Өткен аптада Қытайда дзюдодан Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан қоржынында 5 медаль еншілесе, соның біреуі ғана алтын, қалғаны қола. Ал жалпы командалық есепте 8-орын иелендік.
Әріптесіміз Анық Көкенайұлы бұл көрсеткішке масаттанудың қажеті жоқ деп санайды, топ жарған Әділет Алматтың жеңісі де бұл спортшының жеке шеберлігінің арқасы деп отыр. Тиісінше былтыр құрамаға келген бапкерлер штабының жұмысы әлі көзге көрінбейді деп санайды. Осы орайда еліміздегі ең титулды спортшылардың бірі, Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке хабарласып, құраманың бүгінгі жай-күйі, бапкерлер штабы жайлы ойын білдік.
Бапкерден алдымен Сметовтің деңгейіндегі дзюдошылар қашан шығады деп сұрадық. Оның айтуынша, Елдос Сметовтің Олимпиададағы жеңісі – тек жеке спортшының емес, жалпы жүйелі дайындық пен жоғары деңгейдегі ішкі бәсекенің нәтижесі.
Біз үш Олимпиадаға қатыстық, әлем чемпионаттарында күрестік. Сол кезеңдердің бәрінде 60 келіде бір емес, екі-үш мықты баламыз болды. Мысалы, Рио Олимпиадасы алдында Елдос Сметов пен Рүстем Ибраевтың арасында үлкен бәсеке болды. Екеуінің де деңгейі жоғары еді, қайсысы барады деген мәселе тұрды, – дейді бапкер.
Осы жағдай Токио Олимпиадасы қарсаңында да қайталанған. Бұл жолы Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев және Рүстем Ибраевтың үшеуі де лицензия иеленіп, бір жолдама үшін өзара бәсекеге түсті.
– Негізі үшеуі де Олимпиадаға баруға лайықты болды. Бірақ біз іріктеу арқылы ең мықтысын таңдадық. Бұл – спорттағы заңдылық. Сол кезеңде Маржан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев сияқты балуандар да күресіп жүрді. Жалпы, статистикаға қарасақ, бізде әрдайым бәсеке болды және қазір де бар, – деді ол.
Ғалымжан Жылгелдиевтің сөзінше, Олимпиадада жеңіске жеткен Елдос Сметовтің жолы болды деуге болады. Бірақ бұл өзге спортшылардың әлсіздігін білдірмейді.
Мен ешқашан «егер Рүстем барса, ұтылып қалар еді» деп айтпаймын. Оның да мүмкіндігі болды. Сол сияқты Токиоға Ғұсман Қырғызбаев барса, ол да Елдос сияқты нәтижеге ие болатын ба еді, мүмкін одан да жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін еді. Бізде 60 келіде жүрген балалардың бәрі де – лайықты спортшылар, – дейді бапкер.
Оның айтуынша, қазіргі таңда да бұл салмақта бәсеке жоғары деңгейде сақталып отыр. Париж Олимпиадасына барған бірнеше спортшының өзі бір-біріне тең қарсылас.
Қазір де 60 келіде жақсы балалар көп. Оқу-жаттығу жиындарында көріп жүрмін, деңгейі жаман емес. Азия чемпионатында да екі спортшымыз финалға жете алмай, үшінші орын үшін күресті. Бұл жаман нәтиже емес. Спортта әрдайым бір қалыпта өнер көрсету мүмкін емес, кейде бабына енеді, кейде деңгейі төмендейді, – дейді ол.
«Нәтиже – өз бапкерлеріміздің еңбегі»
Сұхбат барысында бапкер шетелдік мамандардың келуіне қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, кеңесші ретінде тәжірибе алмасу – дұрыс, алайда негізгі нәтижеге отандық бапкерлердің еңбегі әсер етіп отыр.
Осы уақытқа дейін қазақстандық бапкерлер спортшыларды тәрбиелеп, үлкен деңгейге жеткізді. Қазақстан чемпионы етіп, Азия мен әлем чемпионаттарында күресетін деңгейге көтерген – өзіміздің бапкерлер, – дейді Ғалымжан Жылгелдиев.
Ол бұрын ұлттық құрамада Ермек Иманбеков, Айдын Смағұлов сынды тәжірибелі мамандар табысты жұмыс істегенін атап өтті.
Ермек Иманбеков ұзақ жылдар бойы бас бапкер болды, өте жақсы жұмыс істеді. Айдын Смағұлов та нәтижелі еңбек етті. Бұлар – өз ісінің мамандары. Шетелдік мамандар кеңесші ретінде келіп, өз ұсыныстарын береді, бұл – дұрыс. Бірақ команданы алға сүйреп отырған – өзіміздің қазақ бапкерлері, – деді ол.
Сондай-ақ Токио Олимпиадасында өзі бас бапкер ретінде жұмыс істегенін еске алды.
Ол кезде де біз өз күшімізбен жұмыс істедік. Әрине, кеңес тыңдауға болады. Бірақ спортшыларды кішкентайынан бастап өсіріп, үлкен деңгейге жеткізген – өзіміздің бапкерлер. Қазір де нәтижелер сол жеке бапкерлердің еңбегінің арқасында келіп жатыр, – деп атап өтті Ғалымжан Жылгелдиев.
