Қазақстандықтар жиі таңдайтын Hyundai Tucson түбегейлі өзгереді

Қазақстандықтар жиі таңдайтын Hyundai Tucson түбегейлі өзгереді

07.07.2026 11:12
Көктем Қарқын
Фото: The Korean Car Blog

Қазақстанда сұранысқа ие Hyundai Tucson кроссоверінің жаңа буыны туралы тың мәліметтер пайда болды. Интернетте жарияланған шпиондық фотоларда алғаш рет 2027 жылғы модельдің артқы бөлігі анық көрінді. Бұл туралы The Korean Car Blog хабарлады.

Камуфляжға қарамастан, суреттерден жаңа кроссовердің артқы бөлігін толық бойлай өтетін жарықдиодты (LED) жолақ байқалады. Ол екі тік артқы шамды біріктіріп, көлікті визуалды түрде кеңірек етіп көрсетеді. Сондай-ақ жаңа Tucson бұрынғыдан бұрыштырақ пішінге ие болып, ірі доңғалақ доғалары мен Hyundai-дың Art of Steel деп аталатын жаңа дизайнерлік стилінде жасалатыны аңғарылады.

Бұдан бөлек, соңғы сынақ үлгілерінде дәстүрлі есік тұтқалары орнатылған. Бұған дейін байқалған жасырын тұтқалардан компания толықтай бас тартуы немесе оларды тек қымбат комплектацияларға қалдыруы мүмкін деген болжам бар.

Фото: The Korean Car Blog

Hyundai Tucson неге танымал модель саналады?

Hyundai Tucson алғаш рет 2004 жылы таныстырылып, бүгінде төрт буыннан өткен кроссовер. Ол әлемнің көптеген нарығында Hyundai-дың ең көп сатылатын модельлерінің біріне айналды.

Қазақстанда да Tucson бірнеше жылдан бері жаңа автокөліктер нарығындағы ең танымал кроссоверлердің қатарында келеді. Бұған оның кең салоны, қолайлы бағасы, қауіпсіздік жүйелері және қалада да, тас жолда да ыңғайлы жүру қасиеттері әсер етті.

Фото: The Korean Car Blog

Жаңа буында тағы не өзгереді?

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2027 жылғы Tucson толықтай жаңартылған интерьерге ие болады. Көлікке 17 дюймдік орталық дисплей мен Pleos Connect мультимедиялық жүйесі орнатылмақ.

Сонымен қатар Hyundai жүргізушілердің сұранысын ескеріп, климат-бақылау мен дыбыс деңгейін реттейтін физикалық батырмаларды сақтап қалуды жоспарлап отыр. Бұл сенсорлық экранға тәуелділікті азайтып, басқаруды ыңғайлы етеді.

Фото: The Korean Car Blog

Ресми тұсаукесердің нақты күні жарияланған жоқ. Дегенмен сынақ көліктеріндегі камуфляждың біртіндеп азаюы жаңа Hyundai Tucson-ның әлемдік премьерасы алдағы айларда өтетінін аңғартады.

Біз бұған дейін Қытайда жасалған Volkswagen Еуропаға  келетіні жайлы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз