«Қазақстан – бұл менің үйім, менің жерім»: Лео Игита ұлттық құрамамен қоштасады

«Қазақстан – бұл менің үйім, менің жерім»: Лео Игита ұлттық құрамамен қоштасады

Мадина Асылбекова
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан құрамасының капитаны, әлемдегі үздік футзал қақпашыларының бірі Лео Игита 2028 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі ұлттық құрамадағы мансабының соңғы белесі болатынын мәлімдеді.

Беларусь құрамасын 5:4 есебімен жеңген алғашқы матчтан кейін бразилиялық қақпашы Қазақстанға деген ерекше ықыласын жеткізіп, жанкүйерлерге де үн қатты.

2028 жылғы футзалдан әлем чемпионатына іріктеу кезеңін Қазақстан құрамасы жеңіспен бастады. Беларуське қарсы тартысты кездесуде отандастарымыз 5:4 есебімен басым түсті.

Ойын аяқталған соң команда капитаны Лео Игита әріптестеріне алғыс айтып, ұлттық құрамадағы мансабына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қазіргі іріктеу кезеңі Қазақстан құрамасындағы соңғы циклі болмақ.

«Қазақстан – менің үйім, менің жерім»

Игитаның сөзінше, ұлттық құрама сапында алаңға шығу әлі де ерекше сезім сыйлайды. Қақпашы Беларусьпен өткен матч қарсаңында көптен бері сезінбеген толқуды бастан өткергенін жасырмады.

Кеше ойын туралы ойлап жаттым. Ішімде біртүрлі толқу болды. Мұндай сезімді көптен бері бастан өткермеппін. Өйткені бұл – менің ұзақ жылдар бойы ойнап келе жатқан мансабымдағы соңғы іріктеу цикліне жасалған алғашқы қадам екенін түсіндім, – деді ол.

Капитанның айтуынша, ойын алдындағы эмоциядан толқығаны соншалық, киім ауыстыратын бөлмеде әріптестеріне айтқысы келген сөзін толық жеткізе алмаған. Сол үшін олардан кешірім де сұрапты.

Игита Қазақстан құрамасында ойнауды үлкен мәртебе санайтынын ерекше атап өтті.

Қазақстан атынан алаңға шығу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл ел маған есігін ашты. Қазақстан – менің үйім, менің жерім. Мұнда мені де, жұбайымды да, қызымды да құшақ жая қарсы алды. Сондықтан менің қолымнан келетін ең аз нәрсе – алаңға шығып, бар күшімді салу, – деді ұлттық құрама капитаны.

«Қазақстанда талантты жастар көп»

Игита сұхбатында қазақстандық футзалдың жас буыны туралы да пікір білдірді. Оның пайымынша, ел чемпионатында болашағынан үміт күттіретін ойыншылар жеткілікті. Тіпті 16-18 жастағы жас футзалшылардың өзі жоғары деңгейде ойнап жүр.

Қазір Қазақстанда жас ойыншылардың жақсы буыны өсіп келеді. Чемпионатта 16-18 жастағы жігіттер өте жақсы ойнайды. Олардың матчтарын көріп отырып, «Міне, нағыз талант, болашағы зор ойыншы!» деп ойлайсың. Қазақстанның әр клубында кемінде екі-үш осындай футзалшы бар деуге болады, – дейді ол.

Қақпашы мысал ретінде Нұрқанатты атап өтті. Оның айтуынша, жас ойыншы соңғы үш маусым шамасында өз деңгейін көрсетіп, тәжірибе жинап келеді. Сондықтан алаңға шығуға әбден лайық. Алайда ұлттық құраманың қазіргі міндеті – әр кездесуде жеңіске жетіп, іріктеу кезеңінде барынша көп ұпай жинау. Сол себепті бапкерлер құрамында жас ойыншыларға мүмкіндік беріп, олардың әлеуетін сынауға уақыт аз.

