Қазақстан Орталық Азияда қоныс аударуға ең тартымды ел атанды

Қазақстан Орталық Азияда қоныс аударуға ең тартымды ел атанды

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Тәуелсіз Rumavi агенттігі жайлы көшу мен өмір сүруге қолайлылықты бағалайтын Global Relocation Index рейтингінің жаңартылған нұсқасын жариялады.

Рейтинг өмір сүру құны, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау сапасы, салық жүйесі және виза талаптары секілді көрсеткіштерге негізделген. Бағалау әдістемесі жалпы 24 көрсеткішті қамтиды.

Қазақстан 62,9 ұпай жинап, Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шықты. Екінші орында 52,3 ұпаймен Түрікменстан тұр. Ал әлемнің 192 елі қамтылған тізімде Қазақстан 77-орынға жайғасты.

Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда

Қазақстан мен өңірдегі өзге мемлекеттердің көрсеткіштері арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Өзбекстан 59,9 ұпаймен 110-орында, ал Қырғызстан 59,3 ұпай жинап, 118-сатыға орналасты.

Тәжікстан 55,1 ұпаймен әлемдік рейтингте 137-орынға тұрақтады. Осылайша, Қазақстан өңірде айқын көшбасшы атанды.

Индекс нені бағалайды?

Rumavi Global Relocation Index төрт негізгі бағыт бойынша ондаған көрсеткішті қамтиды. Олардың қатарында өмір сүру құны, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау сапасы, салық жүктемесі және шетелдіктерге арналған виза режимі бар.

Рейтинг авторлары өздерін елдерден немесе құрылыс компанияларынан комиссия алмайтын, көші-қонға қатысты қандай да бір шешімге мүдделі емес тәуелсіз ұйым ретінде таныстырады. Индекс жыл сайын жаңартылып отырады. Биылғы нұсқасы 2026 жылдың шілде айында жарияланған.

Қазақстанмен қатар тұрған елдер

Жиналған ұпай саны бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте бірнеше танымал мемлекетпен қатар орналасты. Гренада мен Колумбия да Қазақстан сияқты 62,9 ұпай жинаған.

Ал Қазақстаннан сәл жоғарыда 63,1 ұпаймен Кувейт орналасса, одан кейін 62,7 ұпаймен Франция тұр. Бұл Қазақстан көрсеткішінің кездейсоқ нәтиже емес екенін аңғартады.

Әлемдік рейтинг көшбасшылары

Жалпы рейтингте бірінші орынды 72,8 ұпаймен Эстония иеленді. Екінші орында – 72,6 ұпаймен Сингапур, ал үздік үштікті 72 ұпаймен Малайзия түйіндеді.

Рейтинг жасаушылар нәтижелерді түрлі санаттарға бөлген. 70 ұпайдан жоғары көрсеткіш жоғары деңгей ретінде бағаланса, 60–64 ұпай аралығы орташа санатқа жатады. Қазақстанның 62,9 ұпайы осы санатқа енгенімен, өңірдегі және посткеңестік кеңістіктегі көптеген көрші елдердің көрсеткішінен жоғары болды.

Оқи отырыңыз

{