Қазақстанда жол қозғалысы ережелері өзгерді: жүргізушілер нені білуі керек

Қазақстанда жол қозғалысы ережелері өзгерді: жүргізушілер нені білуі керек

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Бүгін, 20 қарашадан бастап, Қазақстанда жол қозғалысы ережелеріне бірқатар өзгеріс күшіне енді. Жаңашылдықтар жүк көліктері мен автобустардың жылдамдығына, көлікті қозғалтқышын өшірмей тұраққа қоюға, электровелосипедтер мен электросамокаттарды пайдалануға қатысты. Сондай-ақ автотұрақтардағы қозғалыс тәртібі нақтыланып, жүргізушісіз жүретін көліктерге арналған талаптар енгізілді.

Өзгерістер Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 3 қарашадағы №832 бұйрығымен бекітілген. Жаңа талаптар жүргізушілерге ғана емес, электрлі көлік құралдарын пайдаланатын азаматтарға да қатысты.

Жүк көліктері мен автобустарға жылдамдықты арттыруға рұқсат берілді

Бұған дейін елді мекендерде жүк көліктері мен автобустардың жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспауы тиіс болатын. Бұл талап сақталады, алайда енді кейбір жол бөліктерінде аталған көлік түрлеріне жылдамырақ жүруге мүмкіндік берілді. Нақтырақ айтқанда, жол бойында жылдамдықты шектейтін 3.24 белгісі орнатылып, онда жоғары жылдамдық көрсетілсе, жүк көліктері мен автобустар да сол талапты басшылыққа алады. Дегенмен олардың жылдамдығы сағатына 90 шақырымнан аспауы керек.

Мәселен, жол белгісінде 80 км/сағ көрсетілсе, автобус пен жүк көлігі де осы жылдамдықпен жүре алады. Ал мұндай белгі жоқ жерде бұрынғы 50 км/сағ шектеуі сақталады.

Көлікті қозғалтқышын өшірмей қыздыруға бола ма?

Жаңа ережедегі маңызды өзгерістердің бірі көлікті қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған күйде тұраққа қоюға қатысты. Бұрын елді мекендерде қозғалтқышы қосулы тұрған көлік тұрғындарға қолайсыздық туғызса, оны тұраққа қоюға тыйым салынатын. Енді бұл жалпы шектеу жол қозғалысы ережелерінен алынып тасталды.

Алайда өзгеріс барлық аумаққа бірдей қатысты емес.

Тұрғын аймақтар мен аулаларда көлікті қозғалтқышын өшірмей тұраққа қоюға бұрынғыдай тыйым салынады. Атап айтқанда, «Тұрғын аймақ» белгісі орнатылған аумақта бұл талап күшінде қалады. Яғни кәдімгі қала көшесінде көлікті қыздыруға рұқсат етіледі. Ал тұрғын аймақта қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған автомобильді тұраққа қоюға болмайды.

Электровелосипедтерге қойылатын талап күшейді

Енді қозғалтқышы бар велосипедтер мопед санатына жатқызылады. Осыған байланысты мұндай көлік иелеріне мопед жүргізушілеріне қойылатын талаптар қолданылады. Атап айтқанда, қозғалтқышы бар электровелосипедті мемлекеттік тіркеуден өткізу қажет. Оны басқару үшін A1 кіші санатындағы немесе тиісті жоғары санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс.

Сонымен қатар мұндай көлікпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады.

Ал қозғалтқышы жоқ, адамның бұлшық ет күшімен қозғалатын кәдімгі велосипедтерге бұл өзгерістің қатысы жоқ.

Электросамокатпен қай жерде жүруге болады?

Жаңартылған ережеде электросамокаттар мен шағын электрлі көлік құралдарының қозғалыс тәртібі нақтыланды. Электросамокат жүргізушілері велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруге тиіс. Егер мұндай жол болмаса, жолдың оң жақ шетімен бір қатарда, соның ішінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен немесе жол жиегімен қозғалуға рұқсат етіледі.

Айта кетейік, электросамокаттардың тротуармен жүруіне қатысты шектеу 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданыста. Қарашадағы өзгерістер осы тәртіпті жол қозғалысы ережелерінде нақтылады. Бұдан бөлек, гироскутер, сегвей, монодөңгелек және электрскейт сияқты шағын электрлі көлік құралдарына да жеке талаптар белгіленген.