Игита жас ойыншылардың ұлттық құрамаға қосылып, жоғары деңгейде тәжірибе жинағанын қалайды. Дегенмен қазіргі жағдайда тәуекелге барып, құрамды жиі өзгерту оңай емес.

Жанкүйерлерден сабыр сақтауды сұраймын. Қазір бізде буын алмасу жүріп жатыр. Үш, төрт немесе бес жылдан кейін Қазақстанда жоғары деңгейде ойнай алатын жас футзалшылар көп болатынына сенімдімін, – деді Игита.

Лео Игита кім және Қазақстан футзалы үшін несімен маңызды?

Көпшілікке Лео Игита есімімен танылған қақпашы Леонардо де Мело Виейра Лейте Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өскен. Футзалдағы кәсіби жолын да туған елінде бастаған.

2011 жылы Алматының «Қайратына» ауысып, 2013 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғай бастады. Содан бері Игита ел футзалының халықаралық аренадағы ең танымал тұлғаларының біріне айналды.

Оның жетістіктері аз емес:

Қазақстан чемпионатында 10 рет жеңіске жеткен;

Алматының «Қайратымен» бірге футзалдан УЕФА-ның басты клубтық турнирін екі рет – 2013 және 2015 жылдары ұтқан;

Futsalplanet беделді порталының нұсқасы бойынша әлемнің үздік қақпашысы атағын бес рет алған;

Қазақстан құрамасымен бірге 2016 жылғы Еуропа чемпионатында қола жүлдеге ие болған;

2021 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құрамамен жартылай финалға дейін жетіп, турнирді төртінші орынмен аяқтаған.

Соңғы жылдары Игита «Семей» клубында ойнап жүр. Қазақстан футзалындағы жаңа күшке айналған бұл команда сапында ол екі рет Қазақстан кубогын жеңіп алып, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде де өнер көрсетті.

Игитаның ұлттық құрамадағы орны тек қақпаны қорғаумен шектелмейді. Ол – команданың капитаны, тәжірибелі көшбасшысы әрі бірнеше буын ойыншыларын байланыстыратын тұлға. Сондықтан оның ұлттық құрамадан кетуі қазақстандық футзал үшін тұтас бір дәуірдің аяқталуын білдіреді.

Игитаның ұлттық құрамадағы соңғы матчтарын қашан көруге болады?

Қазақстан құрамасын әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде әлі бірнеше маңызды ойын күтіп тұр.

Қазақстан келесі кездесуін 10 қарашада Словакияда Беларусь құрамасымен өткізеді. Ал 9 желтоқсанда Албанияны өз алаңында қабылдайды.

Қазақстан алтыншы топта Беларусь және Албания құрамаларымен бірге өнер көрсетіп жатыр. Командалар бір-бірімен өз алаңында және қонақта екі реттен кездеседі. Қалған топтық матчтар қараша мен желтоқсанда, сондай-ақ 2027 жылғы ақпанның соңы мен наурыздың басында өтетін ФИФА күнтізбесіндегі кезеңдерге жоспарланған.

Топ жеңімпаздары мен екінші орын алған үздік төрт команда элиталық кезеңге тікелей жолдама алады. Екінші орын алған қалған сегіз құрама плей-оффта бақ сынайды. Егер Қазақстан келесі кезеңге өтсе, ұлттық құраманы өз алаңында үш және сырт алаңда үш кездесу күтіп тұрады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы футзалдан Еуро-2026 турниріне қатыса алмады. Италиямен жолдама үшін өткен шешуші матчында отандастарымыз пенальти сериясында жеңіліп қалды. Осыдан кейін ұлттық құраманың бапкерлер штабында өзгеріс болып, бразилиялық Пауло Какаудың орнына Какау тағайындалды.

Енді жанкүйерлер үшін алдағы іріктеу ойындарының маңызы арта түспек. Себебі бұл кездесулер Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін ғана емес, ұлттық команда жейдесіндегі Лео Игитаның соңғы белесін де айқындайды.

Оқи отырыңыз

{