Пенальти, Анарбековтің сейві және соңғы минуттағы мүмкіндік: «Қайрат» Ригада тең түсті

Пенальти, Анарбековтің сейві және соңғы минуттағы мүмкіндік: «Қайрат» Ригада тең түсті

Мадина Асылбекова
Фото: instagram.com/f.c.kairat

Алматының «Қайрат» клубы УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы матчында Латвияның «Ригасымен» 1:1 есебімен тең түсті.

Рафаэль Уразбахтин шәкірттері ойын басында-ақ есеп ашқанымен, алаң иелері көп ұзамай таразы басын теңестірді. Ал бірінші таймда «Рига» пенальтиді пайдалана алмады.

15 қазанда Ригадағы «Сконто» стадионында өткен кездесуде командалар алғашқы минуттардан-ақ шабуылға көшті. Матчтың бесінші минутында төреші VAR жүйесін қарап, «Қайраттың» пайдасына пенальти белгіледі. Мүмкіндікті Марк Гуаль сәтті пайдаланып, алматылықтарды алға шығарды.

Бұдан кейін алаң иелері бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. 28-минутта «Рига» тағы бір пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ Мохамед Бадамосидің соққысын «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков қайтарып, командасын голдан құтқарды.

Бірінші таймның қалған бөлігінде де латвиялықтар шабуылда белсенді болғанымен, Анарбеков сауатты қимылдады, тіпті Диоптың алыстан бағыттаған қауіпті соққысын да қайтарды. «Қайрат» та қарсы шабуылдар арқылы жауап беруге тырысқанымен, үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ.

Екінші таймда «Рига» басымдық танытты

Екінші таймда ойынның қарқыны біршама бәсеңдегенімен, алаң иелері біртіндеп басымдықты өз қолына алды. «Рига» көбіне сол қаптал арқылы шабуылдап, «Қайрат» қақпасына қысым жасады.

Оқи отырыңыз:

69-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан бразилиялық Рамирес жақын бұрышқа соққы бағыттады. Бірақ Анарбеков тағы да сенімді ойнады. Арада үш минут өткенде Улад айып добын орындап, қақпаға қауіп төндірді. Бұл жолы да қазақстандық қақпашы өз міндетін атқарды.

Матчтың соңына қарай «Қайрат» ойыншыларының шаршағаны байқалды. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин алаңға тың ойыншылар шығарғанымен, алматылықтар негізінен тең есепті сақтап қалуға күш салды. Дегенмен 90-минутта қонақтар жеңісті жұлып әкетуге мүмкіндік алды. Сол қапталдан жасалған пастан кейін Луиш Мату қақпаның алыс бұрышына соққы бағыттады. Бірақ «Риганың» қақпашысы Кенан Пирич допты қайтарып, командасын құтқарып қалды.

Осылайша, «Қайрат» Конференция лигасындағы алғашқы кездесуінде бір ұпай еншіледі. Ал «Рига» өз тарихында алғаш рет еурокубоктың жалпы кезеңінде ойнап, алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Уразбахтин тең нәтижеге көңілі толатынын айтты

Матчтан кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин кездесудің барысы команда күткендей өрбігенін айтты. Оның сөзінше, алматылықтар қарсыластың допқа көбірек иелік ететінін алдын ала болжап, қорғаныс пен қарсы шабуылға басымдық берген.

Ойын дәл осылай өрбиді деп ойладық: қарсылас бастаманы өз қолына алып, біз көбірек қорғанып, қарсы шабуылға шығуға тырысамыз. Солай болды. Жылдам гол соқтық, бірақ өз қақпамызға гол жіберген сәтте дұрыс әрекет ете алмадық, – деді бапкер.

Уразбахтин бірінші таймда қорғанысты ұйымдастыру кезінде қателіктер болғанын да жасырмады. Команда ойыншыларының арасы алшақтап, қарсыласқа бос аймақтарды пайдалануға мүмкіндік берілген.

Үзілістен кейін «Қайрат» тактикалық өзгерістер енгізіп, ойынын жақсартқан. Дегенмен бапкердің айтуынша, футболшыларға тыңдық жетіспегенімен, екінші гол соғуға мүмкіндік болған.

Сырт алаңдағы алғашқы матч үшін тең нәтиже – қалыпты көрсеткіш деп ойлаймын. Бір ұпай алғанымызға қуаныштымыз, – деді Уразбахтин.

«Рига» бапкері жеңіске жетуге мүмкіндік болғанын айтты

Латвиялық клубтың бас бапкері Адриан Гуля да командасының ойынына оң баға берді. Оның пікірінше, «Рига» әсіресе бірінші таймда жақсы өнер көрсетіп, есепте алға шығуға бірнеше мүмкіндік алған.

Жалпы, өте жақсы әрі тартымды ойын болды. Біз бірінші таймда командалық тұрғыдан басым болдық және есепті 1:1-ден 2:1-ге, тіпті 3:1-ге жеткізуге жақын тұрдық. Бірақ еурокубоктағы деңгей осындай. «Қайрат» – тәжірибелі команда, – деді ол.

Гуля екінші таймда алматылықтардың ойын жүйесін өзгертіп, допқа көбірек иелік еткенін атап өтті. Оның айтуынша, «Ригада» жеңіске жетуге мүмкіндік болғанымен, команда сол сәттерді голға айналдыра алмады.

Латвиялық Sportacentrs.com басылымы да матчтың соңындағы сәтке назар аударды. Басылымның жазуынша, «Қайрат» соңғы минуттарда жеңісті жұлып әкетуге жақын болған, бірақ Пиричтің сенімді ойыны «Риганы» құтқарып қалды.

«Қайратты» алда қандай ойындар күтіп тұр?

Енді алматылық клуб Қазақстан чемпионатындағы кезекті матчына дайындалады. Уразбахтиннің айтуынша, команда үшін қазір қалпына келу маңызды, өйткені ішкі біріншіліктегі келесі кездесу араға көп уақыт салмай өтеді.

Ал Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі келесі ойында «Қайрат» 22 қазанда өз алаңында Грекияның «Панатинаикос» клубын қабылдайды.

Одан кейін алматылықтарды Италияның «Аталантасымен» сырт алаңдағы кездесу, Швецияның «Мьельбю» және Румынияның «Университатя Крайовасымен» өз алаңындағы матчтар, сондай-ақ Нидерландтың «Твентесімен» сырт алаңдағы ойын күтіп тұр.

Жалпы кезеңде әр команда алты матч өткізеді: үшеуі өз алаңында, үшеуі сыртта. Қорытынды кестедегі үздік сегіз клуб бірден 1/8 финалға жолдама алады. Ал 9-24-орындарға тұрақтаған командалар келесі кезеңге шығу үшін плей-офф ойындарына қатысады.

Бұған дейін отандық төрешілердің УЕФА Конференциялар лигасында төрелік ететіні туралы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз

{