Қазақстанда фастфуд жарнамасына тыйым салына ма?

Қазақстанда фастфуд жарнамасына тыйым салына ма?

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Бургер, тәтті газды сусын, чипсы секілді өнімдердің балаларға бағытталған жарнамасы Қазақстанда шектелуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай өнімдерді теледидар мен радиода ғана емес, әлеуметтік желілерде, блогерлер арқылы және сыртқы жарнамада насихаттауды азайтуды көздеп отыр.

Әңгіме фастфудты сатуға немесе балалардың мұндай тағамдарды тұтынуына тыйым салу туралы емес. Ұсыныстың негізгі мақсаты – құрамында қант, тұз және қаныққан май мөлшері жоғары өнімдердің балаға бағытталған жарнамасын шектеу.

Денсаулық сақтау министрлігі осыған байланысты қолданыстағы заңға түзетулер әзірлеген. Қазір ұсынылатын талаптардың бизнеске, нарыққа және басқа да салаларға ықпалы бағаланып жатыр.

Әлеуметтік желі мен блогерлер де назарда

Жаңа талаптар қабылданса, мәселе тек телеарнадағы жарнамамен шектелмейді. Министрлік радио, әлеуметтік желілер мен сыртқы жарнамадағы маркетингті де қамтуды ұсынып отыр.

Ведомство бұған балалардың жарнамаға ересектерге қарағанда тезірек елігуін себеп ретінде келтіреді. Әсіресе көз тартатын қаптама, әлеуметтік желідегі контент, блогерлердің жарнамасы мен басқа да маркетинг тәсілдері олардың қандай тағамды таңдайтынына ықпал етуі мүмкін.

«Заңнамалық бастамалардың негізгі мақсаты – жарнаманың балалардың тағам таңдауына ықпалын азайтып, ерте жастан дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыруға жағдай жасау», – деп түсіндірді министрлік.

Әр төртінші балада артық салмақ бар

Шектеу енгізу бастамасының тағы бір себебі – балалар арасындағы артық салмақ мәселесі. Қазақстандық зерттеулердің дерегіне сәйкес, 6–9 жастағы балалардың төрттен біріне жуығында артық салмақ бар. Ал 6 пайызында семіздік анықталған.

Жасөспірімдердің энергетикалық сусын тұтынуы да алаңдатып отыр. Мәлімет бойынша, олардың 17,5 пайызы энергетикалық сусынды аптасына кемінде бір рет ішеді.

Қазақстанда қандай шаралар қабылданды?

Балалардың тамақтануына қатысты талаптар бұған дейін де күшейтіле бастаған. Елде 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал 2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты қолданылады. Онда ас мәзіріндегі қант пен тұз мөлшерін азайтып, көкөніс, жеміс-жидек және сүт өнімдерінің үлесін көбейту қарастырылған.

Сонымен қатар өңірлерге балалар мен ата-аналар арасында дұрыс тамақтану жөніндегі түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылған.

Мемлекет басшысы фастфуд жарнамасы мәселесін көтерген

Балаларға бағытталған фастфуд жарнамасын шектеу мәселесі бұған дейін мемлекет деңгейінде де көтерілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен педагогтердің Тамыз конференциясында балаларды фастфудтың агрессивті жарнамасынан қорғау қажеттігін айтқан.

Енді Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған өзгерістер заңнамалық деңгейде қарастырылмақ. Егер түзетулер қабылданса, балаларға бағытталған тағам жарнамасына қойылатын талаптар теледидардан бастап әлеуметтік желілерге дейінгі бірнеше алаңды қамтуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{