Қазақстандағы сайлау саяси жаңғырудың жаңа кезеңін көрсетіп отыр - халықаралық байқаушы

Қазақстандағы сайлау саяси жаңғырудың жаңа кезеңін көрсетіп отыр - халықаралық байқаушы

Фото: ©El.kz

Қазақстанда өтіп жатқан Құрылтай сайлауы елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңін айқындайды.

Бұл туралы халықаралық байқаушы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары, Федерация Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің мүшесі Баир Жамсуев мәлімдеді.

Ол Қазақстанға халықаралық байқаушы ретінде алғаш рет келіп отырмағанын атап өтті.

 Мен бұған дейін де Қазақстандағы сайлаулар мен референдумдарға халықаралық байқаушы ретінде қатыстым. Сондықтан Қазақстандағы саяси жаңғырумен байланысты жаңа саяси кезең көптеген әріптесімнің, соның ішінде менің де көз алдымда өтіп жатыр деуге болады, – деді Баир Жамсуев.

Оның айтуынша, биылғы Құрылтай сайлауының Қазақстанның саяси өміріндегі орны ерекше.

Біріншіден, бұл – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдумнан кейін алғаш рет өтіп отырған сайлау. Екіншіден, бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына енді бір палаталы Парламент жұмыс істейді. Үшіншіден, пропорционалды сайлау жүйесі енгізіліп, азаматтар партияларға дауыс береді. Бұл да Қазақстанның сайлау жүйесіндегі жаңа өзгерістердің бірі, – деді халықаралық байқаушы.

Халықаралық байқаушының сөзінше, сайлауға дайындық барысында ауқымды жұмыс жүргізілген.

 Соңғы уақытта Қазақстанда сайлау процестері жиі өтіп жатқанына қарамастан, азаматтардың бұл сайлауға қызығушылығы жоғары. Өйткені бұл – жаңаруға дауыс беру. Елде елеулі саяси қайта жаңғыру жүріп жатыр, – деді Баир Жамсуев.

Сонымен қатар олар бірнеше сайлау учаскесін аралаған және дауыс беру барысына қатысты әзірге елеулі ескерту болмағанын жеткізді.

Қазір біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Әзірге қандай да бір заң бұзушылық немесе елеулі кемшілік байқамадық. Дегенмен кешке дейін бақылауды жалғастырып, басқа да сайлау учаскелеріне барамыз, азаматтармен сөйлесеміз. Сайлау сәтті өтеді деп үміттенеміз, – деді халықаралық байқаушы.

Оқи отырыңыз

{