Қазақстанда 257 шипажай бар: біз білмей жүрген туристік мүмкіндік

Қазақстанда 257 шипажай бар: біз білмей жүрген туристік мүмкіндік

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстандағы санаторийлік-курорттық ұйымдардың 41%-ының жабдықталуы мен сервис деңгейі қанағаттанарлықсыз. Құрылтай отырысында депутат  Екатерина Смолякова Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдаған сауалында еліміздің курорттық әлеуетін дамыту мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елде ішкі туризмге қызығушылық артып, жаңа бағыттар ашылып, туристік аймақтардың инфрақұрылымы дамып келеді. Алайда жаңа туристік нүктелерді қалыптастырумен қатар, бұрыннан бар курорттық орындардың мүмкіндігін де тиімді пайдалану қажет.

Жаңа туристік нүктелерді іздей отырып, бұрыннан бар үлкен мүмкіндікті ұмытпауымыз керек. Ол – Қазақстанның санаторийлік-курорттық әлеуеті, – деді Екатерина Смолякова.

Фото: Видеодан скриншот

Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, еліміздегі санаторийлерге жыл сайын жарты миллионға жуық адам келеді. Қолда бар дерек бойынша Қазақстанда 257 санаторийлік-курорттық ұйым жұмыс істейді. Олардың 70%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Смолякованың пікірінше, бұл нысандарды тек демалыс немесе емдеу орны ретінде қарастырмай, өңірлердің экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін ресурс ретінде пайдалану қажет.

Бұл – өңірлерді дамыту, жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік пен ішкі туризмді күшейту үшін үлкен ресурс, – деді депутат.

Соған қарамастан, санаторийлердің материалдық-техникалық жағдайы біркелкі емес. Туристік саланы дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы мәлімет бойынша, нысандардың тек 23%-ының жабдықталуы мен сервис деңгейі жоғары. Ал 41%-ының жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланған.

Санаторийлер бойынша бірыңғай статистика жоқ

Депутат саладағы тағы бір түйткіл ретінде нақты әрі бірыңғай статистиканың жоқтығын атады. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі, Туризм және спорт министрлігі және Ұлттық статистика бюросы қолданатын жіктеулер өзара синхрондалмаған. Соның салдарынан елдегі санаторийлердің нақты саны, номерлік қоры, жүктемесі, туристердің қанша уақыт демалатыны, сондай-ақ ішкі және шетелдік келушілердің үлесі туралы тұтас мәлімет қалыптастыру қиын.

Санаторийлер туралы бірыңғай объективті статистика жоқ. Сондықтан нысандардың нақты саны, номерлік қоры, жүктемесі, туристердің болу ұзақтығы, ішкі және шетелдік келушілер бойынша біртұтас картина қажет, – деді Смолякова.

Фото: AI көмегімен жасалды

Депутат Қазақстанның табиғи емдік ресурстарға бай екенін де атап өтті. Ол мамыр айында Абай облысындағы Барлық-Арасан санаторийіне барғанын мысалға келтірді.

Температурасы 42 градусқа жететін радонды минералды су көздері жердің бетіне шығып жатыр. Кезінде мұнда ғарышкерлер де оңалтудан өткен, – деді ол.

Оның сөзінше, мұндай әлеует бір ғана өңірмен шектелмейді. Жетісудағы Қапал-Арасан, Текелідегі белгілі санаторийлер, Мойылды, Рахман қайнары және басқа да нысандар елде бұрыннан қалыптасқан курорттық бағыттар саналады. Алайда олардың бір бөлігінің инфрақұрылымы тозып, материалдық базасы ескірген.

Ресурс бар. Сұраныс бар. Тарих бар. Енді осы әлеуетті экономикаға жұмыс істету керек, – деді депутат.

Әлемде курорттар туристік орталыққа айналған

Смолякова әлемдік тәжірибеде минералды су көздері мен сауықтыру орындарының айналасында тұтас туристік орталықтар қалыптасқанын атап өтті. Мәселен, ЮНЕСКО Еуропаның жеті еліндегі 11 тарихи курорттық қаланы Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізген. Олардың қатарында Карловы Вары, Баден-Баден, Виши және Бат бар.

Депутат Қазақстандағы табиғи емдік ресурстарды да туризммен ұштастыра отырып дамытуға болады деп есептейді. Бұл ретте санаторийлік емдеу мен туристік қызметтің құқықтық аражігін нақтылау маңызды.

Емдеу мен медициналық процедуралар – денсаулық сақтау саласы. Ал орналастыру, трансфер, экскурсия және кешенді туристік өнім – туризм саласы. Сондықтан санаторий туристік өнімді өзі қалыптастырып, сатса, туристік заңнама талаптарын сақтауы тиіс, – деді ол.

Бұл талап, депутаттың айтуынша, кәсіподақтар арқылы жолдамаларды өткізуге де қатысты. Кәсіподақтар әлеуметтік функциясын атқарғанымен, туристік қызмет көрсетілген жағдайда саладағы қолданыстағы талаптар сақталуы керек.

«Бюджет есебінен жөндеу емес»

Сауалда курорттық аумақтардың инфрақұрылымына қатысты мәселе де қозғалды. Санитарлық жағдай, қоқыс шығару, жағажайлардың жай-күйі, құтқару қызметі, жарықтандыру, навигация, байланыс және абаттандыру бойынша жауапкершілік бірнеше органға бөлінген.

Сонымен бірге еліміздегі санаторийлік-курорттық ұйымдардың 93%-ы жеке меншікте. Смолякова көптеген нысанның бүгінге дейін сақталып, жұмысын жалғастыруында кәсіпкерлердің үлесі бар екенін атап өтті.

Сондықтан шешім – оларды бюджет есебінен жөндеу емес, бизнеске инвестиция салуға жағдай жасау, – деді депутат.

Депутаттың пікірінше, Қазақстанға турист тарту үшін міндетті түрде жаңа бағыттарды нөлден қалыптастырудың қажеті жоқ. Елдің әр өңірінде бұрыннан белгілі, бірақ әлеуеті толық пайдаланылмай отырған курорттық орындар бар.

Біз жаңа туристік нүктелерді іздеп жүрміз. Бірақ кейбірін іздеудің қажеті жоқ. Олар бізде бұрыннан бар. Оның елеулі бөлігі – ауылдарда. Ендігі міндет – мемлекет пен бизнестің мүмкіндігін біріктіріп, осы дайын әлеуетке жаңа серпін беру, – деді Екатерина Смолякова.

Оқи отырыңыз

{