14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?18 маусым күні футболдан Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатында тарихи матчын өткізеді. Көршілеріміздің алғашқы қарсыласы – Колумбия. Фабио Каннаваро бастаған футболшыларға қазір Орталық Азия түгелдей жанкүйер болады. Дегенмен топта азулы Португалия мен Конго ДР бар. Осы орайда құраманың мүмкіндіктері, әлеуеті және мақсаты жайлы спорт журналисі, Өзбекстанның Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз хатшысы Зафар Имамходжаевтан сұрап білдік.
– Зафар аға, ең алдымен өзбек халқын әлем чемпионатына шығуымен құттықтаймыз! Санаулы күннен соң құрама мундиальдағы алғашқы матчын өткізеді. Бәріміз жанкүйер боламыз. Тарихи күн ғой.
– Рахмет! Рас, бұл жетістік бір Өзбекстанның емес, бүкіл Орталық Азия жұртшылығының ортақ қуанышына айналды. Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан және өңірдің басқа да елдерінен де жүз мыңдаған жанкүйер тілекші болып жатқанын көріп отырмыз. АҚШ-қа құрамамыздың ойындарын тамашалау үшін арнайы барған қазақ жанкүйерлерін де көріп риза болдық. Тіпті футболшыларымызды Нью-Йорк әуежайына барып арнайы күтіп алды. Олар футболшыларға сәттілік тілеп, әлем чемпионаты алдында қолдау білдіру үшін арнайы жиналды. Бұл футболдың халықтарды жақындастырып, бауырлас елдерді біріктіретін үлкен күш екенін тағы бір мәрте көрсетті.
– Әлем чемпионаты қарсаңында Өзбекстан Канада және Нидерланд құрамаларымен жолдастық кездесулер өткізді. Осы ойындардан соң құрама дайындығына қандай баға берер едіңіз? Бапкерлер штабы өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды ма?
– Егер Канада және Нидерланд құрамаларына қарсы өткен бақылау матчтарына тоқталсақ, бұл қарсыластардың кездейсоқ таңдалмағанын айту керек. Бапкерлер штабы әлем чемпионатындағы қарсыластарына ойын мәнері жағынан ұқсас командаларды әдейі таңдады.
Мәселен, Канадамен өткен кездесу белгілі бір деңгейде Колумбияға қарсы ойынға дайындық ретінде қарастырылды. Ал Нидерландпен матч Португалиямен болатын кездесудің алдындағы маңызды сынақ болды. Өйткені бұл құрамалардың ойын стилінде ұқсастықтар бар.
Менің ойымша, бапкерлер штабы өздеріне қажетті ақпаратты алды. Қалай болғанда да, команданың ішіндегі мамандар қандай міндеттердің қойылғанын және қандай қорытынды шығарылуы керектігін бізден әлдеқайда жақсы біледі.
Әсіресе Канадаға қарсы матчтың алғашқы таймында Өзбекстан құрамасы жақсы әсер қалдырды. Команда белсенді ойнап, шабуылда жиі көрінді. Эльдор Шомуродовтың есеп ашуға екі тамаша мүмкіндігі болды, алайда ол сәттерді голға айналдыра алмады. Енді дәл осындай мүмкіндіктер әлем чемпионатының ресми ойындарында тиімді пайдаланылса екен деп тілейміз.
– Нидерланд құрамасына қарсы кездесуде Өзбекстан соңғы минуттарға дейін тең есепті сақтап тұрды. Алайда матч тағдырын пенальти шешті. Бұл эпизод футболшылардың психологиясына қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?
– Нидерланд – әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі әрі чемпиондыққа үміткер командалардың қатарында. Олар әлем чемпионатының финалына үш рет шығып, үш мәрте күміс жүлдегер атанған. Сондықтан қарсыластың деңгейі бесенеден белгілі.
Осындай азулы қарсыласқа қарсы Өзбекстан футболшылары лайықты ойын көрсетті. Команда тәртіпті қорғанып, жоғары деңгейде жинақылық танытты және ұзақ уақыт бойы тең нәтижені ұстап тұрды.
Әрине, соңғы минуттарда пенальтиден жеңіліп қалу өкінішті жайт қой. Бірақ мұндай матчтарда есептен бұрын алынған тәжірибе маңыздырақ. Футболшылар өз мүмкіндіктерін бағамдап, әлемдік деңгейдегі қарсыластармен бәсекелесе алатынын сезінді.
Бұл ойын Фабио Каннаваро бастаған бапкерлер штабы үшін де үлкен пайда әкелді. Олар қысым жоғары болатын жағдайда жекелеген ойыншылардың әлеуетін тексеріп, тиісті қорытынды жасады. Сондықтан бұл кездесу нәтижеден бөлек, тәжірибе тұрғысынан өте құнды болды.
