Қазақстан энергияны неге көп тұтынады: сарапшы елдегі негізгі мәселелерді атады

Қазақстан энергияны неге көп тұтынады: сарапшы елдегі негізгі мәселелерді атады

Амангүл Тілейқызы
Фото: El.kz коллажы

Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен үш есе жоғары. Ел 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 2021 жылғы деңгейден 15%-ға төмендетуді жоспарлап отыр. Алайда тозған инфрақұрылым, инвестиция тапшылығы мен энергетикалық аудиттердің сапасы бұл мақсатқа жетуді қиындатып отыр. Энергия тиімділігі және тұрақты даму саласының сарапшысы Тегінболат Самұратов  El.kz тілшісіне саланың негізгі мәселелері, АҚШ тәжірибесі және Қазақстанға қажет өзгерістер туралы айтып берді.

– Сіз қазір АҚШ-тағы Mass Save бағдарламасында жұмыс істейсіз. Массачусетс тәжірибесінің Қазақстан үшін ең пайдалы тұсы қандай?

– Массачусетс мүлде басқа модель қалыптастырды. Негізгі өзгерістердің бірі 2008 жылы қабылданған Green Communities Act заңынан басталды. Оның маңызды қағидасы – коммуналдық компаниялар жаңа энергия өндіру қуаттарына инвестиция салмас бұрын, алдымен энергия тиімділігі мен тұтынуды азайту мүмкіндіктерін қарастыруы керек.

Қарапайым тілмен айтқанда, жаңа бір киловатт-сағат энергия өндіруге ақша жұмсамас бұрын, сол бір киловатт-сағатты үнемдеу арзанырақ па деген сұрақ қойылады. Егер энергияны үнемдеу тиімді болса, алдымен соған инвестиция салынады.

Mass Save бағдарламасының тағы бір артықшылығы – тұрақты қаржыландыру жүйесі. Бағдарлама электр энергиясы мен газ төлемдеріне енгізілген шағын мақсатты төлем арқылы қаржыландырылады. Сондықтан ол жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінетініне немесе саяси шешімдерге тікелей тәуелді емес.

Фото: Тегінболат Самұратовтың жеке архивінен 

Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында Массачусетс штатында тұрғын үй және коммерциялық сектордағы энергия тиімділігін арттыруға шамамен 5,33 млрд доллар инвестиция салынды.

Мен Mass Save бағдарламасында сертификатталған Building Analyst Professional ретінде тұрғын үйлердің энергетикалық жағдайын бағалаймын. Үйдің қай жерінен жылу жоғалып жатқанын, оқшаулау деңгейін, ауа саңылауларын, жылыту және салқындату жүйелерінің тиімділігін тексереміз. Содан кейін нақты ұсыныстар жасалып, оларды орындау сертификатталған жергілікті мердігерлерге беріледі. Яғни аудит жай ғана есеп жазумен аяқталмайды. Оның артынан нақты жұмыс, қаржылық ынталандыру және нәтижені бақылау жүреді. Менің ойымша, Қазақстан үшін ең маңызды сабақтың бірі – осы.

– Mass Save аясында қарапайым тұрғындарға да қолдау көрсетіледі. Қазақстанда осындай жүйе енгізуге бола ма және ол халыққа не береді?

Әрине, болады. Mass Save жүйесінің ерекшелігі – энергия тиімділігі тек ірі кәсіпорындардың мәселесі ретінде қарастырылмайды. Қарапайым тұрғынның үйі де осы жүйенің бір бөлігі.

Энергетикалық бағалау нәтижесінде үй иесіне ғимаратты оқшаулау, ауа өтетін саңылауларды герметизациялау, ескі жылыту жүйесін жаңарту, жылу сорғыларын орнату сияқты шаралар ұсынылады. Сонымен қатар энергия тиімділігі жоғары кір жуғыш және кептіргіш машиналарға, индукциялық пештерге, электр көліктерін қуаттау құрылғыларына өтемақы немесе түрлі қаржылық жеңілдіктер беріледі. Кей жағдайда бұл шаралар күн панельдерін орнатумен қатар жүргізіледі.

Қазақстан үшін де осындай тәсіл пайдалы болар еді. Бізде, әсіресе ескі тұрғын үй қорында, жылу жоғалту мәселесі өте өзекті. Үйді қанша жылытсақ та, қабырға, шатыр, терезе немесе басқа конструкциялар арқылы жылу сыртқа шығып кетсе, энергияны босқа жұмсаймыз.

