Бүгiн, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?Әлем чемпионаты қыза түсті. Күн сайын қызықты деректер, түрлі ақпарат шығып жатыр. Әлеуметтік желідегі сондай детальдің бірі – Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалонидің журналисте құрмет көрсеткені. Ол баспасөз мәслихатында 91 жастағы журналистің сұрағына жауап беріп қана қоймай, жиыннан кейін арнайы барып құшақтап, бірге суретке түсті.
Бұл журналист кім десеңіз, ол – Энрике Макая Маркес. Аргентинада оны жай ғана «Макая» деп атайды. Ол – әлем чемпионаттарының шежірешісі. Себебі 1958 жылдан бері өткен бірде бір әлем чемпионатын жібермеген. Биыл АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан додаға да асығып жеткен.
Газет таратқан бала
Энрике Макая Маркес 1934 жылы 20 қарашада Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа деген қызыққан. Өзі кейін берген сұхбаттарының бірінде сегіз жасында көрші-қолаңға газет таратып жүргенін айтқан. Сол кезде-ақ газеттегі спорт жаңалықтарын қалт жібермей оқып, футбол туралы ақпаратқа ерекше қызығушылық танытады.
15 жасында Буэнос-Айрестегі Radio El Mundo радиосына қарапайым қызметкер болып жұмысқа орналасады. Алғашында құжат тасып, ұйымдастыру жұмыстарын істейді. Кейін спорт редакциясына ауысып, журналистикадағы алғашқы қадамын бастайды.
Оның кәсіби еңбек жолы дәл осы радиодан басталып, кейін Аргентинаның ең беделді газет-журналдары мен телеарналарына ұласты. Макая Маркес La Nación, Clarín, El Gráfico сияқты ірі басылымдарда еңбек етті. Ал телевизиядағы мансабы 1966 жылдан басталып, ондаған жыл бойы Аргентинаның ең танымал спорт бағдарламаларының жүргізушісі әрі комментаторы болды.
68 жыл бойы әлем чемпионаттарынан қалмаған
Энрике Макая Маркес алғаш рет 1958 жылы Швецияда өткен футболдан әлем чемпионатына арнайы тілші ретінде барады. Сол кезде оның жасы небәрі 23-те еді. Одан кейін 17 әлем біріншілігіне барып, футболшының ғана емес, журналистің де тарихта аты қалатынын көрсетті.
Осылайша, ол 18 әлем чемпионатыннан тікелей хабар таратқан әлемдегі алғашқы әрі жалғыз журналист атанды. Бұл рекордты FIFA ресми түрде мойындады.
Пеле, Марадона, Месси…
Макая Маркес – футболдың бірнеше дәуірінің куәгері. Ол Пеленің алғашқы әлем чемпионы атанғанын өз көзімен көрді. Кейін Йохан Кройфтың дәуірін, Франц Беккенбауэрдің жеңістерін, Диего Марадонаның 1986 жылғы әйгілі «Ғасыр голын» стадионнан тамашалады.
Ал кейінгі жылдары Лионель Мессидің әлем чемпионаттарындағы жорығын жазып жүр. 2022 жылы Қатарда Аргентина 36 жылдан кейін әлем чемпионы атанғанда да Макая Маркес финалдық кездесуді стадионнан бақылап, кәсіби журналист ретінде репортаж әзірледі. Сол кезде ардагер журналист 88 жасқа толған-ды.
Иә, Аргентина құрамасының әлем чемпионы атануы оның ұзақ жылғы кәсіби жолындағы ең әсерлі сәттердің бірі болғанын жергілікті БАҚ бірнеше рет жазды. Сол турнир барысында FIFA оны арнайы марапаттап, әлем чемпионаттарын ең көп жариялаған журналист ретінде құрмет көрсетті. Сондай-ақ Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығы (AIPS) оның спорт журналистикасына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
91 жасында әлем чемпионатына қалай барады?
Көпшілікті таңғалдырған сұрақтың бірі – Макая Маркес 91 жасында мұндай ұзақ сапарларға қалай шыдайды? Аргентиналық журналист зейнетке шыққан жоқ. Ол әлі күнге дейін жергілікті телеарналармен және спорттық медиамен жұмыс істейді. Әлем чемпионаттарына ресми аккредитация алып, журналист ретінде қатысады. Матчтарды стадионнан тамашалап, баспасөз мәслихаттарына қатысып, сұхбат алады, телебағдарламаларға сарапшы ретінде шығады.FIFA-ға берген сұхбатында ол ұзақ өмір сүрудің құпиясы туралы:
Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Күн сайын жаңа нәрсе үйренемін. Сондықтан жұмыс істеуді тоқтатқым келмейді, – деген болатын.
Ал Аргентинада Энрике Макая Маркес жай ғана журналист емес, ұлттық спорт журналистикасының символына айналған тұлға. Ол бірнеше мәрте елдегі ең беделді Konex сыйлығын иеленді. 2024 жылы Аргентинаның телевизия және радио саласындағы ең жоғары марапаттарының бірі – Martín Fierro сыйлығының өмір бойғы еңбегі үшін берілетін арнайы жүлдесіне ие болды. Буэнос-Айрес қаласының заң шығарушы органы да оны Аргентина спортына және журналистикасына сіңірген еңбегі үшін арнайы марапаттаған. Оның есімі футболмен біте қайнасқаны соншалық, аргентиналықтар оны аңызға айналған тұлғалардың қатарына қосады.
Скалони көрсеткен құрмет
2026 жылғы әлем чемпионатында Энрике Макая Маркес баспасөз мәслихатында Лионель Месси туралы сұрақ қойды. Негізі, матчқа арналған жоспар туралы бас бапкер ешкімге жауап бермесе керек. Сонда Скалони:
Сіз сұрап тұрғандықтан жауап беремін. Басқа біреу сұрағанда, бәлкім, жауап бермес едім. Сізді осында көргеніме қуаныштымын. 18 әлем чемпионатына қатысу – керемет жетістік. Мен карьерамды бастағанда, сіздің аңызға үлгергенсіз. Қазір де солай, – деді.
Кейін бас бапкер арнайы барып, ардагер журналисті құшақтап, бірге суретке түсті. Бұл көрініс әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, Энрике Макая Маркестің Аргентинадағы ғана емес, әлемдік футбол қауымдастығындағы зор беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгiн, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?Бүгiн, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?