Білім

Қазақстандық түлектер енді Малайзия университеттеріне ҰБТ арқылы түсе алады

22.05.2026 11:12
Амангүл Тілейқызы
Фото: Жи арқылы жасалған

Қазақстандық талапкерлер үшін шетелде білім алудың жаңа мүмкіндігі ашылды. Енді мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі арқылы Малайзия университеттеріне оқуға түсе алады. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның ҰБТ сертификаты Малайзияның Жоғары білім министрлігі тарапынан ресми түрде танылып, елдегі жоғары оқу орындарының бакалавриат бағдарламаларына қабылдау кезінде ұсынылатын негізгі құжаттың қатарына енгізілген. Бұл шешім қазақстандық жастар үшін шетелдік университеттерге түсу процесін едәуір жеңілдетпек.

Бұған дейін Малайзия университеттеріне түсу үшін талапкерлер арнайы дайындық курстарынан – Foundation бағдарламасынан өтуге міндетті болатын. Енді қазақстандық түлектер бұл кезеңнен өтпей-ақ, тікелей бакалавриат бағдарламасына құжат тапсыра алады. Яғни ҰБТ нәтижесі халықаралық деңгейде мойындалып, талапкерлерге қосымша мүмкіндік беріп отыр.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Ағылшын тіліне қойылатын талап өзгермейді

Дегенмен ағылшын тілінде оқытылатын мамандықтарға түсу кезінде халықаралық тіл сертификаттары бұрынғыдай талап етіледі. Атап айтқанда, талапкерлер IELTS, TOEFL немесе соларға теңестірілген емтихандар арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейін растауы қажет.

Мамандардың айтуынша, бұл шешім Қазақстан мен Малайзия арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Сонымен қатар Азия елдеріндегі жоғары оқу орындарына қызығушылық танытатын жастар санының артуына ықпал етуі мүмкін.

Айта кетейік, Малайзиядағы әр университет қабылдау талаптарын өз бетінше белгілейді. Сондықтан оқу орнына байланысты ҰБТ-ның ең төменгі өту балы, қосымша емтихан, сұхбат немесе портфолио талап етілуі ықтимал. Яғни талапкерлер оқуға түсер алдында университеттің ресми талаптарымен мұқият танысуы қажет.

Соңғы жылдары қазақстандық талапкерлер арасында Азия елдерінде білім алуға қызығушылық айтарлықтай артқан. Әсіресе Қытай, Оңтүстік Корея және Малайзия университеттері халықаралық рейтингтердегі позициясын күшейтіп, шетелдік студенттерге қолайлы бағдарламалар ұсынуда. Енді осы қатарға ҰБТ нәтижесін ресми қабылдайтын оқу орындарының қосылуы талапкерлер үшін жаңа жол ашып отыр.

Білім министрлігі ҰБТ нәтижелерінің халықаралық деңгейде танылуы Қазақстандағы тестілеу жүйесіне деген сенімнің артқанын көрсететінін атап өтті. Қазіргі уақытта қазақстандық тест нәтижелерін Азияның бірнеше мемлекеті қабылдай бастады.

Сонымен қатар Қазақстанда жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп жаңа Admissions Insight Test (AIT) емтиханы әзірленуде. Бұл тест академиялық білімді ғана емес, талапкердің аналитикалық ойлау қабілеті мен логикалық дағдыларын бағалауға бағытталады.

Жаңа формат халықаралық стандарттарға сай келіп, қазақстандық түлектердің әлемдік университеттерге түсу мүмкіндігін кеңейте түсуі мүмкін.

Оқи отырыңыз