Кеше, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?Басқа қалаға оқуға, жұмыс істеуге немесе уақытша тұруға көшкен азаматтарға жаңа мекенжай бойынша тіркеуге тұру қажет болуы мүмкін. Алайда көпшілік уақытша тіркеудің қандай жағдайда міндетті екенін, оны онлайн рәсімдеуге бола ма және пәтер иесінің келісімі қажет пе деген сұрақтарға жауап іздейді.
Уақытша тіркеу кімдерге қажет?
Қазақстанда азамат бір мекенжайдан екіншісіне көшіп, жаңа жерде бір айдан астам уақыт тұруды жоспарласа, уақытша тіркеуге тұруы керек. Оны жаңа мекенжайға қоныстанғаннан кейін он күн ішінде рәсімдеу қажет.
Бұл ретте бұрынғы тұрақты тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Өйткені уақытша тіркеу азаматтың негізгі тұрғылықты мекенжайын өзгертпейді.
Мәселен, ата-анасының үйінде тұрақты тіркеуде тұрған адам басқа ауданнан пәтер жалдап, сонда көшсе, жаңа мекенжай бойынша уақытша тіркеле алады. Оның ата-анасының үйіндегі тұрақты тіркеуі сақталады.
Мұндай талап басқа қалаға уақытша қоныс аударған азаматтарға да қатысты. Айталық, Астанада тұратын адам Алматыға бірнеше айға жұмыс істеуге барса немесе студент басқа қалаға оқуға түссе, уақытша тіркеу рәсімдеуі қажет.
Дегенмен кейбір азаматтарға бұл талап қолданылмайды. Атап айтқанда, медициналық мекемелерде ем қабылдап жатқандар мен вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге уақытша тіркеу міндеттелмейді.
Балаларға қатысты да ерекшеліктер бар. 14 жасқа толмаған баланың тұрғылықты жері ата-анасының немесе заңды өкілінің мекенжайымен байланысты болғандықтан, оны бөлек тіркеудің қажеті жоқ. Ал 14 пен 16 жас аралығындағы балалардың уақытша тіркеуін ата-анасы рәсімдейді.
Ескеретін жайт, уақытша тіркеу белгілі бір мерзімге ғана беріледі. Оның қолданылу уақыты аяқталғаннан кейін азамат сол мекенжайда тұруды жалғастырса, тіркеу мерзімін ұзартуы керек.
Уақытша тіркеуді үйден шықпай рәсімдеуге бола ма?
Уақытша тіркеуге тұру үшін міндетті түрде Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Қызметті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн алуға болады. Ол үшін мына әрекеттерді орындау қажет:
Өтінім толтырған кезде тіркеудің кімге рәсімделетіні көрсетіледі. Азамат өзіне немесе 14–16 жас аралығындағы баласына тіркеу жасай алады.
Одан кейін уақытша тұру мерзімін таңдау қажет. Онлайн тіркеу бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге рәсімделеді. Егер азаматқа бір жылдан ұзақ уақытқа тіркелу керек болса, ХҚКО-ға барып, сол мекенжайда ұзақ мерзім тұру қажеттігін растайтын құжат ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ өтінімде тұрғын үйдің кімге тиесілі екені, меншік иесінің ЖСН немесе БСН нөмірі және тіркелетін мекенжай толық көрсетіледі.
Барлық мәлімет енгізілген соң жүйе арқылы тексеруден өткізіп, өтінімге электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою керек.
Бұл қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді.
ХҚКО арқылы тіркелу үшін қандай құжаттар керек?
Уақытша тіркеуді онлайн рәсімдеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.
Ол үшін тұрғын үй иесінің жеке куәлігі, тіркеуге келісімі және тіркелетін азаматтың жеке басын куәландыратын құжаты қажет.
Егер 14 жасқа толған баланы тіркеу керек болса, оның туу туралы куәлігі де сұралуы мүмкін. Сондай-ақ Қазақстан азаматының паспорты болған жағдайда ұсынылады.
Маңызды талаптың бірі – ХҚКО арқылы тіркелген кезде тұрғын үй иесі мен тіркелетін азаматтың қатысуы қажет.
Пәтер иесінің келісімі міндетті ме?
Азамат өзіне тиесілі емес үйге немесе пәтерге уақытша тіркелгісі келсе, жылжымайтын мүлік иесінің келісімін алуы керек.
Бұл талап жалдамалы пәтерде тұратындарға да қатысты. Яғни жалға алушы тұрғын үй иесінің рұқсатынсыз өз бетінше тіркеле алмайды. Егер өтінім онлайн берілсе, меншік иесі келісімін eGov.kz арқылы растайды. Ол үшін ХҚКО-ға бару міндетті емес.
Ал тұрғын үй бірнеше адамның ортақ меншігінде болса, олардың әрқайсысының келісімі қажет.
Электрондық өтінімді меншік иесі растағаннан кейін қызмет 15 минут ішінде көрсетіледі. Егер үйдің меншік иесі кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адам болса, тіркеу аумақтық полиция органдары арқылы жүргізіледі.
Айта кетейік, уақытша тіркеу азаматқа пәтерді иелену немесе оған меншік құқығын талап ету мүмкіндігін бермейді. Ол адамның белгілі бір мекенжайда уақытша тұратынын ғана растайды.
Уақытша тіркеусіз жүргендерге қандай айыппұл салынады?
Тіркеу талаптарын бұзғаны үшін жалға алушы да, тұрғын үй иесі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгені құрайды. Мысалы, пәтер иесі өз үйінде тұрмайтын азаматтарды тіркегені анықталса, оған 43 250 теңге айыппұл салынуы мүмкін. Мұндай құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есеге өседі.
Ал пәтер жалдап тұратын азамат уақытша тіркеусіз бір айдан астам уақыт жүрсе, 30 275 теңге айыппұл төлеуі мүмкін.
Тіркеуде тұрған мекенжайды қалай тексеруге болады?
Азаматтар өзінің тұрақты немесе уақытша тіркеуі туралы ақпаратты электрондық үкімет порталы арқылы тексере алады.
Ол үшін eGov.kz сайтына кіріп, жеке кабинеттегі «Мекенжайлар» бөлімін ашу жеткілікті. Сол жерден уақытша тіркеуге қатысты мәліметтерді көруге болады.
Тұрғын үй иелері де өз пәтерінде немесе үйінде кімдердің тіркелгенін тексере алады.
Бұдан бөлек, кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында да тіркеу туралы ақпаратты қарау мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен тіркеуді тексеруге арналған қызметті таңдау қажет.
Осылайша азамат өзінің қай мекенжайда тұрақты немесе уақытша тіркеуде тұрғанын анықтай алады.
Уақытша тіркеу рәсімі көп уақыт алмайды. Ең бастысы – қажетті мәліметтерді дұрыс енгізіп, тұрғын үй иесінің келісімін алу. Бұл талаптарды уақытында орындау азаматтарды әкімшілік жауапкершіліктен сақтайды.
Кеше, 09:25
18 көпірдің аржағындағы «елес қала»: Кезінде ұшақ қатынаған Байжансай неге қаңырап қалды?1 Қазан, 17:40
«Атын Төрехан деп қойдық»: шымкенттік отбасы жетінші перзентіне боксшының есімін берді1 Қазан, 12:41
Азиаданың финалына шыққан Ажар Асхат туралы не білеміз?1 Қазан, 11:32
«Шындықты жайып саламын»: Роналду ұлттық құрамадан кетті ме?