Қазақстанда тұрғын үй саудасы бәсеңдеді: қай өңірлерде сұраныс азайды

Қазақстанда тұрғын үй саудасы бәсеңдеді: қай өңірлерде сұраныс азайды

Ажар Лаубаева
Фото: magnific.com

Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы белсенділік екінші ай қатарынан бәсеңдеп отыр. 2026 жылғы тамызда ел бойынша 35,8 мыңға жуық баспана сатып алу-сату мәмілесі жасалған. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 3,6%-ға, ал былтырғы тамызбен салыстырғанда 13,5%-ға аз. Әсіресе Алматы облысында айлық көрсеткіш айтарлықтай төмендесе, жылдық есепте Астанадағы баспана саудасы күрт қысқарған.

Бір айда 35,8 мың баспана сатылды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тамызда Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 35 807 мәміле тіркелді. Шілдеде олардың саны 37 158 болған. Осылайша, бір ай ішінде нарықтағы мәмілелер саны 3,6%-ға азайды.

Ең көп баспана Алматы қаласында сатылған. Мегаполисте 7 690 мәміле жасалып, бұл елдегі барлық мәміленің 21,5%-ын құрады. Екінші орында Астана – 6 398 мәміле немесе 17,9%. Үшінші орында 2 825 мәмілемен Қарағанды облысы тұр.

Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді. Өңірде бір айда небәрі 277 тұрғын үй мәмілесі жасалған.

Алматы облысында сұраныс күрт төмендеді

Шілдемен салыстырғанда тұрғын үй саудасының ең жоғары өсімі Алматы қаласында байқалды – 5,9%. Қостанай облысында мәмілелер 5,5%-ға, Қарағанды облысында 5,1%-ға артқан.

Керісінше, ең айтарлықтай төмендеу Алматы облысында тіркелді. Мұнда бір айда мәмілелер саны 21,1%-ға қысқарды. Атырау облысында көрсеткіш 15,7%-ға, Жамбыл облысында 13,7%-ға төмендеген.

Астанада да баспана саудасы бәсеңдеді. Елордада тамызда 6 398 мәміле жасалып, шілдемен салыстырғанда көрсеткіш 8,6%-ға азайды. Шымкентте 1 791 мәміле тіркеліп, бір айдағы төмендеу 1,6%-ды құрады.

Қазақстандықтар көбіне бір бөлмелі пәтер сатып алады

Тамызда жасалған мәмілелердің басым бөлігі көппәтерлі үйлердегі баспанаға тиесілі. Бір айда 27 719 пәтер сатылған. Бұл елдегі барлық тұрғын үй мәмілесінің 77,4%-ын құрайды.

Пәтер саудасының ең үлкен үлесі Алматыға – 26%, Астанаға – 22,6% және Қарағанды облысына – 8,4% тиесілі.

Бөлме санына қарай қазақстандықтар арасында бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Тамызда мұндай баспана бойынша 10 806 мәміле жасалған. Екі бөлмелі пәтерлер бойынша 10 296, ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша 5 425 мәміле тіркелді.

Жалпы көппәтерлі үйлердегі баспана саудасы шілдемен салыстырғанда 3%-ға немесе 856 мәмілеге азайды.

Жеке үйлердің саудасы да бәсеңдеді

Жеке тұрғын үйлер нарығында төмендеу бұдан да жоғары. Тамызда ел бойынша 8 088 жеке үй сатылды. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 5,8%-ға немесе 495 мәмілеге аз.

Соған қарамастан кей өңірлерде жеке үйлерге сұраныс артқан. Қызылорда облысында мұндай мәмілелер саны 7,8%-ға, Қарағанды облысында 6,3%-ға, Жетісу облысында 2,7%-ға өсті.

Ал ең жоғары төмендеу Шығыс Қазақстан облысында тіркелді – 15%. Алматы қаласында жеке үй саудасы 14,6%-ға, Ақтөбе облысында 12,3%-ға қысқарған.

Баспана саудасының жылдық көрсеткіші қандай?

Нарықтағы төмендеу жылдық көрсеткіштен де анық байқалады. 2025 жылғы тамызда Қазақстанда 41 380 тұрғын үй мәмілесі жасалса, биыл тамызда олардың саны 35 807-ге дейін түсті. Яғни бір жылда баспана саудасы 13,5%-ға қысқарған.

Өңірлер арасында жылдық ең жоғары өсім Түркістан облысында тіркелді – 9,8%. Ал ең үлкен төмендеу Астанада байқалды. Елордадағы тұрғын үй мәмілелерінің саны былтырғы тамызбен салыстырғанда 32,3%-ға азайған.

Жалпы 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында жасалған тұрғын үй мәмілелерінің саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,3%-ға төмендеді.

Оқи отырыңыз

{