30.04.2026
12:01
189

Қазақстан мектептерінде 100 мыңнан астам оқушының білімі тексеріледі

Сәуір айының 30-ынан бастап еліміздегі екі мыңға жуық мектептің 4 және 9-сыныптарында оқитын 100 мыңнан астам оқушының білім деңгейіне мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті. 

Аталған мониторинг – оқушылардың білім сапасын бағалауға арналған отандық зерттеу құралы. Оның нәтижесінде оқу бағдарламаларының тиімділігі сараланып, оқу-тәрбие үдерісіндегі жетілдіруді қажет ететін бағыттар анықталады.

Зерттеу қорытындысы бойынша әр өңірге кешенді талдау жасалып, білім сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.

Мониторинг оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану бағыттары бойынша функционалдық сауаттылықты қамтиды. Сонымен қатар, білім алушылардың жетістіктерін бағалау аясында білім сапасына әсер ететін түрлі факторларды анықтау үшін сауалнама жүргізіледі.

Сауалнамаға оқушылармен қатар педагогтер, мектеп басшылары және 4-сынып оқушыларының ата-аналары қатысады.

Зерттеу рәсімі халықаралық талаптарға сай стандартталған форматта ұйымдастырылады. Еске салсақ, 2025 жылдың басында білім алушылардың жетістіктерін мониторингтеу жүйесі халықаралық RCEC сапа белгісіне ие болған.

Сондай-ақ 1 сәуір мен 15 мамыр аралығында Қазақстанның білім беру ұйымдарында PIRLS-2026 және TIMSS-2027 халықаралық білім сапасын зерттеу жұмыстары өтіп жатыр.