20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керекАлматының таулы аймағында орналасқан қараусыз қалған ғимарат туралы халық арасында үрейлі аңыздар бар. Бірі мұнда жапон әскери тұтқындары қамалған десе, енді бірі құрылыс кезінде қаза тапқандардың мәйіті қалың қабырғаларға қаланғанын айтады. Түнде бұл маңнан елес көргендер де бар екен-мыс. Алайда қорқынышты әңгімелердің артында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнің ұмыт қалған тарихы жатыр.
Алматы маңындағы ГЭС-2 аймағында орналасқан ескі ғимарат жұрт арасында «жапон түрмесі» деген атаумен белгілі. Қараусыз қалған нысанның суық көрінісі мен айналасындағы тау табиғаты оны қаланың тылсым орындарының біріне айналдырған.
Халық арасында тараған аңыз бойынша, бір кездері бұл жерде жапон әскери тұтқындарына арналған лагерь болған. Ғимаратты да тұтқындардың өздері салған деседі. Ел аузындағы әңгімелердің ең қорқыныштысы – құрылыс кезінде жарақаттан немесе ауыр жағдайдан қайтыс болған адамдардың мәйіттері қалыңдығы бір метрге жуық қабырғалардың ішіне қаланғаны туралы аңыз.
Содан бері бұл жерді тылсым мекен санайтындар бар. Кейбір әңгімелерде түнде ғимарат маңына барған адамдар адам сұлбасын көріп, белгісіз дыбыстарды естігені айтылады. Аңызға сенсек, бұл – кезінде осында қаза тапқан тұтқындардың рухтары.
Дегенмен ғимараттың нақты қандай мақсатта пайдаланылғаны, онда әскери тұтқындар ұсталған-ұсталмағаны және қабырғаларға адам мәйіттері қаланғаны туралы мәліметтерді растайтын сенімді тарихи дерек әзірге табылған жоқ. Сондықтан бұл оқиғалар ел аузындағы аңыз болып қала береді.
Жапон әскери тұтқындары Қазақстанға қалай келді?
Бұл аңыздың тарихи негізін түсіну үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңге оралу қажет.
1945 жылы тамызда Кеңес Одағы Жапонияға қарсы соғысқа кірісті. Квантун армиясы жеңілгеннен кейін жүздеген мың жапон әскери қызметкері кеңес әскерінің қолына түсіп, КСРО аумағындағы лагерьлерге жіберілді. Олардың едәуір бөлігі Қазақстанға әкелінді.
Ашық дереккөзде сол уақытта шамамен 58 мың жапон тұтқыны Қазақстанда болғаны айтылады. Олардың бір бөлігі Қарағанды облысындағы лагерьлерге орналастырылса, енді бірі Алматыға және басқа өңірлерге жіберілген.
Тұтқындар соғыстан кейінгі ел экономикасын қалпына келтіру жұмыстарына тартылды. Олар шахталарда, зауыттарда, тұрғын үйлер мен инженерлік нысандардың құрылысында еңбек етті.
Алайда олардың өмірі оңай болған жоқ. Зерттеулерде азық-түлік тапшылығы, ауыр жұмыс пен арнайы еңбек киімі мен қауіпсіздік құралдарының жетіспеуі салдарынан тұтқындардың жарақат алғаны жазылған. Орыс тілін білмеуі де өндірістегі қауіпсіздік нұсқауларын түсінуді қиындатқан.
Алматыдағы тұтқындар салған ғимараттар
Жапон әскери тұтқындарының еңбегі Алматының соғыстан кейінгі сәулетінде де із қалдырған. Тарихи материалдарға сәйкес, олардың бір бөлігі қаладағы тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттардың құрылысына қатысқан.
Мәселен, Жібек жолы мен Досмұхамедов көшелерінің қиылысындағы 1946-1948 жылдары салынған тұрғын үй, Назарбаев пен Қабанбай батыр көшелерінің маңындағы Түрксіб жұмысшыларының үйі және трамвай депосының кейбір ғимараттары жапон тұтқындарының еңбегімен байланыстырылады.
Олар Қазақ КСР Ғылым академиясының оңтүстік корпусын, Алматы ауыр машина жасау зауыты мен басқа да өндіріс орындарының құрылысына қатысқан. Бұл туралы Әлиайдар Құрбанбайдың Qalam басылымында жарияланған «Қазақстандағы жапон әскери тұтқындарының тарихы» атты зерттеуінде баяндалады.
Қала маңындағы «Жапон жолы» да осы кезеңнің тарихи мұраларының бірі саналады. Ол Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы Үлкен Алматы шатқалында орналасқан. Жол қаланы сумен қамтамасыз етуге арналған инженерлік жұмыстармен байланысты болған. Оның бойымен су құбыры тартылып, ГЭС-1 және ГЭС-2 нысандарының жұмысына қажетті инфрақұрылым жасалған.
Бүгінде ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын ескі тау жолы туристер мен табиғат әуесқойлары жиі баратын бағытқа айналған. Жол бойынан сол кезеңдегі инженерлік жұмыстардың іздерін кездестіруге болады.
Бұл деректер жапон тұтқындарының Алматы тарихында өзіндік орны бар екенін көрсетеді. Алайда олардың қаладағы әрбір ескі ғимаратты салуға қатысқанын немесе ГЭС-2 маңындағы «жапон түрмесі» деп аталатын нысанды тұрғызғанын нақты құжаттарсыз айтуға болмайды.
«Жапон түрмесі» туралы аңыздардың неге әлі күнге дейін таралып келе жатқанын түсіну қиын емес. Қаңыраған ғимараттар, қалың тас қабырғалар мен адам аяғы сирек басатын тау бөктері жұрттың қиялына әсер етеді. Ал нысанның нақты тарихы белгісіз болған сайын, оның айналасында жаңа әңгімелер пайда бола береді.
20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады19 Қазан, 12:42
1 млн теңгеге дейін: 2026 жылы бала туғанда берілетін төлемдер мөлшері қанша болды?