Президент АӨСШК аясында превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды

Президент АӨСШК аясында превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды

Аян Қайырбаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК VII саммитінде қауіпсіздік мәселесі әрқашан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін еске салды.

Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім қабылдауға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, болашаққа бағдарланған Ұйым бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек.

Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзінде ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Оқи отырыңыз

{