Қарбызды қашан сатып алған дұрыс? Министрлік ескерту жасады

Қарбызды қашан сатып алған дұрыс? Министрлік ескерту жасады

Көктем Қарқын
Фото: pixabay.com

Жаздың басты жемісі саналатын қарбызды таңдауға асықпаған жөн. Ауыл шаруашылығы министрлігі оны шілде айының соңынан бастап қыркүйекке дейін сатып алуды ұсынып отыр. Мамандардың айтуынша, дәл осы кезеңде бақша өнімдері табиғи жолмен піседі.

Төрт түрлі өсіру технологиясы бар

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бақша дақылдарының пісу мерзімі олардың өсіру технологиясына байланысты өзгереді.

Бақша өнімдерін өсірудің төрт технологиясы бар. Біріншісі – пленка астында өсіру, екіншісі – орташа мерзімде пісетін, үшіншісі – кеш пісетін, ал төртіншісі – жыл бойы өндірілетін өнімдер. Ең қауіпсіз кезең – шілде айының соңы мен қыркүйек аралығы. Осы уақытта қарбыздар табиғи жолмен пісіп, қосымша тыңайтқыштар мен түрлі өсу стимуляторларынсыз жетіледі, – деді Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, бұл ұсынысты әсіресе балаларға қарбыз сатып алатын ата-аналардың ескергені жөн.

Маусым басталмай жатып сатылымға шығатын қарбыздардың барлығы міндетті түрде қауіпті деген сөз емес. Дегенмен ерте өнімнің бір бөлігі жылыжайда немесе пленка астында өсіріледі. Мұндай жағдайда өнімнің тезірек жетілуі үшін әртүрлі агротехнологиялар қолданылуы мүмкін. Сондықтан мамандар табиғи маусымда піскен қарбызды таңдауға кеңес береді.

Импорттық қарбыздар қалай тексеріледі?

Вице-министр Қазақстанға шетелден әкелінетін барлық жеміс-көкөніс өнімдері міндетті фитосанитариялық бақылаудан өтетінін де атап өтті. Тексеру барысында өнімдердің зиянкестер мен қауіпті өсімдік ауруларынан таза екені анықталады.

Дегенмен фитосанитариялық бақылау өнімнің өсімдік аурулары мен зиянкестерден қауіпсіздігін тексереді. Ал тұтынушыларға қарбызды ресми сауда орындарынан сатып алып, жарылған немесе кесілген өнімнен бас тарту ұсынылады. Сонымен қатар кесілген қарбызды міндетті түрде тоңазытқышта сақтап, қысқа мерзім ішінде тұтынған дұрыс.

Біз бұған дейін қарбызды дұрыс таңдау жолдары жайлы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз

{