Қазақстан AI-фильмдер саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орынға шықты

Қазақстан AI-фильмдер саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орынға шықты

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстан Astana AI Film Festival халықаралық байқауына ұсынылған жұмыстар саны бойынша екінші орынға шықты. Отандық креаторлар фестивальге 829 туынды жолдап, тек АҚШ қатысушыларына жол берді. Жалпы байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс келіп түскен. Үздік авторлар 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қоры мен тағы 1 млн доллар инвестицияға таласады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өтінім қабылдау қорытындысы бойынша Astana AI Film Festival әлемдегі ең ірі халықаралық AI-фильмдер байқауына айналды.

Осыдан бірнеше ай бұрын ғана халықаралық байқауды бастаған едік. Ал бүгінде 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс қабылдап отырмыз. Бұлар – жекелеген AI-эксперименттер емес, күрделі оқиғалары, кейіпкерлері мен тұтас әлемдері бар толыққанды фильмдер. Өтінімдер ауқымы Astana AI Film Festival-ді әлемдегі ең ірі AI-кино байқауы деп атауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанда жаңа халықаралық авторлар қауымдастығы қалыптасып келеді, – деді AAIFF тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жәлі.

Фото: EL.kz

Қазақстандық авторлар 829 жұмыс ұсынған

Өтінім саны бойынша АҚШ көш бастап тұр. Бұл елден 1 395 жұмыс түскен. Қазақстандық авторлар байқауға 829 туынды ұсынса, Үндістаннан – 702, Қытайдан – 550, Оңтүстік Кореядан 349 жоба қабылданған. Ең белсенді он елдің қатарына Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция да енді.

Фото: EL.kz

Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзатулла Хуссейннің айтуынша, байқауға ұсынылған туындылар бір-біріне ұқсамайды. Кейбір авторлар дәстүрлі киноның үлгісін қайталауға тырысса, енді бірі қалыптасқан кинематографиялық тәсілдерден мүлде бөлек бағытта тәжірибе жасаған.

Барлық жұмыс әртүрлі. Бір авторлар дәстүрлі киноға ұқсас туынды жасауға тырысса, басқалары формамен батыл тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде әдеттегі кинематографияға мүлде ұқсамайтын жұмыстар пайда болды. Бұл өте қызық. Қазір нақты бір үрдіс туралы айту қиын, өйткені AI-киноның формасы енді ғана қалыптасып келеді. Оның үстіне бұл сала күн сайын өзгеріп жатыр. Фестиваліміз ойын-сауықтың жаңа формасын қалыптастыруға ықпал етеді деп үміттенемін, – деді Айзатулла Хуссейн.

Фото: EL.kz

Футуристік киіз үйлер мен даладағы роботтар

Ұсынылған жұмыстардың тақырыбы мен визуалды стилінен әр елдің өзіндік ерекшелігін байқауға болады. Айзатулла Хуссейннің сөзінше, Оңтүстік Корея авторлары нуар эстетикасына, триллер мен хоррор жанрларына жиі жүгінген. Қытайдан анимациялық туындылар көп түссе, қазақстандық қатысушылар ұлттық нақышты болашақтың бейнелерімен үйлестіруге тырысқан. Олардың жұмыстарында футуристік киіз үйлер мен даладағы роботтарды кездестіруге болады.

Фото: EL.kz

Кейбір жобалар көлемі жағынан қысқа AI-роликтердің аясынан шығып кеткен. Мәселен, қатысушылардың бірі өз фильмінде бес дербес әлемді қатар бейнелеген. Байқауға түскен барлық жұмыстың жалпы хронометражы 100 мың минуттан асады. Ең ұзақ фильм 4 сағат 3 минутқа созылса, ең қысқа туындының ұзақтығы – небәрі 15 секунд.

«Голливудтың орталық рөлі әлсіреуі мүмкін»

Алмас Жәлінің айтуынша, ұйымдастырушылар үшін ұсынылған жұмыстардың саны ғана емес, сапасы да маңызды болған. Байқауға махаббат, роботтар, айдаһарлар, манга және танымал тұлғалардың өмірі туралы фильмдер түскен. Кейбір авторлар дәстүрлі киноның үлгісін қайталауға тырысса, енді бірі мүлде жаңа визуалды әлемдер құрған.

Байқауға көп жұмыс түсетінін күттік. Бірақ бізді ең алдымен олардың сапасы қызықтырды. Бүгінде фестивальдің негізгі идеясы толық жүзеге асты деп айта аламын. Ұсынылған фильмдердің сапасын көргеннен кейін AI-киноның әлемдік кино өндірісін жақын арада айтарлықтай өзгертетініне көзім жетті, – деді ол.

Фото: EL.kz

Алмас Жәлі бұған дейін Голливудтың әлемдік кино өндірісіндегі орталық рөлі әлсіреуі мүмкін деген пікірге күмәнмен қарағанын жеткізді.

Қонақтарымыздың бірі Голливудтың орталықсыздануы туралы үнемі айтып жүреді. Бұған дейін мен бұл пікірге күмәнмен қарайтынмын. Алайда фестивальге ұсынылған жұмыстарды көргеннен кейін мұндай өзгерістің жақын арада болуы мүмкін екенін түсіндім, – деді фестивальдің тең құрылтайшысы.

