Қазақстан ғана емес: Қырғызстанда 1,2 млрд еуроға тау курорты салынып жатыр

Қазақстан ғана емес: Қырғызстанда 1,2 млрд еуроға тау курорты салынып жатыр

Аян Қайырбаев
Фото: alatooresort.kg

Қазақстан Алматы тау кластерін кеңейтіп жатқанымен, өңірде тау шаңғы туризміне инвестиция салып отырған жалғыз ел емес. Қырғызстанның Ыстықкөл облысында салынып жатқан «Ала-Тоо Резорт» жыл бойы жұмыс істейтін тау кластерінің алғашқы кезеңін 2026 жылғы 1 желтоқсанда ашу жоспарланған. Курорт Ақсу ауданындағы Жыргалан аңғарында бой көтеріп жатыр.

Үш аймақ және жүздеген шақырымдық шаңғы жолы

Бұған дейін жоба «Үш шың» деп аталған. Курорт үш аймақты – Жыргалан, Ақ-Бұлақ және Боз-Үчүктү біріктіреді. Оларды 2038 жылға дейін кезең-кезеңімен салу жоспарланған.

Курорттың ресми сайтында шаңғы трассаларының жалпы ұзындығы 250 шақырым болатыны көрсетілген. Кластер жыл он екі ай жұмыс істеуге есептелген. Қыста мұнда шаңғы мен сноуборд тебуге мүмкіндік болса, жазда жаяу серуендеу, атпен саяхаттау және экотуризм бағыттары ұсынылады.

Жобаның жалпы құны 1,2 млрд еуроға бағаланып отыр. 2025 жылғы шілдеде «Ала-Тоо Резорт» мемлекеттік кәсіпорны 100 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам болып қайта құрылды.

Аспалы жолдарды аустриялық компания салып жатыр

Курортқа арналған көтергіштерді аустриялық Doppelmayr компаниясы орнатып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың жазында басталды. Сол кезде тауға қажетті жабдықтар жеткізіліп, техникалық жолдар салынып, тіректердің іргетасы құйыла бастады.

Биыл шілдеде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров алғашқы аспалы жолдардың техникалық іске қосылуына бастау берді. Қазір алғашқы екі желі салынып біткен. Олардың ең ұзынының ұзындығы – 2 296 метр.

Ақпан айында «Ала-Тоо Резорт» пен аустриялық компания тағы төрт аспалы жол салу туралы келісімшартқа қол қойды. Құжатқа «Ала-Тоо Резорт» басқарма төрағасы Жаркынбек Максутов пен Doppelmayr компаниясының Ресей және ТМД елдері бойынша бөлімшесінің басшысы Валерий Яшин қол қойған.

Алғашқы кезеңі желтоқсанда ашылады

Жыргаландағы курорттың алғашқы кезеңінде алты аспалы жол мен ұзындығы 47 шақырымнан асатын шаңғы трассасы жұмыс істейді. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі Бішкекте туристік бизнес өкілдеріне арналған таныстырылымда мәлімдеген.

Шаңғы жабдықтарын жалға беру пунктіне, дүкенге, сақтау камераларына және жабдықтарды жөндеу шеберханасына қажетті құралдарды аустриялық MRM GmbH компаниясы жеткізіп жатыр. Компания 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін жабдықтарды орнатып, электронды өткізу жүйесін іске қосып, сынақтан өткізуі және қызметкерлерді оқытуы тиіс.

Сонымен қатар курорт 35,4 млн сомға қарда жүретін көліктер, қоқыс таситын машина, қар тазалау техникасы мен жарықдиодты экрандар сатып алуда.

Шаңғы трассалары мен инженерлік қорғаныс жүйелерін жобалаумен Ресейдің «НИПИ «Инжзащита» институты айналысады. Бұған дейін ол Алтайдағы «Манжерок», Сочидегі «Красная Поляна» және «Роза Хутор» курорттарының құрылысы мен инженерлік қорғаныс нысандарын жасауға қатысқан.

Қонақүйлер салынатын жер телімдері сатылып жатыр

Курорт аумағындағы қонақүйлер, мейрамханалар мен спа-кешендерді жеке инвесторлар салады. Оларға арналған жер телімдері ашық онлайн-аукцион арқылы сатылуда. Сауданың мамыр айында өткен үш кезеңінің қорытындысы бойынша қонақүйлер, апартаменттер, мейрамханалар және басқа да туристік нысандар салуға арналған 39 жер телімі сатылған.

Садыр Жапаров курорттың ашылу мерзімі туралы 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде айтты. Ол ұйымға мүше елдердің өкілдерін ашылу салтанатына шақырып, кәсіпкерлерді қонақүйлерге, мейрамханаларға және басқа да туристік инфрақұрылым нысандарына инвестиция салуға үндеді.

Жобаның барлық кезеңі аяқталғаннан кейін курорт жылына 2 млн турист қабылдауды жоспарлап отыр. «Ала-Тоо Резорт» сайтындағы мәліметке сәйкес, жобадан бюджетке түсетін түсім 146 млн еуро болады деп күтіледі. Жоба Министрлер кабинетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан да тау бөктерлерін дамытып жатыр

Қазақстанда тау шаңғысы туризмі Алматы тау кластері аясында дамып келеді. 2029 жылға қарай кластердің негізгі нысанына айналатын жаңа Almaty Superski курортын іске қосу жоспарланған. Жобаның операторы – «Бәйтерек» холдингіне кіретін Kazakh Tourism Development компаниясы.

Көкжайлауда ұзындығы 60 шақырым болатын жаңа шаңғы трассаларын салып, 17 көтергіш орнату көзделген. Ал «Ой-Қарағай» курорты биыл шаңғы трассаларының ұзындығын 38 шақырымға дейін ұлғайтты. Сондай-ақ Ақтас алаңында мейрамхана, қонақүй және конференц-залы бар кешен ашылды.

Шымбұлақ та кеңейіп жатыр. Бірінші кезеңде мұнда жаңа көтергіштер мен шаңғы трассалары салынып, Шыңқалов шыңына дейін тағы бір аспалы жол тарту жоспарланған.

Көрші елдер курорттарды неге дәл қазір салып жатыр?

Өңір елдері тау туризміне бір мезгілде дерлік инвестиция құйып жатыр. Әзербайжан «Шахдаг» курортына 1,3 млрд доллардан астам қаражат жұмсаған. Қырғызстан Жыргалан курортын ашуға дайындалып жатса, Қазақстан Almaty Superski жобасын жүзеге асырып, Алматы маңындағы курорттарды кеңейтіп жатыр.

Kazakh Tourism Development бағалауынша, шетелдік турист тауда күніне орта есеппен 450 доллар жұмсайды. Бұл қаражат қонақүйлерге, дәмханаларға, жабдықтарды жалға беру орындарына және туристерге баспана ұсынып, тауға тасымалдайтын жергілікті тұрғындарға түседі.

Бүгінде заманауи тау курорттарын дамыту елдер арасындағы туристер үшін бәсекенің бір бағытына айналып келеді. Қазақстан мен Қырғызстан да осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелдік және отандық туристерді өздеріне тартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Оқи отырыңыз

{