейінгі жылдары сәлемдесу мәдениетінде қазақтың дәстүрлі болмысына үйлесе бермейтін әрекеттер пайда болғанын айтты.

Амандасу керек пе? Әрине, керек. Қол беріп амандасайық, бір-бірімізге ықыласпен сәлем берейік. Ал көрісудің, құшақтасудың да өз реті, өз жөні бар, – деді ол.

Ақын бұл мәселені тек қазақ қоғамына ғана тән құбылыс ретінде қарастырмау керектігін де атап өтті. Оның пікірінше, кез келген қоғамда адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзіндік әдебі қалыптасады.

Қазақстан қоғамы бұл мәселені белгілі бір дұрыс арнаға түсіріп, тағылымды, тәрбиелі, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын дәстүрге айналдыра білуі керек, – деді Нұрлан Оразалин.

Амандасу – ұлттық мәдениеттің айнасы

Қаламгерлердің пікірінше, амандасу әдебі адамның сәлемдесу тәсілінен әлдеқайда кең ұғымды білдіреді. Оның астарында үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, адамға деген құрмет және ұлттық мәдениетті сақтау сияқты құндылықтар жатыр. Ал құшақтасып көрісу мен күнделікті амандасудың ара-жігін ажырату дәстүрдің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының бұл мәселені көтеруі қоғамда амандасу мәдениеті мен ұлттық әдет-ғұрыпқа деген көзқарас туралы пікірталасқа жол ашты. Қаламгерлердің пайымынша, ең бастысы – заман талабына бейімделе отырып, атадан балаға жеткен ізет пен сыйластық дәстүрін жоғалтпау.

Оқи отырыңыз

{