Қазақстан цифрлық қызметтерден технологиялар экспортына бет бұрды

Қазақстан цифрлық қызметтерден технологиялар экспортына бет бұрды

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz коллажы

Соңғы жеті жылда Қазақстанда цифрландыру қарқыны айтарлықтай күшейді. 2019-2026 жылдар аралығында электрондық үкімет жүйесі дамып, интернет инфрақұрылымы кеңейді, цифрлық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі артты. Сонымен қатар IT және ғарыштық технологиялар экспорты жаңа деңгейге көтерілді.

Электрондық үкімет рейтингі жақсарды

Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 ел арасында 39-орыннан 24-орынға көтерілді. Осылайша, елдің көрсеткіші 15 позицияға жақсарған.

Электрондық үкіметтің дамуы мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматта ұсынылуын кеңейтіп, азаматтардың онлайн сервистерді пайдалану мүмкіндігін арттырды.

IT экспорты 38 есеге артты

Қазақстанның IT өнімдері мен қызметтерінің экспорты 2019 жылғы 30 млн доллардан 2026 жылы 1,142 млрд долларға дейін өсті. Оның ішінде Astana Hub көрсеткіші 633 млн долларды құрады.

Бұл IT саласының тек ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ететін бағыттан халықаралық нарыққа шығатын экспорттық секторға айналып келе жатқанын көрсетеді.

Ғарыш технологиялары экспорты пайда болды

Ғарыштық технологиялар экспорты да жаңа көрсеткішке жетті. 2019 жылы бұл бағыттағы экспорт көлемі нөлге тең болса, 2026 жылы 70 млн долларға дейін өскен.

Осылайша, цифрлық технологиялармен қатар Қазақстанның ғарыш саласындағы технологиялық әлеуеті де экспорттық бағытқа ие бола бастады.

Интернетпен қамту 98 пайызға жетті

Қазақстанда интернет инфрақұрылымының көрсеткіштері де жақсарған. 2019 жылы халықтың интернетпен қамтылу деңгейі 84 пайыз болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 98 пайызға жетті.

Орташа интернет жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с-қа дейін өсті. Сонымен қатар елде бесінші буын – 5G байланысын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Цифрлық мемлекеттік қызметтер көбейді

Цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 80 пайыздан 91 пайызға дейін артқан. Қазір цифрлық мемлекеттік қызметтердің 96 пайызы смартфон арқылы қолжетімді.

Бұл мемлекеттік қызметтерді мобильді құрылғылар арқылы алудың кеңейгенін көрсетеді.

Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 14 есеге өсті

Цифрлық экономиканың маңызды көрсеткіштерінің бірі – қолма-қол ақшасыз төлемдер.

2019 жылы олардың көлемі 13,3 трлн теңге болса, 2026 жылы 186,3 трлн теңгеге жетті. Яғни жеті жыл ішінде көрсеткіш 14 есеге артқан.

Цифрландыру экономиканың жаңа драйверіне айналуда

2019-2026 жылдардағы көрсеткіштер цифрландырудың мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен ғана шектелмегенін көрсетеді.

Интернет инфрақұрылымының кеңеюі, электрондық мемлекеттік қызметтердің дамуы, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуі және IT мен ғарыштық технологиялар экспортының қалыптасуы Қазақстанның технологиялық даму бағытының кеңейгенін аңғартады.

Осы кезеңде цифрландыру ішкі жаңғырту тетігімен қатар экономикалық өсімге, технологиялық құзыреттерді дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал ететін бағыттардың біріне айналып отыр.

Оқи отырыңыз

{