Байқау екі бағдарлама бойынша өтеді

Astana AI Film Festival-ге қабылданған 8 067 жұмыстың 3 138-і негізгі тақырып – The Future Worth Living In («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») аясында арнайы әзірленген. Қалған 4 929 фильм тақырыптық шектеуі жоқ ашық бағдарламаға ұсынылды. Бұл бағыт авторларға жанр, формат және визуалды стиль таңдау еркіндігін береді.

Фото: EL.kz

Байқауға жас режиссерлер мен тәуелсіз командалардан бөлек, халықаралық AI-қауымдастыққа танылған авторлар да қатысып отыр. Олардың арасында генеративті видео және визуалды сторителлинг бағытында жұмыс істейтін The DOR Brothers, Gossip Goblin жобасының авторы Zack London және туындылары халықаралық кинофестивальдерде марапатталған Robert Gaudette бар.

Жүлде қоры – 1 млн доллар

Astana AI Film Festival-дің жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 750 мың доллары негізгі тақырыптық бағдарламаның жеңімпаздарына беріледі. Қалған 250 мың доллар ашық бағдарламадағы бес аталым бойынша бөлінеді:

Байқауға қабылданған барлық фильм плагиатқа міндетті түрде тексеріледі.

 Фото: EL.kz

Қазақстанда жаңа AI-продакшн студиялары ашылуы мүмкін

Жүлде қорынан бөлек, әлеуеті жоғары AI-командаларды қолдауға тағы 1 млн доллар инвестиция қарастырылған. Инвестициялық капиталды технологиялық кәсіпкер әрі инвестор, Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры, Andreessen Horowitz венчурлік қорының бұрынғы серіктесі және The Network School негізін қалаушы Баладжи Сринивасан ұсынды.

Фото: EL.kz

Алдын ала жоспар бойынша қаражат бес-он жобаның арасында бөлінуі мүмкін. Әр командаға жобасының ауқымы мен әлеуетіне қарай шамамен 100–200 мың доллардан беру қарастырылып отыр. Негізгі талаптардың бірі – іріктелген командалар Қазақстанда AI-продакшн студиясын ашып, Astana Hub қатысушысы атануы керек.

Сегіз мыңнан астам жұмыстың арасынан бірнеше команда инвестиция алып, өзінің AI-продакшн студиясын құра алады. Бұл авторларға идеясын бизнес-жобаға айналдырып, әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстанда әлемнің әр түкпірінен келген мамандар құрған онға жуық жаңа AI-стартап пайда болуы мүмкін. Олардың арасынан болашақта әлемге танылатын жобалар шығуы ықтимал, – деді Алмас Жәлі.

Фото: EL.kz

Айзатулла Хуссейннің сөзінше, инвестициялық қолдау фестиваль аяқталғаннан кейін де үздік жобалардың дамуын жалғастыруға бағытталған.

Біз мықты жобалардың фестиваль аяқталғаннан кейін де жалғасын тапқанын қалаймыз. Сондықтан жүлде қорынан бөлек, жеке инвестициялық капитал қарастырылды. Бұл авторларға өндірісті жалғастыруға, жобаларының ауқымын кеңейтуге және оларды Қазақстанда одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта іріктелген командалар Astana Hub қатысушысы атана алады, – деді ол.

Баладжи Сринивасан да Қазақстанның халықаралық технология және кино мамандарын тартуға қажетті мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

Қазақстан қолайлы көші-қон саясатын, цифрлық активтерге қатысты заңнаманы, заманауи инфрақұрылым мен қолжетімді энергия ресурстарын ұштастырып отыр. Қазір көптеген батыс елі көші-қон талаптарын күшейтіп жатыр. Осындай жағдайда Қазақстан әлемнің әр түкпіріндегі талантты технология және кино мамандарына жаңа мүмкіндік ұсына алады, – деді инвестор.

Фото: EL.kz

Фильмдер қалай бағаланады?

Байқау жұмыстарын кино, өнер, жасанды интеллект, технология және инвестиция салаларының мамандарынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің кино академиясының анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus өкілі бар.

Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды анықтағанда жасанды интеллект технологияларын қолдану деңгейіне ғана мән бермейді. Фильмнің сюжеті, режиссурасы, кейіпкерлері мен визуалды тілі де ескеріледі.

Фото: EL.kz

Финалистерге арнайы мүмкіндік беріледі

Фестивальдің технологиялық серіктесі – ByteDance корпорациясының BytePlus платформасы. Серіктестік аясында 25 финалист DRAMAGIC платформасын бір жыл бойы пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар олардың әрқайсысына алдағы жобаларын әзірлеуге арналған 60 мың кредит беріледі. Фестивальдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp.

Astana AI Film Festival-дің финалдық кезеңі 1–3 қазан аралығында Астанада Digital Bridge аясында өтеді. Байқауға іріктелген AI-фильмдер Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрсетіледі. Жеңімпаздардың есімі 3 қазанда жарияланады.

Фото: EL.kz

Оқи отырыңыз

{