– Бұл жолдастық матчтардың Өзбекстан құрамасы үшін пайдасына тоқталсақ. Команданың мықты және әлсіз тұстарын байқауға мүмкіндік туды ма?
– Бұл кездесулер ең алдымен бапкерлер штабы үшін өте пайдалы болды деп есептеймін. Фабио Каннаваро мен оның көмекшілері қарсыластарды таңдаудан бастап, ойыншылардың мүмкіндіктерін бағалауға дейінгі барлық мәселеге мұқият қарады.
Әлем чемпионаты қарсаңында негізгі орталық қорғаушыларымыздың бірі Хусниддин Аликулов жарақат алып, турнирге дейін бабына еніп үлгермей қалды. Сондықтан бапкерлер штабы үшін оның орнын басатын ойыншыны табу маңызды міндетке айналды.
Әсіресе Абдуқодир Хусановпен бірге орталық қорғаныста сенімді жұп құра алатын футболшыны анықтау қажет еді. Сол себепті Канада және Нидерландпен өткен матчтарда бірнеше ойыншы осы позицияда сыналды.
Меніңше, бапкерлер штабы белгілі бір шешімге келді. Ал олардың нақты таңдауын әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы ойындардан көретін боламыз.
– Көпшілік Абдуқодир Хусановты қазіргі Өзбекстан құрамасының басты жұлдызы деп санайды. Әлем чемпионатында команданың көшбасшысы дәл сол бола ма, әлде басқа ойыншылар да жарқырауы мүмкін бе?
– Мен бір ғана футболшыға үміт арту дұрыс емес деп ойлаймын. Әрине, Абдуқодир Хусанов бүгінде өзбек футболының ең жарқын жұлдыздарының бірі әрі ұлттық құраманың негізгі ойыншысы.
Алайда құрамда әлем чемпионатында өзін көрсетіп, кейін Еуропаның жетекші чемпионаттарына жол тартуы мүмкін басқа да талантты футболшылар жеткілікті.
Олардың қатарында Аббосбек Файзуллаев, Эльдор Шомуродов, Остон Орунов секілді ойыншылар бар. Бұл футболшылардың барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетуге қабілетті.
Дегенмен мен жекелеген футболшыларды бөліп-жармаймын. Қазіргі Өзбекстан құрамасының басты артықшылығы – ұйымшылдық, тәртіп және командалық рух. Егер команда өз ойынын көрсете алса, жеке көшбасшылар да міндетті түрде көзге түседі.
– Қазіргі құрамда әлем чемпионаты басталар алдында алаңдаушылық туғызатын позициялар бар ма?
– Иә, мұндай мәселелер де жоқ емес. Ең алдымен қорғаныстың орталығы алаңдатады. Бұған дейін айтқанымдай, ұлттық құраманың негізгі орталық қорғаушыларының бірі Хусниддин Аликулов жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыса алмайды. Әрине, бұл команда үшін елеулі шығын әрі бапкерлер штабының алдына қосымша міндет жүктейді.
Дегенмен футболда жарақат қоса жүретіні анық. Мұндай жағдайлар кез келген командада бар. Сондықтан Фабио Каннаваро мен оның көмекшілері бұл мәселенің шешімін тауып, Аликуловтың орнын лайықты ойыншымен толтыра алады деп сенемін.
Сонымен қатар оң қапталда да белгілі бір мәселелер бар. Ходжиакбар Алижановтың жарақатына байланысты соңғы жолдастық кездесулерде бұл позицияда Фаррух Сайфиев ойнады. Алижанов турнир басталғанға дейін толық қалпына келеді деп үміттенемін. Қалай болғанда да, бапкерлер штабы осы мәселелердің барлығын назарда ұстап отыр және әлем чемпионаты басталғанға дейін құрамдағы әлсіз тұстарды барынша реттеуге тырысады.
– Сіздің ойыңызша, 2026 жылғы әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасынан не күтуге болады?
– Меніңше, дәл қазір команда алдына нақты нәтиже қою немесе шамадан тыс талап жүктеу дұрыс емес. Өйткені ең басты жетістікке Өзбекстан құрамасы әлдеқашан қол жеткізіп қойған – тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды.
Футболшылар алаңға еркін шығып, өз ойын көрсетіп, футболдан ләззат алуы керек. Егер команда өз деңгейінде өнер көрсетсе, нәтиже де келеді.
Қазір ешкім құрамадан міндетті түрде топтан шығуды, ширек финалға жетуді немесе жүлде үшін күресуді талап етіп отырған жоқ. Біз үшін ең маңыздысы – ел намысын лайықты қорғау, әлемдік деңгейдегі турнирден баға жетпес тәжірибе жинау.