Бірақ қарапайым тұрғыннан «үйіңді толық жаңғырт» деп талап ету мүмкін емес. Оның оған қаржылық мүмкіндігі болмауы мүмкін. Сондықтан мемлекет немесе коммуналдық компаниялар белгілі бір бөлігін субсидиялайтын, жеңілдетілген несие немесе өтемақы беретін жүйе қажет.

Мұндай бағдарламаның екі жақты пайдасы бар. Бір жағынан, тұрғынның коммуналдық шығыны азаяды және үйдегі жайлылық артады. Екінші жағынан, бүкіл энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме төмендейді.

– Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда қандай деңгейде?

– Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы әлі күнге дейін ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен үш есе жоғары. Бұл аз ғана айырмашылық емес, өте үлкен алшақтық. Ел 2021-2024 жылдар аралығында энергия сыйымдылығын 5%-ға төмендете алды. Бұл нәтижеге негізінен өнеркәсіп секторындағы энергия тиімділігін арттыру шараларының есебінен қол жеткізілді. Соған қарамастан Қазақстан экономикасы әлі де әлемдегі энергияны көп қажет ететін экономикалардың бірі болып отыр.

Қазір алдымызда 2029 жылға қарай ЖІӨ энергия сыйымдылығын 2021 жылғы деңгейден 15%-ға төмендету мақсаты тұр. Менің ойымша, бұл – өршіл, бірақ техникалық тұрғыдан қол жеткізуге болатын меже. Бізде энергияны үнемдеудің нақты әлеуеті бар, қандай технологиялар қажет екені де белгілі. Бірақ қазіргі қарқынмен және қолданыстағы тәсілдермен бұл көрсеткішке жету қиын. Сондықтан алдағы бірнеше жылда инвестиция көлемін ғана емес, энергия тиімділігін басқару жүйесінің өзін өзгерту қажет.

– Энергетика секторына қатысты жаңа деректерге қарасақ, энергия тұтынудың басым бөлігі санаулы ірі кәсіпорынға тиесілі. Қазіргі көрсеткіштердің ішінде сізді ең қатты алаңдататыны не?

Біріншіден, энергия тұтынудың өте жоғары деңгейде шоғырлануы алаңдатады. Мемлекеттік энергетикалық тізілімде энергетика секторындағы 262 ұйым бар. Олар жылына 28,1 млн тонна шартты отын тұтынады. Бұл тізілімге енгізілген барлық субъектінің жалпы энергия тұтынуының 39,9%-ына тең.

Бірақ осы сектордың өзінде энергия тұтынудың басым бөлігі санаулы кәсіпорынға тиесілі. Небәрі он кәсіпорын энергетика саласындағы жалпы тұтынудың 71%-ын құрайды. Ең ірі тұтынушы – Екібастұз ГРЭС-1. 2024 жылы станса 5,89 млн тонна шартты отын тұтынған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 22%-ға көп.

инфографика Ел кз

Мұның маңызы неде? Бір ғана ірі станса энергия тиімділігі көрсеткіштерін жақсарта алмаса, ол бүкіл сектордың, тіпті ұлттық деңгейдегі көрсеткіштердің төмендеуіне әсер етеді. Сондықтан энергия тиімділігі саясатын әзірлеген кезде барлық кәсіпорынға бірдей қарамай, ең ірі тұтынушыларға ерекше назар аудару қажет.

Екіншіден, отын құрылымы әлі де көмірге қатты тәуелді. Энергетика секторында пайдаланылатын отынның 77%-ын көмір құрайды. Табиғи газдың үлесі – 23%. Дегенмен 2019 жылдан бері газ тұтынудың 28%-ға өсуін оң өзгеріс деп бағалауға болады.

Жаңартылатын энергия көздерінің де үлесі артып келеді. Жел, күн, су энергетикасы және биогаз 2024 жылдың соңында электр энергиясын өндірудің 6,43%-ына жетті. Бұл 2020 жылғы деңгейден екі есе жоғары. Әрине, ілгерілеу бар. Бірақ бұл өсімнің өте төмен бастапқы деңгейден басталғанын ескеруіміз керек.

– Энергетика секторындағы энергия тиімділігі көрсеткішінің 41%-ы орындалмаған. Бұған нақты не себеп болып отыр?

