06.05.2026
10:10
132
Жаңалықтар

Қазақстанда жол ережелері жаңарды: жүргізушілер нені білуі керек?

Қазақстанда жол қозғалысы қағидаларына кезекті өзгерістер енгізілді. Ішкі істер министрлігі бекіткен түзетулер кезең-кезеңімен күшіне енеді. Негізгі өзгерістер 11 мамырдан бастап қолданысқа енгізілсе, қалғаны 12 шілдеден бастап іске асады. Жаңашылдықтар жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де тікелей әсер етеді.  

Орташа жылдамдық қалай есептеледі?

Жаңа өзгерістердің ең маңыздысы – орташа жылдамдыққа қатысты. Бұл – көліктің белгілі бір жол учаскесін қанша уақытта жүріп өткеніне қарай есептелетін көрсеткіш.

Яғни жылдамдық бір нүктеде ғана өлшенбейді, жүргізушінің екі аралықтағы толық қозғалысы ескеріледі.

Жүргізуші бір жерде баяулап, кейін қатты жылдамдық қосса да, жүйе бүкіл жолдағы орташа көрсеткішті шығарады. Бұл тәсіл Қазақстанда 2023 жылдан бері бар, енді оны қолдану ауқымы кеңейіп отыр. Әсіресе қалааралық трассаларда бақылау күшейеді.

Айыппұл қанша болады?

Орташа жылдамдықты асырғаны үшін жаза Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы бойынша белгіленеді. Айыппұл айлық есептік көрсеткішке байланысты есептеледі. 2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге.

Жылдамдықты асыру деңгейіне қарай:

– 10-20 км/сағ – 5 АЕК (21 625 теңге);
– 20-40 км/сағ – 10 АЕК (43 250 теңге);
– 40 км/сағ және одан жоғары – 20 АЕК (86 500 теңге);
– бір жыл ішінде қайта бұзса – 30 АЕК (129 750 теңге);
– 60 км/сағ және одан жоғары – 40 АЕК (173 000 теңге).

Қай жолдарда енгізілді?

Қазір орташа жылдамдықты бақылау ақылы жолдардың бірнеше учаскесінде жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында:

– Астана – Щучинск;
– Астана – Павлодар;
– Шымкент – Қызылорда;
– Шымкент – Тараз;
– Павлодар – Семей – Қалбатау;
– Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты);
– Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты) ;
– Жібек жолы – Теміртау.

Бұл бағыттарда жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау бұрынғыдан да маңызды.

ЖКО-дан кейін техникалық тексеріс күшейеді

Құжатта бұрыннан бар кейбір талаптар нақтыланып, бақылау күшейтілген. Соның бірі – жол-көлік оқиғасынан кейінгі техникалық байқау.

Егер апаттан кейін көлікте пайдалануға болмайтын ақаулар анықталса, оның диагностикалық картасы жарамсыз деп танылады. Мұндай жағдайда көлік иесі техникалық тексерістен қайта өтуге міндетті. Бұл талап бұрын да болған, бірақ енді цифрлық жүйелер арқылы қатаң қадағаланады.

Электросамокаттарға жаңа шектеу

Шілде айынан бастап электросамокаттарға қатысты талаптар да өзгереді. Бұған дейін олар тротуармен сағатына 6 км жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген болса, енді бұл мүмкіндік алынып тасталады.

Енді самокаттар:

– веложолдарда;
– веложолақтарда;
– жол жиегінде;
– жолдың оң жақ шетінде ғана қозғала алады.

Тек арнайы ортақ аймақтарда, жаяу жүргіншілерге басымдық берілген жағдайда және жылдамдық 6 км/сағ аспаса, бірге жүруге рұқсат етіледі. Түнгі уақытта самокат міндетті түрде жарық құралдарымен жабдықталуы тиіс.

Арнайы көліктерге жол беру талабы

ІІМ тағы бір маңызды ережені еске салды. Жарқылдауық шамдары қосылған арнайы көлік жақындағанда:

– жаяу жүргіншілер жолға шықпауы керек;
– ал жолда келе жатқан жүргізушілер арнайы көлікке бірден жол беруі тиіс.

Бұл талап бұрыннан бар болғанымен, жиі сақтала бермейді.

Камералар ескертусіз жұмыс істей алады

Жаңашылдықтардың бірі – жолдағы камераларға қатысты. Енді олар міндетті түрде алдын ала ескерту белгілерінсіз де жұмыс істей алады. Бұл жүргізушілер үшін күтпеген өзгеріс болуы мүмкін.

Полиция тоқтатса, жүргізушінің құқығы қандай?

Полиция қызметкері көлікті тоқтатқан жағдайда бұрынғы тәртіп сақталады. Ол өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетуі тиіс.

Сонымен қатар жаңа өзгеріске сәйкес, жүргізуші өзіне тағылған құқық бұзушылықтың бейнежазбасын сол жерде көрсетуді талап ете алады.