Олармен велосипед жолдарында жүруге болады. Бірақ автомобиль жүретін жолға шығуға рұқсат жоқ.

Сондай-ақ:

Бұл талаптар электрлі көлік құралдарын пайдаланушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сауда орталықтарының автотұрақтарында да жол ережесін сақтау міндетті

Бұдан былай жол қозғалысы ережелерінің автотұрақ аумағында да қолданылатыны нақты бекітілді. Бұл талап сауда ойын-сауық орталықтарының, бизнес орталықтарының және басқа да нысандардың автотұрақтарына қатысты.

Яғни жүргізушілер тұрақ аумағында да жол белгілеріне, таңбаларға және қозғалыс тәртібіне бағынуға міндетті. Жаяу жүргіншілер де белгіленген ережелерді сақтауы қажет. Мұндай аумақта жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, жағдайды анықтау кезінде жол қозғалысының жалпы ережелері қолданылады.

Қазақстанда жүргізушісіз жүретін көліктерге арналған ереже пайда болды

Жол қозғалысы ережелеріне алғаш рет жүргізушісіз басқарылатын автомобильдерге арналған жеке тарау енгізілді. Енді мұндай көлік құралдарының қай жерде және қандай жағдайда қозғала алатыны арнайы талаптармен реттеледі.

Жүргізушісіз автомобильдер тек алдын ала бекітілген аумақта ғана жүре алады. Олардың қозғалыс бағыты, аялдайтын орындары және рұқсат етілген жылдамдығы арнайы белгіленуі тиіс. Белгіленген аумақтан тыс жерге шығуға тыйым салынады.

Сонымен қатар әрбір жүргізушісіз көліктің қозғалысын қашықтан оператор бақылауы керек. Қажет болған жағдайда ол көлікті басқаруға араласып, жылдамдығын төмендетуге немесе толық тоқтатуға міндетті.

Егер көлікте техникалық ақау пайда болса немесе байланыс үзілсе, автомобиль жылдамдығын азайтып, апаттық жарық белгісін қосып, қауіпсіз жерге тоқтауы тиіс. Ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, көлік бірден тоқтап, оператор бұл туралы полицияға хабарлауы керек. Зардап шеккендер болса, жедел жәрдем шақыру да оның міндетіне кіреді.

Дегенмен жаңа талаптардың күшіне енуі Қазақстан жолдарында жүргізушісіз автомобильдер бірден жаппай пайда болады дегенді білдірмейді. Әзірге олардың қозғалысына қойылатын құқықтық талаптар айқындалып отыр.

Жүргізушісіз көлік арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдауды ұйымдастыруға арналған бөлек ережелер 2026 жылғы 27 қарашада күшіне енеді деп жоспарланған. Ол құжатта көліктерді тіркеу, техникалық дайындығы, ауа райына байланысты пайдалану шарттары және қашықтан басқару мәселелері қамтылады.

АвтоХҚКО-дағы емтихан сұрақтары өзгере ме?

Жол қозғалысы ережелеріндегі жаңашылдықтарға қарамастан, жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханның қолданыстағы сұрақтарына берілетін жауаптар әзірге өзгермейді. KazPDD мәліметінше, тұрғын аймақта қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға қатысты талап бұрынғыша сақталады. Жүк көліктері мен автобустарға елді мекендерде қойылатын негізгі жылдамдық шектеуі де өзгерген жоқ.

Мопедтерге қатысты емтихан сұрақтары да өз күшінде. Ал автотұрақтар мен жүргізушісіз көліктерге арналған жаңа талаптар KazPDD қарастырған емтихан сұрақтары базасына әзірге енгізілмеген.

Осылайша, 20 қарашадан бастап күшіне енген өзгерістер жол қозғалысының бірнеше бағытын қамтып отыр. Жүргізушілерге, әсіресе, жылдамдық шектеулеріне, тұрғын аймақтардағы тұрақ тәртібіне және электрлі көлік құралдарына қойылатын талаптарға назар аударған жөн.

Оқи отырыңыз

{