– Ресми талдауларда негізгі себептердің бірі ретінде жабдықтардың физикалық және моральдық тұрғыдан тозуы көрсетіледі. Мәселен, жылу тарату желілерінің 60%-дан астамы тозған. Көптеген турбина жобалық пайдалану мерзімінен асып кеткен. Оның үстіне олар көбіне бастапқы жобада қарастырылмаған режимдерде жұмыс істейді. Яғни, жабдық қазіргі таңда қолданылып отырған режимде жұмыс істеуге есептелмегесін, оның тиімділігі төмендейді.

Саладағы бірнеше ірі жылу электр стансасы белгіленген энергия тиімділігі көрсеткіштеріне қол жеткізе алмады. Бұған жоспардан тыс тоқтаулар, энергия блоктарын жиі іске қосу және тоқтату, сондай-ақ отын сапасының біртіндеп төмендеуі әсер етеді.

Ескі турбинаны сапасы төмен көмірмен пайдаланып, оның үстіне оны қайта-қайта іске қосып, тоқтататын болсақ, отынның меншікті шығыны сөзсіз артады. Мұндай жағдайда стансадан жоғары тиімділік талап ету қиын.

Бірақ мұны тек жекелеген стансалардың менеджментіндегі кемшілік деп қарастыру дұрыс емес. Бұл әлдеқайда терең мәселе. Біз ондаған жыл бойы энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға қажетті деңгейде капитал салмадық. Сондықтан бүгін көріп отырған жағдайымыз – ұзақ уақыт бойы жеткіліксіз инвестиция салудың нәтижесінде жинақталған жүйелі мәселе.

– 2019-2024 жылдары энергия үнемдеуге 167,8 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл қаражат қандай нәтиже берді?

Осы кезеңде энергетика секторындағы кәсіпорындар энергия үнемдеуге бағытталған 1 682 іс-шараны жүзеге асырды. Оған жалпы 167,8 млрд теңге инвестиция салынды. Нәтижесінде 868,7 мың тонна шартты отын үнемделді. Көмірқышқыл газының шығарындылары 2,29 млн тоннаға қысқарды. Ал үнемделген энергияның ақшалай құны 24,6 млрд теңгені құрады.

Бірақ инвестициялардың қай бағытқа жұмсалғанына жеке қарасақ, маңызды айырмашылықты көреміз. Электр энергиясын өндіру сегментінде 41,7 млрд теңге инвестиция 10,2 млрд теңге көлемінде үнемдеуге мүмкіндік берген. Ал электр энергиясын тасымалдау және тарату желілеріне 126,2 млрд теңге салынып, 14,4 млрд теңге көлемінде ғана үнем алынған.

Бір қарағанда, екінші бағыттағы инвестицияның қайтарымы өте төмен болып көрінеді. Бірақ мұның объективті себебі бар. Электр және жылу желілерін жаңғырту – капиталды өте көп қажет ететін және ұзақ уақытқа созылатын процесс. Мысалы, қазандықтағы ескі жанарғыны ауыстырып, нәтижесін салыстырмалы түрде қысқа мерзімде көруге болады. Ал 60%-ы тозған жылу тарату желілерін қайта салу үшін бірнеше жыл және миллиардтаған теңге қажет.

инфографика Ел кз

Сондықтан мұндай инвестициялардың тиімділігін тек қысқа мерзімде қанша ақша үнемделді деген көрсеткішпен бағалау дұрыс болмайды. Мұнда апаттардың алдын алу, энергия шығынын азайту, жүйенің сенімділігін арттыру және инфрақұрылымның қызмет ету мерзімін ұзарту сияқты факторларды да ескеру қажет.

– Энергетикалық аудиттерге сәйкес, барлық қажетті шараларды жүзеге асыруға шамамен 376,7 млрд теңге қажет. Орташа өтелу мерзімі небәрі 4,6 жыл болса, кәсіпорындар неге бұл жобаларды іске асыруға асықпайды?

– 111 кәсіпорында жүргізілген энергетикалық аудиттердің қорытындысы бойынша барлық қажетті энергия тиімділігі шараларын жүзеге асыру үшін 376,69 млрд теңге қажет. Ал олардың орташа өтелу мерзімі – 4,6 жыл.

Коммерциялық тұрғыдан қарағанда, бұл өте жақсы көрсеткіш. Өнеркәсіп саласында бес жылдан аз уақытта өзін ақтайтын жоба инвестициялық жағынан тартымды саналады. Сондықтан негізгі проблема инвестицияның қайтарымында емес.

