Әлеуметтік желіде соңғы күндері «ҰБТ-дан 140 балл жинады» деген жаңалықтар жиілеп кетті. Әсіресе Түркістан мен Тараздағы талапкерлердің нәтижесі қызу талқыланып, көпшілік арасында «биыл рекорд көп пе?» деген сұрақ туындады. Алайда бұл мәселеге қатысты нақты жағдай мүлде басқаша болып шықты. Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз хатшысы Перизат Қашақбайқызының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан бойынша ресми түрде 140 балл жинаған бірде-бір талапкер жоқ.
Желіде тараған ақпараттардың басым бөлігі халықаралық IELTS секілді сертификаттарды есепке алу арқылы шыққан нәтижелерге байланысты болған. Яғни кей талапкерлер ҰБТ-да 90 немесе 70 балл жинағанымен, кейін халықаралық сертификаттары конвертацияланған кезде олардың жалпы балы 140-қа жетуі мүмкін. Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз хатшысы Перизат Бекмаерзаева осы мәселені нақты түсіндірді.
Қазір Қазақстанда ҰБТ-дан 140 балл жинаған бір де бір адам жоқ. Әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттардың көбі – халықаралық сертификаттарды қосып есептеу арқылы шыққан нәтиже. Бірақ конвертация шілде айында ғана жүзеге асады. Сондықтан дәл қазір «140 балл жинады» деп айту дұрыс емес, – дейді ол.
Оның сөзінше, кей талапкерлерде SAT және IELTS сертификатының екеуі де бар. Сол сертификаттар есепке алынған жағдайда ғана максималды нәтижеге жетеді. Ал қазіргі тест нәтижесінде олардың жиған ұпайы 70 не 90 болып тұр.
Мысалы, кей оқушылардың IELTS сертификаты бар. Ол кейін 50 балл ретінде қосылады. Бірақ дәл қазір олардың негізгі ҰБТ нәтижесі 90 балл ғана. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпаратты дұрыс түсіну керек, – дейді Перизат Қашақбайқызы.
IELTS-тың 140 баллға әсері
Түркістандық оқушы Айсұлтан Жаңбырбай да әлеуметтік желіде аты аталған түлектердің бірі. Ол – Шымкент қаласының тумасы. Қазір Түркістандағы мектепте білім алып, жатақханада тұрады. Оның ҰБТ нәтижесі – 90 балл. Алайда IELTS сертификатының нәтижесімен бірге есептегенде көрсеткіші 140 баллға жетеді. Айсұлтанның айтуынша, IELTS 6.5 сертификаты оған қосымша 50 балл береді.
Менде IELTS 6.5 бар. Ол 50 балл қосады. Сондықтан 90+50 болып 140 балл шығады, – дейді талапкер.
Ол ҰБТ-да дүниежүзі тарихы пәнінен максималды ұпай жинаған. Оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан да толық нәтиже көрсеткен. Болашақта Айсұлтан дипломатия немесе аударма ісі саласына баруды жоспарлап отыр.
Кішкентай кезде биология мен химия бағытын таңдағым келді. Бірақ кейін қызығушылығым өзгерді. Қазір дипломатия мен аударма саласы ұнайды, – дейді ол.
Талапкердің сөзінше, ол ешқандай ақылы дайындық курсына қатыспаған. Дайындықтың негізгі бөлігін мектеп мұғалімдерімен бірге өткізген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Нұрғанат Қанаттың нәтижесі неге ерекше?
Ал Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Нұрғанат Қанат та – ҰБТ-дан 140 балл жинаған санаулы талапкерлердің бірі. Ол тестілеуде Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы пәнінен 88 бал алған. Қалған баллды SAT және IELTS сертификатына ауыстырады. Нұрғанаттың жетістігі қоғамда үлкен қызығушылық тудырып қана қоймай, түрлі білім орталықтарының маркетингтік бәсекесін де күшейтіп жіберді. Нұрғанаттың айтуынша, бұл нәтиже бір күнде келген жетістік емес.
Аспаннан түскен ұпай емес. Жыл басынан бері 140 балл алуды мақсат еттім. Қаңтардағы ҰБТ-дан – 139, наурызда 137 балл алдым. Сынақ тесттерінде де бірнеше рет 140 жинадым. Нақты ҰБТ-дағы 140 балл – сол еңбектің қорытындысы, – деді Нұрғанат Kursiv.Media сайтына берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол халықаралық қатынастар мамандығын таңдағанын айтқан. Болашақта дипломат болуды армандайды екен.
Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға үлес қоссам деймін, – дейді Нұрғанат.
Пәтер, көлік, миллиондар: ҰБТ шоуға айналып бара ма?
Кейінгі жылдары жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға пәтер, көлік, миллиондаған теңге сыйлау сәнге айналды. Кейбір білім орталықтары талапкерлерге Mercedes көлігі, пәтер немесе ондаған миллион теңге уәде етіп, өзара бәсекеге түсіп жатыр. Мұндай жағдайға қатысты белгілі ұстаз, тарихшы Өмір Шыныбекұлы да пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінде ҰБТ айналасында артық шоу көбейіп кеткен.
Қазір көріп отырсыздар, шоу болып кетті. Бірнеше мәрте тапсырады, артынан түрлі сыйақы береді. Білім олай сатылмауы керек, – дейді ол.
Тарихшының сөзінше, мектептің өзі сапалы білім беруге толық қауқарлы. Егер мұғалімдер кәсіби деңгейде жұмыс істесе, оқушылардың қымбат дайындық орталықтарына баруы міндетті емес.
Мен оқушыларыма үнемі айтамын: мектептегі тапсырманы дұрыс орындасаңдар, ешқандай қосымша курс қажет емес. Бірақ қазір маркетинг күшейіп кетті. Балаларды түрлі сыйлықпен қызықтырады, – дейді ұстаз.
«Оңтүстікке көшу» феномені
Кейінгі жылдары кейбір ата-аналар балаларын 11-сыныпта басқа өңірлерге ауыстырып, белгілі бір мектептерге беруге тырысады. Әсіресе, оңтүстік өңірлердегі ҰБТ нәтижесі жоғары мектептерге сұраныс артып отыр. Өмір Шыныбекұлы мұны да дұрыс құбылыс деп есептемейді.
Бұл – көзбояушылықтың бір түрі. Кейбір жерде тек ҰБТ пәндерін ғана оқытады деген әңгімелер бар. Біз мемлекеттік бағдарламаны толық оқыту керек деп есептейміз, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі жүйеде негізгі мәселе – еңбек нарығын дұрыс зерттемеу.
Қазақстанға нақты қандай маман керек екенін анықтап алу қажет. Сол бағыттарға ғана мемлекеттік грант көбейтілуі тиіс, – дейді ұстаз.