Ғалымжан Жылгелдиев ұлттық құрамадағы шетелдік мамандардың жұмысына қатысты пікір білдіріп, қазіргі жүйенің артық-кем тұстарын ашық айтты.
Оның сөзінше, шетелдік мамандар алып келген жүйе – жаңа немесе өзгеше дүние емес, бұл тәсілдер әлемнің көптеген елінде бұрыннан қолданылып келеді.
Қазір шетелдік мамандар бір команда болып келіп, техника, тактика, физикалық дайындық бойынша өз жүйесін ұсынып жатыр. Бірақ бұл бізде жоқ нәрсе емес. Мұндай жүйені кез келген тәжірибелі бапкер ұйымдастыра алады. Біз онсыз да бұрын Олимпиада жүлдегерлерін, әлем чемпионатының жүлдегерлерін тәрбиелеп шығардық, – дейді ол.
Сонымен қатар бапкер қазіргі құраманың жұмысына жалпы оң баға беретінін жасырмады.
Қазіргі жұмыс істеп жатқан команда жаман емес, жақсы. Техника, тактика жағынан да дұрыс бағыт беріп жатыр. Бірақ ешбір жүйе мінсіз болмайды. Мысалы, Азия чемпионатында барлық салмақта нәтиже бірдей болған жоқ. Кейбір салмақтарда медаль болмады, ал кейбірінде екі спортшыдан шығардық. Мұндай мәселелерді талдап, ойлану керек, – деді маман.
«Барлық салмақта тұрақты нәтиже күту мүмкін емес»
Жылгелдиев спорттағы тұрақтылық мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, әр спортшының формасы әр кезеңде әртүрлі болады.
Спортта әрдайым бір қалыпта өнер көрсету мүмкін емес. Бірде көтерілу болады, бірде төмендеу болады. Бұл – табиғи процесс. Бір жарыстың нәтижесімен бүкіл команданы бағалау дұрыс емес, – дейді ол.
Сондай-ақ бапкер кейбір талантты спортшыларға жеткілікті мүмкіндік берілмей отырғанын атап өтті.
Бізде Нұрқанат сияқты, Данияр Шамшадин сияқты мықты балалар бар. Олар Олимпиадаға қатысқан, тәжірибесі бар спортшылар. Осындай жігіттерді құрама төңірегінде ұстап, тұрақты түрде шақырып, мүмкіндік беру керек. Болашағы бар спортшыларды жоғалтып алмау маңызды, – деді ол.
«Жас буын бар, бірақ Елдостың деңгейіндегі спортшы әзірге көрінбейді»
Бапкер қазіргі жас спортшылардың әлеуетіне оң баға берді. Алайда Елдос Сметов секілді дара тұлғалар сирек туатынын да атап өтті.
Қазір бізде жақсы жастар өсіп келеді. 60, 66, 73, 81, 90 келі салмақтарында мықты балалар бар. Әсіресе 81 келідегі спортшының күресі маған қатты ұнап жүр – тактикасы, қарсыласты сезінуі жақсы. Бірақ дәл Елдос сияқты айқын көшбасшы әзірге көрінбейді. Ондай спортшылар сирек туады. Жалпы, Елдос тәрізді спортшылар ғасырда бір туады, – дейді ол.
Соған қарамастан бапкер болашаққа сеніммен қарайды.
Елдос сияқты деңгейге жақындайтын балалар бар. Тек олармен жеке-жеке дұрыс жұмыс істеу керек. Сонда ғана нәтиже болады, – деді ол.
Азия ойындарына болжам
Ғалымжан Жылгелдиев алдағы Азия ойындарына қатысты да өз ойын білдірді. Оның айтуынша, бұл жарысқа барлық ел барынша дайындалып келеді.
Азия чемпионаты – Азия ойындарына дайындықтың бір кезеңі. Бірақ жапондар бұл жолы толық құраммен келген жоқ. Ал Азия ойындары өз елдерінде өтетіндіктен, олар ең мықты спортшыларын әкеледі. Біз де сол деңгейде дайын болуымыз керек, – дейді ол.
Бапкер Қазақстан құрамасының әлеуетіне сенімді.
Біз де Азия ойындарына ең мықты спортшыларды апарамыз. Жақсы нәтиже көрсетуге толық мүмкіндік бар. Бұған дейін де Азия ойындарында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Қазір де команда жаман емес, деңгейі жоғары, – деді ол.
«Спорт – саясат емес, патриотизмнің алаңы»
Сөз соңында Ғалымжан Жылгелдиев спорттың маңыздылығына тоқталып, оның басты миссиясын атап өтті.
Спорт ешқашан саясатқа араласпауы керек. Спорттың басты мақсаты – елдің туын көтеру, әнұранын шырқату, жастарды патриотизмге тәрбиелеу. Біз осы бағытта жұмыс істесек, нәтиже де болады, – деп түйіндеді бапкер.