Қазақстанда сатылымға жаңа Kia Seltos шықты: бағасы белгілі болды

Қазақстанда сатылымға жаңа Kia Seltos шықты: бағасы белгілі болды

Аян Қайырбаев
Фото: Kia

Kia компаниясы екінші буындағы Seltos кроссоверін Қазақстан нарығына шығарды. Жаңа модель жергілікті өндірістен шыққан көліктер ретінде ұсынылады. Қазақстанда оның бағасы 10,99 миллион теңгеден басталып, ең қымбат X-Line нұсқасы 15,49 миллион теңгеге дейін жетеді.

Жаңа Kia Seltos-тың әлемдік тұсаукесері өткен жылдың соңында өткен болатын. Енді кроссовердің сатылым географиясы кеңейіп, Қазақстан нарығына да жетті.

Сыртқы келбеті мен салоны

Қазақстанға арналған Seltos дизайны жағынан басқа нарықтарға ұсынылған нұсқалардан айтарлықтай ерекшеленбейді. Кроссовердің сыртқы келбетінде ойық пішінді радиатор торы, онымен тұтасып кеткен тікбұрышты фаралар, қос секциялы тік күндізгі жүріс шамдары және есіктің сыртқа қарай жылжитын тұтқалары бар. Артқы шамдары да тік бағытта орналасқан.

Қазақстанда көліктің X-Line деп аталатын анағұрлым батыл дизайны бар нұсқасы да сатылады. Бұл жинақта қара түсті сәндік элементтер көбірек қолданылған.

Қазақстандық Kia Seltos-тың ұзындығы – 4 460 мм, доңғалақ базасы – 2 690 мм. Жол саңылауы 180 мм-ге тең.

Салон жабдықталуы жағынан модель Қытай нарығына арналған нұсқамен ұқсас. Жүргізушіге арналған 10 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және мультимедиа жүйесінің 27 дюймдік үлкен дисплейі орнатылған. Беріліс қорабын басқару рөлдің жанындағы арнайы тетік арқылы жүзеге асырылады.

Қозғалтқыштың үш нұсқасы ұсынылады

Қазақстанда жаңа Seltos бензинмен жүретін екі түрлі 1,5 литрлік қозғалтқышпен сатылады. Атмосфералық 1.5 MPI моторының қуаты – 115 ат күші. Ол вариатормен бірге жұмыс істейді және тек алдыңғы жетекті нұсқада қолжетімді.

Ал 1.5 T-GDI турбомоторы екі түрлі қуатпен ұсынылған. Оның 150 ат күшіне ие нұсқасы сегіз сатылы автомат беріліс қорабымен жабдықталған. Бұл қозғалтқыш Prestige және Premium жинақтарында алдыңғы немесе толық жетекті нұсқамен ұсынылады.

Ең жоғары X-Line жинағында 200 ат күшін беретін 1.5 T-GDI турбомоторы орнатылған. Ол сегіз сатылы автомат беріліс қорабымен және толық жетек жүйесімен үйлеседі.

Жабдықталуы мен бағасы

Жаңа Seltos-тың бастапқы жинақтамасының өзінде жарықдиодты оптика, цифрлық экрандар, рөл мен алдыңғы орындықтарды жылыту, климат-бақылау, артқы көрініс камерасы және круиз-бақылау қарастырылған.

Келесі жинақтамада алдыңғы әйнек пен әйнек жуғыш бүріккіштерін жылыту, кілтсіз кіру жүйесі, қозғалтқышты батырма арқылы іске қосу және артқы орындықтарды жылыту мүмкіндіктері қосылады. Ал жоғарырақ нұсқаларда салонның атмосфералық жарықтандырылуы мен смартфонды сымсыз қуаттау жүйесі бар.

Топтық X-Line жинақтамасы панорамалық шатырмен, электрлі жүксалғыш есігімен, алдыңғы орындықтарды желдету жүйесімен және проекциялық дисплеймен жабдықталған. Сонымен қатар айналаны шолу камералары, бейімделетін круиз-бақылау, автоматты тежеу және қозғалыс жолағында ұстап тұру жүйелері қарастырылған.

Қазақстанда екінші буындағы Kia Seltos-тың бағасы 10 990 000 теңгеден басталады. Ең қымбат X-Line нұсқасының құны – 15 490 000 теңге.

Оқи отырыңыз

{