Бұл әлем чемпионаты Өзбекстан үшін жаңа дәуірдің бастауы болуы керек. Алдағы жылдары әлем чемпионатына қатысу Өзбекстан футболы үшін тосын оқиға емес, қалыпты құбылысқа айналғанын қалаймын.
– Топтағы қарсыластар өте мықты. Сіздің ойыңызша, Өзбекстан үшін топтық кезеңдегі шешуші матч қайсы болады?
– Меніңше, Өзбекстан үшін ең маңызды әрі шешуші кездесу – Колумбия құрамасына қарсы алғашқы матч болмақ. Әлем чемпионатын сәтті бастау кез келген команда үшін аса маңызды.
Колумбия – әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі. Қатарында матч тағдырын бір сәтте шешіп кете алатын жоғары деңгейлі ойыншылар жеткілікті. Сондықтан бұл қарсыластың күшін бәрі жақсы түсінеді.
Осы тұрғыдан алғанда, турнирдегі алғашқы ойында бір ұпайдың өзін еншілеу Өзбекстан құрамасы үшін үлкен жетістік болар еді. Мұндай нәтиже футболшыларға сенім беріп, Португалия және Конго Демократиялық Республикасына қарсы кездесулер алдында психологиялық тұрғыдан жігерлендіре түседі.
Сонымен қатар бұл Өзбекстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы алғашқы ойыны болады. Сондықтан Колумбиямен өтетін тарихи матч команданың турнирдегі көңіл күйіне де, әрі қарайғы нәтижелеріне де айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
– Сіздің ойыңызша, өзбек футболының қазіргі жетістігінің сыры неде? Академиялардың жұмысы ма, жастар құрамаларының дамуы ма, легионерлер санының артуы ма, әлде басқа факторлар бар ма?
– Ең алдымен бұл – спорт саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Ел басшылығы футболды дамыту үшін барлық деңгейде қажетті жағдай жасап отыр.
Әрине, футбол академияларының жұмысы мен жастар футболына салынған инвестицияның да үлесі зор. Соңғы жылдары Өзбекстанның U-17 және U-20 құрамалары Азия чемпиондары атанды. Мұндай жетістіктер кездейсоқ келмейтіні белгілі.
Сонымен қатар бапкерлерді, төрешілерді және түрлі сала мамандарын даярлау бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мұның бәрі футболды дамытуға бағытталған біртұтас жүйенің құрамдас бөліктері.
Тағы бір маңызды жайт – бүгінде өзбек футболшылары Еуропаның беделді чемпионаттарында көбірек өнер көрсетіп жүр. Әлем чемпионатынан кейін олардың саны одан әрі артады деп сенемін.
Өйткені мундиаль – футболшылар үшін ең үлкен көрме алаңы. Турнирді әлемнің жетекші клубтарының скауттары, агенттері мен мамандары жіті бақылайды. Сондықтан Өзбекстан құрамасының бірнеше ойыншысы Еуропаның мықты клубтарынан ұсыныс алуы әбден мүмкін.
Бұл өз кезегінде өзбек футболының дамуына жаңа серпін береді.
Әрине, біздің құраманың өте қиын топқа түскенін де ұмытпау керек. Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасы – барлығы да қауіпті қарсыластар. Бірақ соңғы жылдары Өзбекстан құрамасының да деңгейі айтарлықтай өсті.
Турнир қалай аяқталса да, біз футболшыларымызды мақтан тұтамыз. Олар қандай нәтиже көрсетсе де қолдау білдіреміз. Бұл әлем чемпионаты өзбек футболының әлемдік аренадағы ұзақ жолының бастауы болады деп сенемін.
– Өзбекстанның әлем чемпионатына шығуы Орталық Азия футболының халықаралық беделіне қаншалықты әсер етеді? Бұл оқиғаны аймақ футболы тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге бола ма?
– Әрине, бұл тек Өзбекстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия футболы үшін маңызды тарихи оқиға деп есептеймін.
Бұл қатарға алдағы уақытта бауырлас елдердің құрамалары да қосылады деп сенемін. Әсіресе Қазақстан құрамасына шын жүректен сәттілік тілеймін.
Болашақта әлем чемпионаттарына Орталық Азиядан бір ғана емес, бірнеше құрама қатысады деп үміттенемін. Өйткені өңірдің әлеуеті өте жоғары. Ал Өзбекстанның бүгінгі жетістігі әлемдік деңгейге шығудың мүмкін екенін дәлелдеп берді.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан жанкүйерлеріне және Орталық Азиядағы барлық футболсүйер қауымға ерекше алғыс айтқым келеді. Біз сіздердің қолдауларыңызды, жылы лебіздеріңізді және шынайы тілектеріңізді сезініп отырмыз және мұны ерекше бағалаймыз.
14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды