21.05.2026
09:30
162
Жаңалықтар

Қазақ қызы құрған бренд Орталық Азияны қалай бағындырды?

Кеше Астанада Қазақстан әйелдерінің IX UMAI форумы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1000-нан астам кәсіпкер әйел бас қосқан жиынның басты мақсаты – әйелдерге өз ісін бастауға қолдау көрсету, шағын бизнестің дамуына серпін беру және қоғамдағы әйел рөлін жаңа қырынан көрсету.

Форум спикерлерінің бірі – Lanzhou жылдам тамақтану желісінің негізін қалаушы, кәсіпкер Гүлбану Майғарина. Ол бизнеске қалай келгенін, команда құру, жеке бренд, әйелдің жауапкершілігі, ішкі энергиясы және кәсіпкерлік мәдениет туралы айтты.

Гүлбану Майғарина Астанада дүниеге келген. Кейін мейрамханасын ашу үшін Алматыға көшеді. Биыл кәсіпкер атанғанына 8 жыл толады. Оның айтуынша, мансабын кеш бастағандықтан, жалдамалы жұмысқа жегілмей, бірден кәсіпкер болуға ұйғарады.

©El.kz/Нұрдана РАМАЗАН

Төрт елде 65 дәмханасы бар

Бүгінде Lanzhou жылдам тамақтану желісінің Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанда 65-тен астам «нүктесі» бар.

2019 жылы таңдау жасайтын мүмкіндік болмады. Басында маған «сенің қолыңнан келмейді» дегендер көп болды, – дейді ол.

Кәсіпкер үшін бизнес тек табыс көзі емес, қоғамға әсер етудің бір жолы болған. Оның айтуынша, алғашқы миссияларының бірі – әйелдің демалыс күнін ас үйде өткізбей, өзіне көңіл бөлуге мүмкіндік сыйлау болған.

©El.kz/Айдана ЕРБАТЫРКЫЗЫ

Lanzhou – тек дәмхана желісі емес, белгілі бір мәдениетті қалыптастырған жоба. Компанияда тамақтану мәдениетімен қатар, команда ішіндегі қарым-қатынас, жұмыс істеу тәртібі, серіктестермен байланыс мәдениеті де қалыптасқан, – деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, сол тұста қала орталығындағы дәмханаға бару тұрмысы орташа және табысы төмен отбасы үшін қолжетімсіз көрінетін. Ал бүгінде қоғамдық тамақтану орындарынан ас ішу көпшілік үшін қалыпты өмір салтына айналды.

©El.kz/ Нұрдана РАМАЗАН

Гүлбану Майғарина үшін масштаб – дәмхана желісін көбейтіп не табыс көлемін ұлғайту емес. Оның түсінігінде масштаб – жүйеге, адамдарға және тұтас салаға әсер ету.

Нағыз көшбасшы жүйеге әсер ете алады. Ал масштаб – өзіңнен де үлкен дүниеге ықпал ету, – дейді кәсіпкер.

Жеке брендті қалай қалыптастырды?

Форум барысында кәсіпкер жеке бренд ұғымы жайлы ой өрбітті. Оның айтуынша, жеке бренд әлеуметтік желідегі миллиондаған қаралым немесе әдемі видео емес.

Жеке бренд дегеніміз – сенің айнаң. Істеген ісің, төккен терің мен жұмысыңның нәтижесі көрінсе, онда жеке брендке айналғаның, – дейді Гүлбану Майғарина.

©El.kz/Айдана ЕРБАТЫРКЫЗЫ

Кәсіпкерлік туралы сөз қозғағанда, Гүлбану Майғарина бизнестің нақты көрсеткіштерге сүйенуі керегін айтты. Оның айтуынша, кәсіпкер сандармен жұмыс істей алмаса, бизнесті басқара алмайды.

Егер сіздің қаржылық көрсеткіштеріңіз жүйеленбесе, нақты цифрды білмесеңіз – онда бизнесті сіз емес, бизнес сізді басқарып отыр деген сөз – деді кәсіпкер.

«Біреуден дәметуді қояйық»

Сондай-ақ Гүлбану Майғарина қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуеті өте жоғары екенін де айтты. Алайда көп жағдайда өнімді дұрыс сату, ұсыну және брендке айналдыру бойынша білім жетіспейтінін атап өтті.

©El.kz/Айдана ЕРБАТЫРКЫЗЫ
©El.kz/Айдана ЕРБАТЫРКЫЗЫ

Кәсіпкердің айтуынша, көптеген адам брендингті тек логотиппен байланыстырады. Алайда шын мәнінде брендинг – миссия, мағына және философия.

Форумда сөз сөйлеген кәсіпкер әйелдер үшін ең маңызды нәрсе – жауапкершілікті сезіне білу екенін ерекше атап өтті.

©El.kz/ Нұрдана РАМАЗАН

Бізге, қыздарға, тек бір нәрсе істеу керек – жауапкершілікті сезініп үйренейік. Өзімізді қолға алып, әрекет етейік. Күтуді, біреуден дәметуді қояйық. Сонда ғана өмірің өзгере бастайды, – деді ол.

Оның сөзінше, адам өз ойын іште сақтап, өзін тежей берген сайын ішкі энергиясын жоғалтады.

Ешқашан ойыңызды іште тұншықтырмаңыз, өзіңізге опасыздық жасамаңыз. Себебі айтылмай қалған сөз адамның өте көп энергиясын алады, – деді ол.