Мәселе – бастапқы капиталда. Кәсіпорындардың бір бөлігінде жаңғырту жұмыстарын бастауға қажетті жүздеген миллион немесе миллиардтаған теңге жоқ. Екінші бөлігі мұндай қаражатты қолайлы шарттармен тарта алмайды. Несие қымбат болса, тіпті техникалық тұрғыдан тиімді жоба кәсіпорын үшін қаржылық жағынан тартымсыз болып қалуы мүмкін.

Сондықтан мемлекет тек кәсіпорындарға «энергияны үнемдеңдер» деп талап қоюмен шектелмеуі керек. Жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік беру, субсидиялау немесе энергосервистік келісімшарттар сияқты құралдар қажет. Сонда кәсіпорын бастапқы инвестицияны толық өзі көтермей-ақ, кейін энергияны үнемдеуден түскен қаражат есебінен шығынын өтей алады.

– Үкімет энергия тиімділігін экологиялық рұқсаттармен байланыстыруды, мониторингті кеңейтуді және ESCO компаниялары үшін жаңа тетіктер енгізуді ұсынып отыр. Бұл өзгерістерді қалай бағалайсыз?

– Ұсыныстардың арасында шынымен маңызды тетіктер бар. Біріншіден, энергия тиімділігін экологиялық рұқсат беру жүйесімен байланыстыру ұсынылып отыр. Жаңа талап бойынша I санаттағы кәсіпорын кешенді экологиялық рұқсат алуға өтінім берген кезде энергетикалық аудит есебі мен нақты іс-қимыл жоспарын қоса ұсынуға тиіс. Егер кәсіпорын бес жыл ішінде осы жоспардағы шараларды жүзеге асырмаса, оның экологиялық рұқсатының қолданылуы тоқтатылуы мүмкін.

Бұл – өте маңызды өзгеріс. Себебі бұрын талапты орындамаған кәсіпорын үшін салдары көбіне шағын айыппұлмен шектелетін. Егер талапты орындамау кәсіпорынның негізгі қызметіне әсер ететін рұқсатпен байланыстырылса, онда компанияның энергия тиімділігіне деген көзқарасы да өзгереді.

Екіншіден, энергетикалық мониторингті жылына 1 500 тоннадан аз шартты отын тұтынатын бюджеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға дейін кеңейту ұсынылып отыр. Қазір олардың бір бөлігі жүйелі бақылаудан тыс қалып қояды. Мониторингтің өзі энергияны үнемдемейді, бірақ біз қай жерде қанша энергия жұмсалып жатқанын білмесек, мәселені басқара алмаймыз.

Үшіншіден, ESCO яғни энергосервистік компаниялардың жұмыс істеуіне нақты жағдай жасау керек. Бұл жерде ең маңызды мәселенің бірі – төлем кепілдігі. Мысалы, жеке компания мектептің немесе аурухананың энергия тиімділігін арттыру үшін өз қаражатын салады. Кейін инвестиция энергияны үнемдеу нәтижесінде қайтарылады. Бірақ бюджет ұйымының бірнеше жыл бойы осы келісімшарт бойынша төлем жасайтынына кепілдік болмаса, жеке инвестор мұндай жобаға бармайды.

Сондықтан ESCO нарығын дамыту үшін тек заң қабылдау жеткіліксіз. Инвесторға түсінікті әрі ұзақ мерзімді қаржылық механизм қажет.

– Қазақстандағы энергетикалық аудиттердің 55%-ы талаптарға сәйкес келмейтіні айтылып жүр. Мұндай жағдайда аудитті міндеттеу қаншалықты нәтиже береді?

Бұл өте маңызды мәселе. Заң кәсіпорындарды энергетикалық аудит жүргізуге міндеттей алады. Бірақ аудиттің өзі сапасыз болса, оның міндетті болуы ештеңені өзгертпейді.

2016 жылдан бері талданған 1 725 аудит есебінің шамамен 55%-ы, яғни 944-і белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Бұл өте жоғары көрсеткіш.

Мәселенің бірнеше себебі бар. Біріншіден, аудит нарығында баға демпингі кездеседі. Кәсіпорын көбіне сапалы қызметті емес, ең арзан ұсынысты таңдайды. Ал өте төмен бағаға толыққанды техникалық зерттеу жүргізіп, нақты өлшеулер жасап, экономикалық есеп дайындау қиын.

Екіншіден, кәсіпорындардың өздері аудиторларға кейде толық емес немесе нақты емес энергия тұтыну деректерін береді. Бастапқы дерек дұрыс болмаса, оның негізінде жасалған қорытынды да дұрыс болмайды.

Тегінболат Самұратовтың жеке архивінен 

Үшіншіден, кейбір аудиттерде энергия үнемдеу әлеуеті өте төмен немесе өтелу мерзімі 20 жылдан асатын шаралар ұсынылады. Кейде кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігінен әлдеқайда қымбат жаңғырту жобалары беріледі. Ал кей ұсыныстардың артында толық техникалық немесе экономикалық есеп мүлде болмайды.

Сондықтан бірінші кезекте энергетикалық аудит жүргізудің бірыңғай міндетті әдістемесін енгізу керек. Аудит сапасы оны қай компания жүргізгеніне немесе кәсіпорын қанша ақша төлегеніне тәуелді болмауы тиіс. Сонымен қатар аудиторлардың біліктілігіне қойылатын талап пен олардың жұмысына бақылау күшеюі қажет.

– Егер Қазақстанның энергия тиімділігі саясатына нақты өзгеріс енгізуге мүмкіндік берілсе, неден бастар едіңіз? Қазақстан 2029 жылғы 15%-дық мақсатқа жете ала ма?

Бірінші кезекте энергетикалық аудиттердің сапасын түбегейлі өзгертер едім. Бірыңғай міндетті әдістеме, аудиторларды нақты сертификаттау және аудит нәтижелерін тәуелсіз бақылау қажет. Өйткені дұрыс өлшем мен сенімді дерек болмаса, қай жерде қанша энергия жоғалтып жатқанымызды және қандай шара тиімді екенін анықтай алмаймыз.

Екіншіден, энергия тиімділігін тұрақты қаржыландыратын механизм қалыптастыру керек. Бұл тек жыл сайын бюджеттен ақша бөлуге тәуелді болмауы тиіс. Массачусетстегі сияқты коммуналдық төлемдерге енгізілген мақсатты қаржыландыру тетігін немесе Қазақстан жағдайына бейімделген басқа тұрақты модельді қарастыруға болады. Осы қаражат кәсіпорындарға ғана емес, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға да бағытталуы керек.

Үшіншіден, талап пен ынталандыру қатар жүруі қажет. Егер кәсіпорын міндетті аудиттен өтпесе немесе белгіленген шараларды орындамаса, оның нақты салдары болуы керек. Сонымен бірге энергия тиімділігіне инвестиция салатын кәсіпорынға жеңілдетілген қаржы, субсидия немесе басқа экономикалық ынталандыру ұсынылуы тиіс.

Қазақстан Массачусетс моделін толық көшіруге міндетті емес. Әр елдің энергетикалық жүйесі, тариф саясаты мен экономикалық жағдайы әртүрлі. Бірақ негізгі қағида әмбебап: өлшенбеген нәрсені жақсарту мүмкін емес. Ал нақты ынталандыру немесе жауапкершілік болмаса, адамдар мен кәсіпорындардың әрекетін өзгерту қиын.

Техникалық тұрғыдан Қазақстанның 2029 жылға қарай энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендетуге мүмкіндігі бар. Энергияны үнемдеу әлеуеті нақты, көптеген жобаның өтелу мерзімі де қысқа. Қажетті инвестиция көлемі үлкен болғанымен, ел экономикасы мен энергетика секторының ауқымымен салыстырғанда қолжетімсіз емес.

Бірақ институционалдық тұрғыдан әлі де көп жұмыс қажет. Инвестиция салынған жерде нәтиже бар екенін көріп отырмыз. Алайда әсіресе электр және жылу энергиясын тасымалдау мен тарату инфрақұрылымына салынған инвестиция жеткіліксіз.

Егер аудит сапасы мәселесі шешілмесе, тұрақты қаржыландыру механизмі құрылмаса және энергия тиімділігі қағаз жүзіндегі талаптан нақты экономикалық басымдыққа айналмаса, 15%-дық көрсеткішке жету қиын болады. Ал осы мәселелер жүйелі түрде шешілсе, мақсатқа техникалық тұрғыдан қол жеткізуге болады.

– Толымды сұхбатыңызға рақмет!

Оқи отырыңыз

{